Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ халқы кезінде қалыңмалға 26 сиыр, 105 қой, 6 жылқы беретін болған

Батыс Қазақстан облысында бір топ белсенді азамат бірнеше жыл бұрын жергілікті араб жазулы құлпытастарды зерттей бастаған болатын.

Salt

Бұл бастама кейін Алматыдағы Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан қолдау тауы­п, «Қазақ халқының мәдени ес­керткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан об­лы­сының эпиграфикалық ес­керткіштері негізінде)» атты үш­жылдық жобаға айналды, деп жазады Егемен Қазақстан.

Міне, 2015-2017 жылдар аралығына жоспарланған осы жоба аясында өңірдің бірнеше мың көне ескерткіші суретке түсіріліп, оқы­лып, көптеген тарихи тұл­ғаларға қатысты тың деректер анықталды. Мысалы, Кіші жүз хандары Есім Нұралыұлы мен Жантөре Айшуақұлының, Дәуқара, Тайлақ, Науша батырлардың, басқа да көптеген тарихи тұлғалардың жатқан жері, өмір сүрген жылдары нақ­ты белгілі болды. Батыс Қазақ­стан облысы аумағындағы араб жазулы көне құлпытастар халық­аралық ұйымдардың да на­зарына шалынып, 2017 жыл­дың наурыз айында Ислам әріп­тестiк ұйымы жанындағы Ис­ламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орта­лығы (IRCICA) тың ұсыныс біл­дірді. Осылайша, БҚО-ның Ақ­жайық ауданы аумағында жатқан Мәулімберді діни-ағарту орталығы, Кіші жүздің билеушісі болған Жантөре хан Айшуақұлы жерленген «Хан зираты» (Теректі ауданы) және Бөкей ордасының соңғы би­леушісі Жәңгір хан Бөкейұлы жерленген «Хан зираты» кешені бойынша 3 кітап шығару жос­парланды.

“Біздің осы ізденістерімізді толықтыратын тағы бір тың ба­ғытты қолға алдық”, – дейді жо­баның Батыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Жантас Сафуллин. – Яғни, Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы Ұлттық архивте ХІХ ғасырдағы қазақ даласында болған мешіттердің Тіркеу кітаптары сақталғанын анықтап отырмыз. Алматылық Ескендір Төремұратов деген азаматтың көмегімен біздің қолымызға 1865 жылғы бірнеше метірке-журналдың көшірмесі түсті. Араб жазуындағы бұл құ­жат­тарды ғалым Сайпулла Мол­лақанағатұлы оқып, аударуда.

Мешіт имамы жүргізген тіркеу кітаптары 4 бөліктен тұрады екен. Мысалы, метіркеде дүниеге келген нәрестенің аты, жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы, туған жері және осы мәліметтерді тіркеген имам­ның аты-жөні жазылған. Сол сияқты, дүниеден өткен адам­ның уақыты, өлім себебі, жерленген жері, жаназасын оқы­ған имамның аты-жөні ту­ралы деректер енгізілген. Неке қию туралы бөлімінде не­келесушілердің аты-жөні, жасы, руы, қос тараптан куә болған туыстарының аты-жөндері, руы, берілген қалың малдың мөлшері, ру таңбалары, неке қиған имамның аты-жөні тір­келген. Сондай-ақ талақ (ажырасу) оқиғасы тіркелген бөлімде ажырасушылардың аты-жөні, руы, талақ ету себептері, куәлар­дың аты-жөні, руы, тіркеген мол­даның аты-жөні, ру таңбасы көрсетілген. – Бұл жазбалардан біз тіркеу кітабының қазіргі замандағы АХАЖ (ЗАГС), сот, нотариус, халыққа қызмет көрсету орта­лығының (ЦОН) қызметін бір өзі атқарғанын көреміз. Тіркеу кітабы сол кезеңдегі қазақтардың арасындағы туыстық және мү­ліктік қарым-қатынастарды реттеп отырған. Яғни осы кезге дейін әр жерде айтылып жүрген «қазақтар надан болған, жазу-сызуы болмаған» деген пікірді теріске шығарып отыр, – дейді Жантас Сафуллин.

БҚО тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыздықовтың пікірінше, метірке кітабындағы жазбалар сол өңірдегі халықтың саны мен әлеуметтік жағдайын, же­рі­міздің байырғы атауларын білуге мүмкіндік береді. – Тарихи демография та­қы­рыбында жазған ғылыми еңбегімізде көбінесе Ресей империясында жүргізілген санақ нәтижелерін пайдаланып, соған сүйенетін едік. Мешіттердің тіркеу кітаптары бұл тарап­тағы ғылыми зерттеу ісін толық­ты­ратын, тың мәліметтер қоса­тын жаңалық екендігінде сөз жоқ. Ресей және Қазақстан архив­теріндегі барлық мәліметті жинап, кешенді зерттесе, өткен ғасырлардағы қазақ қоғамының толық суреті шығатыны анық, – дейді Мұрат Наурызғалиұлы.

Метіркелік кітаптар – өлке тарихында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырып. Тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, метіркелік кітаптар нақты мәлімет береді. Уфа қа­ласындағы архивте кезінде құрамына қазақ даласы да кірген Орынбор муфтиятына қатысты 71 мың құжат сақтаулы көрінеді. Бұл құжаттардың қазақ сахарасындағы дін мәселесін зерт­теуде, рулық-тайпалық ше­жі­рені анықтауда, өлке тари­хын түгендеуде маңызы зор болмақ.  Метіркелерді оқып, қазіргі жазуға аударып жатқан ғалым Сайпулла Моллақанағатұлы қызықты деректерді ортаға салды: Мәселен, 1865 жылы Іш­кі ордадағы І Теңіз округінде қыздың қалыңмалы үшін күйеу жігіт жағы 16 сиыр, 60 қой, 3 жылқыны бірден беріп, 10 сиыр, 45 қой, 3 жылқыны кейін әкелуге уәде ететін болған екен.  Әрине, метіркелерді зерттеу жұмысы жаңадан қолға алынып жатыр. Зерттеу жұмысы ба­рысында кейбір танымал тарихи тұлғалардың туған кезі­нен бастап өмірден өткенде қойылатын құлпытасына дейінгі аралықты анықтап, ғылыми айналымға қосу мүмкіндігі туды. Өлке тарихының жанашырлары болашаққа жоспарланған жұ­мыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін арнайы ғылыми-зерттеу ор­­талығын құру қажеттігін айтады.

Қазбек Құттымұратұлы

Тағы да оқыңыз:

Еліміздің әр аймағындағы “Қалың мал” бағасы анықталды

Тарихы мен дәстүрі: «Бастаңғы» бассыздыққа жол бастар ғұрып па?

Тарихы мен дәстүрі: Қазақ халқы қызды қалай тәрбиелеген?

Талқылау