"Босанғаннан кейін үш мезгіл ас-тамағыңды беріп, балаға қарауды үйретеді": Кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы өзге елдегі тыныс-тіршілігін айтып берді
Корей жігітіне тұрмысқа шыққан 26 жастағы Жансая Маратқызы Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. 1 жасында ата-анасымен бірге Астана қаласына көшіп келген. Ол елордадағы 8-мектепте білім алып, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде туризм мамандығын оқыған. Жансая мектеп кезінен дорама көріп, k-pop жанрына қызығып кәріс тілін үйренген. Ару Stan.kz тілшісіне шығыс Азияда орналасқан Оңтүстік Корея еліне қалай барып, өмірлік серігін жолықтарғанын және өзге мемлекеттің салт-дәстүрі мен ұстанымы туралы айтып берді.
Фото: aphrodite.korea Instagram парақшасынан алынды
Қазақ жігіттері жасай алмайтын қамқорлығын көрсетті
Студент кезінде кәріс тілі курсынан өткен Жансая Қазақстандағы оқуын Кореядағы Чхонджу университетінде жалғастырған. Оның айтуынша, кетер кезде кәріс тілінің үшінші деңгейін меңгеріп үлгерген.
"Мектеп оқып жүргенде Кореяға қатты қызықтым. Университетте білім алып жүріп, оқуымды Кореяда жалғастырамын деп сонда кетіп қалдым. Басында ата-анам қарсы болды, бірақ мен айтқанымнан қайтпадым. 2019 жылы 28 сәуір күні Инчхон әуежайына түстім. Сол сәттен Кореядағы өмірім басталды. Кәріс тілі курсына қатысып жүрдім. Үш гыпты (деңгей) бітіріп болған кезде жігітімді кезіктірдім. Бастапқыда оған жігіт ретінде қарамадым. Себебі маған жасы кішкентай болып көрінді. Кейіннен жасын білгенде қатты таң қалдым. Менен төрт жас (1993 жылғы) үлкен екен", - деді қыз.
Фото: aphrodite.korea Instagram парақшасынан алынды
Жансаяның айтуынша, корей жігіті оған қазақ жігіттері жасай алмайтын қамқорлықты көрсеткен.
"Жолдасым маған қазақ жігіттері жасай алмайтын қамқорлығын көрсетті десем болады. Сосын кездесе бастадық. Бір күні екеуіміз үйленеміз деп шешім қабылдадық. Жақындарым, құрбыларым қарсы болды. Ата-анам менімен 1 ай сөйлеспей қойды. Екеуіміз айырылысып, қайта тіл табысып жүргенде ата-енем мен қайын ағам кездесуге шақырды. Өйткені күйеуім ата-енеме өзім үшін өмір сүремін, ақша табамын, саяхаттаймын, ешқашан үйленбеймін деген екен. Алайда бір күні келіп “мен үйленемін, қызға ғашықпын, бірақ ол шетелдің адамы” дегеніне отбасындағылар таңданған. Ақырында үйленеміз деп шешім қабылдадық. Күйеуімнің есімі Им Джэ Хун. 2019 жылы отбасын құрдық. 2020 жылдың қазан айында тұңғышымды дүниеге әкелдім", - деді Жансая.
Өзімді кинода өмір сүріп жүргендей сезінемін
Жансаяның айтуынша, адамдар Кореяға алғаш келгенде елді мінсіз деп ойлайды. Алайда ол күнделікті күйбең тірлікке ілесіп кеткенде Кореяның кемшіл тұстарын байқайтынын жасырмады.
"Бастапқыда менде де солай болды. Корея мінсіз болып көрінді. Адамдары әдемі, өздеріне жақсы күтім жасайды, сәнмен киінеді. Қазақстанмен салыстырып қарасаңыз Кореяда өмір сүру өте ыңғайлы. Барлық жағдай жасалған. Бірақ нағыз қайнаған тұрмыс-тіршіліктің ортасына түскен кезде көзің ашыла бастайды. Мұнда да өмір сүру оңай емес. Бастысы қалай келгеніңе байланысты. Студент болып келу, жұмыс істеуге келу және қыдырып келу мүлде басқа. Мысалы мен кәріс тілінде емін-еркін сөйлей алғандықтан адамдармен тез араласып кеттім. Егер сіз тіл білмесеңіз және жұмыс істеуге келген болсаңыз жағдай мүлде бөлек", - дейді ол.
Сондай-ақ ол жақында Қазақстанға келіп кеткенін, әуежайға түскеннен бастап адамдардан ауыр атмосфераны сезінгенін айтты. Оның сөзінше Кореяның адамдары күліп қалған, негізсіз бір-бірінің көңіл күйін түсірмейтін көрінеді. Ал жігіттері тап дорамаларындағыдай романтик екен.
"Кәріс пен қазақ жігіттерін салыстырғанда корей жігіттері өте романтик. Кездесу ұйымдастырғанда, қамқорлық жасап, сыйлық ұсынған кезде бәрі өзің құрап алған дорама сияқты болады. Күйеуім көрсететін 24/7 қамқорлықты ешқандай азаматтан көрген емеспін. Ауырып қалсаң дәрі-дәрмегіңді жеткізіп, тамағыңа дейін дайындап береді. Сол кездері өзімді кинода өмір сүріп жүргендей сезінемін. Мұндағы өмірім кішігірім дорама болды. Ата-ана қарсылығынан өттік. Қазір ғой жеңіл айтып отырғаным, бірақ мұның бәрі уақытында кәдімгі драма, трагедия болды", - деп күле еске алды Жансая.
