Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тілін білмейтін қазақтармен танысып таңғалдым": Мәскеуден Алматыға көшкен ресейліктің әңгімесі

32 жастағы ресейлік менеджер ассистенті Марк Мәскеуден Алматыға наурыз айының ортасында келген. Қазіргі уақытта ол тұрғылықты жерін анықтау үшін қалаларды аралауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Медиазонаға" сілтеме жасап хабарлайды.

"Өзім Йошкар-Олада дүниеге келдім. Ресей астанасына 2008 жылы көштім. Өкінішке қарай, Отанымда енді жұмыс істеудің мәні жоқ. Өзім музыкантпын. Ал мұнда енді өнер көрсете алмаймын. Сондықтан орыс тілді қала іздеп жүрмін. Ең дұрыс шешім –  Астана немесе Алматы, бірақ таныстарымның айтуынша, елордада істейтін ештеңе жоқ", – дейді ол. 

Қазақстанға көшуіне Марктың азаматтық ұстанымы да себеп болған. Ол Украинадағы қақтығысқа қарсы. Мәскеуде антиәскери митингіге қатысқаны үшін оған айыппұл да салынған. Одан бөлек, оның Харьковта (Украина) достары көп көрінеді.

"Жұмыста маған қалуды ұсынды, бірақ мен ешнәрсе болмағандай Ресейде тұрып, салық төлей алмаймын. Кейін ол ақша зымырандаға бөлініп, менің достарыма қарсы бағытталады. Соғыс деген сұмдық. Қолымнан келсе, Харьковқа барып, қаланы қалыпқа келтіруге көмектессем деймін", – дейді Марк. 

Марктың көшу туралы ойын жақындарынан тек анасы қолдаған. Алайда анасының өзі қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін деген қорқынышпен Қазақстанға келуге асықпайды. Марктың өзі де бұған қатысты алаңдағанын айтады. Алайда таныстары Қазақстанда саяси режим ауысып жатқандықтан, қорқуға еш негіз жоқ екенін ескерткен.



Айтуынша, елімізде бірінші әсер қалдырған – таулар көрінісі.

"Бұл деген өте әдемі. Ел ішін көп араласам да, туған жерімде мұндайды ешқашан көрмедім. Қайда қарасаң да, сондай әдемі табиғат", – дейді Марк. 

Оның пікірінше, Алматы Ресейдің ірі қалаларына ұқсайды. Сондықтан үйренісу қиын болмаған. 

"Алматыны Қазанға ұқсаттым. Ол жақта бір кездері өмір сүргенмін, дәл осындай өзінше бір түрік әлемі. Мұнда кеңестік дәуірден қалған әдемі ғимараттар көп. Жаңадан салынғандары да бар. Бірақ ауқымдылығы Мәскеудікіндей, тіпті Қазандікіндей емес", – дейді Марк. 

Марктың көңіліне жаққан тағы бір жайт тілдік шектеудің жоқтығы. Көшу үшін басты талаптың бірі осы болған. Себебі Марк өзінің өнердегі қызметін жалғастырғысы келеді, ал ол үшін тыңдарманның орыс тілді болғаны маңызды. 

"Жергілікті халықтың бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетіні мен үшін қызық болды. Тіпті, мен қазақ тілін білмейтін және өмір бойы тек орыс тілінде сөйлейтін қазақ азаматымен таныстым. Бұл көңілімді тыныштандырды, бірақ жалпы тіл үйреніп алу ойымда бар", – дейді Марк. 

Марк Қазақстанда 2-3 жылға тұрақтамақ. Ол достары мен таныстарына да Қазақстанға көшуге кеңес береді. Алдағы уақытта ол еліміздің әсем жерлерін араламақ.

Назгүл Әбушәріпқызы
Бейсенбі, 07 Сәуір, 2022 16:07
Талқылау