Жолдасым біздің дінге ауыс немесе жексенбі сайын шіркеуге бар деген емес
Жансаяны ата-енесі үйдің "кіші баласы" деп атайды екен. Қыздың айтуынша, қазақтың менталитетімен салыстырғанда Кореяда келінге қоятын қатаң талаптар мүлде жоқ екен. Алайда онда да келін үйдің қызметін жасайтын көрінеді.
"Мұнда үлкен келін, кіші келіннің өз орыны болады. Мерекелерде келіндік қызметімізді жасаймыз. Бірақ келінге мүлде қаталдық жоқ. Енем 63 жаста, атам 65 жаста. Бастапқы 1 жыл ата-енеммен тұрдық. Енем балаға қарауды үйретті. Баламыз бір жасқа келген соң бөлек шықтық. Ата-енем батасын беріп, шығарып салды. Бұл жақта да ері үй алса, әйелі жиһаздармен пәтер ішін өзі толтырады деген заң бар. Алайда менен ештеңе талап етпеді. Керісінше бүкіл заттарымды енем өзі дайындап берді", - деді Жансая.
Оның айтуынша, интернационалды отбасыларда бастысы тілді білу, сөйлесе алу маңызды. Сондай-ақ Жансая жолдасы екеуінің әу бастан дін тақырыбын қозғамағанын әлі күнге дейін бұл тақырыпта сөйлеспейтінін жеткізді.
"Дінім ислам, мұсылманмын. Анда-санда иіс шығарып, құран бағыштаймын. Мұнда тамаққа доңыз еті қосылса ол асты мүлде жемеймін. Күйеуім бұл тақырыпта маған жақ ашқан емес. Ол маған біздің дінге ауыс немесе әр жексенбі сайын енеңмен шіркеуге бар деп айтқан емес. Мен де оған ислам дінін қабылда, әйтпесе некеміз бұзылады деген емеспін. Бізде бастысы сыйластық, махаббат, түсіністік", - деді ол отбасының басты құндылықтары туралы.
Фото: aphrodite.korea Instagram парақшасынан алынды
Сонымен қатар жолдасының кішігірім қиындықтарға тап болса өз дініңде дұға жасап, Алладан жолымызды ашуын сұрашы деп айтатынын жеткізді.
"Бір рет көлігіміз мотоциклмен кішкене соқтығысып қалған еді. Өз дініңде дұға етіп, Алладан жолымызды ашуын сұрашы деп айтты. Сосын осы жылы Қазақстанға барғанда мешітке барғысы келетінін жеткізді. Оның өзі маған жылулық сыйлады. Елге барғанда мешітке кіріп, өзіңді жақсы сезінетін орын екен деді. Күйеуіме болашақта осында келіп, мұсылманша некемізді қияйық деп айтқанмын. Ол уақытында көреміз деп қысқа қайырды. Себебі оған да басқа дінге өте салу оңай емес. Дегенмен оны уақыттың еншісіне қалдырдық", - деді Жансая.
Қазақстанда өзіңе қырық күн күтім жасасаң, Кореяда жүз күн
Жансая Маратқызы ауруханада тұңғышын дүниеге әкеліп, енді ғана аяқ-қолын бауырына алып жатқан анаға жақсы күтім жасалатынын айтты.
"Жүкті кезде күйзеліс болмады. Ата-енем туған балаларындай қарады. Instagram блог жүргізгенде Кореяның жақсы және жаман тұстарын айтамын. Бір жазбамда Кореяда перзентханадағы күтімнің жақсы екенін айтқан едім, Қазақстандағы әйелдер қызығып, таңданыстарын жеткізді. Мұнда дәрігерлер бәрін жан-жақты түсіндіріп, әр бес минут сайын келіп жағдайыңды сұрап тұрады. Мен кесарь тілігі арқылы босандым. Жолдасым мені VIP палатаға жатқызды. Мұнда жаңа босанған аналар өз өзіне келгенше балаға өздері қарап, күтім жасайды", - деді ол.
Фото: aphrodite.korea Instagram парақшасынан алынды
Оның айтуынша, аналар босанғаннан кейін арнайы күтім орталығына барып 15 күндей жатады. Онда үш мезгіл ас-тамағын беріп, балаға қарауды үйрететін арнайы сабақ өтеді екен.
"Кореяда жаңа босанған аналар 12, 21 күндей немесе 1 айдай босанғаннан кейінгі күтім орталығында жатады. Ол жерге 12 күнге миллион бес жүз мыңдай ақы төлейді. Арнайы бөлме дайындап, үш мезгіл тамағыңды беріп, ішке, арқаға массаж жасайды. Балаға қарауды үйрететін арнайы сабақ өтеді. Кореяда Қазақстандағыдай баланы перзентханадан салтанатты түрде шығарып алу деген жоқ. Үйге келесің, ешкім сені мазаламайды. Негізі солай дұрыс екен. Қазақстанда 40 күн өзіңе күтім жасасаң, Кореяда жүз күн. Баланың да 100 күндігін тойлайды. Бұл жақта айды емес, күнді санайды", - деді Жансая.
Қазақстанды, ата-анасы мен туыстарын сағынған Жансая елге міндетті түрде келіп тұруға уәде етті.