Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихы мен дәстүрі: «Бастаңғы» бассыздыққа жол бастар ғұрып па?

Қазақта «шешесі қыдырмашының қызы бастаңғышыл болады» дейтін сөз бар. Үй адамдары сапарға шыққанда қыздың қыз-жігіттерді шақырып көңіл көтерер ойын-сауық өткізгенін бастаңғы деп білеміз. Оны бүгінгінің сауық кештерімен салыстыруға келмейді. «Асыл мұра» бағдарламасы қазақ дәстүрлерінің бірі бастаңғыға кезекті санын арнап, дәстүр төңірегінде сөз өрбітті.

OqEEujNDi0c

Үй үлкендері жолаушылап кеткенде қызы анасының рұқсатымен бастаңғы жасаған. Ол – жастардың бас қосып, көңіл көтеріп, ойын-сауық құратын кеші.

«Бастаңғы дегеніміз – үлкен кісілер алыс жолға жолаушылап, сапарлап кеткенде жастардың басын қосатын көңіл ашу ойын ортасы. Ол көбінесе қызы бар үйде болады екен. Бастаңғы жасайтын кезде шешесі бастаңғыға келетін жастарға арнап ас-тамақтарын қалдырады. Болмаса мал қалдырып кетеді. Бастаңғыда ауыл жастары жиналып, жігіттер қой сойып, қыздар дастархан жайып, ас-тамақ жасаған. Кеште әндетіп-сәндетіп, қисса-дастан айтып, жұмбақ жасырып, неше түрлі ойындарды араластырып, әзіл-қалжыңмен, күлкімен бас қосу қимылын өткізеді», – дейді мәдениеттанушы Ырғынбек Меденұлы.

Бастаңғы қыздар бойжете бастаған кезде өткізілген. Оның өзіндік тәрбиелік мән-маңызы бар. Бүгінде бұл дәстүр көрініс таппағанымен, өткен ғасырларда жиі орын алған.

«Бұрынғы заманда бастаңғыны көп өткізген. Мысалы, үйдің адамдары, үлкен кісілері қыдырып кеткен уақытта жастар той жасаған. Сол тойда ақсүйек, алтыбақан ойналатын. Жас күнімізде біз де ойнадық. Одан кейін бастаңғы ұмыт қалып кетті», – деп еске алады ауыл тұрғыны, зейнеткер Мәриям Ақбергенқызы.

Жастар жиылып, бастаңғыда бас қосқан кезде ойын ойнап, әзіл айтып, өнер жарыстырып, көңіл көтерген. Дәстүр атауы «бас» және «таңғы» сөздерінен құралған. Ертеректе қазақтар алыс сапарға аттанғанда басына мата таңатын болған. Осы орайда орын алатын бастаңғы – жастардың көңілді кеші, ғашықтардың бір-бірімен сыр шертісіп, қыз-жігіттің танысуы ғана емес, жолаушылап кеткен үлкендердің тілеуін тілеп, ізгі ниетте болу.

«Бастаңғы ойынында қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты ойындар ойналып, әзіл-қалжыңдар айтылып, қисса-дастандар, түрлі жырлар оқылған. Махаббатқа қатысты лирикалық әндер айтылған. Қыз-жігіттер бір-біріне сезімін білдіреді. Бір-біріне сырын, сезімін білдіру үшін алтыбақан, ақсүйек сияқты сыртта ойналатын ойындар ойнаған», – дейді мәдениеттанушы.

4DDpddxkTg4

Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған салт-дәстүрлердің барлығының жөн-жосығы, тәрбиелік, эстетикалық мәні бар. Бұл орайда бастаңғы да қалыс қалмақ емес. Аталған жастардың бас қосуы екі бірдей үлкен мән-мағынаға ие. Біріншіден, анасы қызының құрбы-құрдастарымен араласып, тіл табысуына жағдай жасап, томаға-тұйық, сылбырлықтан аулақ етуге тырысқан. Өзгемен қатар өзін құрметтеуге үйретуді ниет еткен. Екіншіден, қыз баласы болашақ жар, отанасы болғандықтан, ас-ауқат дайындап, қонақ күтуге үйретуді көздеген. Осы себепті аялаған қызы бойжете бастаған шақта анасы бастаңғы жасауға рұқсат берген. Бастаңғыда жастар тұрмыстық шаруаларға араласып, ересек өмірдің дәмін татып, келешекте жігіттері отағасы, қыздары отанасы болуға дайындалады.

«Бастаңғы жасағанда жастарды томаға-тұйықтықтан аулақ болуға, адамдарды жігерлі, өткір, өжет болуға баулиды. Сонымен қатар қыздар болашақ келін, ана болуға дайындалып, ас дайындап, қонақ қүтуге, қазақтың қонағуарлығын көрсетуге машықтанады», – дейді Ырғынбек Меденұлы.

Жастар бас қосып өткізетін бастаңғыда түрлі ойындар ойналған. Әдетте олар кеш түскенде басталады. Осындай сәтте жастар ынтыға ойнайтын ойындардың бірі – алтыбақан. Алтыбақан тебушілер бір-біріне кезек беріп, қайым өлеңмен жүректерінде бұғып жатқан сезімдерін білдіріп, көңіл перенсін шертіскен. Мұнда жұмбақтар жасырылып, жаңылташтар да айтылады.

«Алтыбақан ойыны айлы түнде ойналады. Ол жерде жастар жиналып, алтыбақанның екі басына жүрегі жақын болған қыз-жігіттен жұптасып тұрады. Олар өзара сырласады. Алтыбақан тербелген кезде сан түрлі жақсы сезімдерін білдірген. Ой тебіренісімен бірге сезімдерін аңдата алады. Қыз-жігіттер әндетіп, думанды кеш құрады», – дейді мәдениеттанушы.

glx9VbfOLsE

Сонымен қатар жастар ақсүйек ойынын ойнаған. Дәстүрлі бұл ойын да айлы түнде өтеді. Ойындағы негізгі құрал – қой не ешкінің тоқпақ жілігі. Ал сүйекті лақтырушы «қары ұзын» деп аталады.

«Жүргізуші сүйекті алысқа лақтырады. Сүйек жерге түскеннен кейін жастар сүйекті іздеуге кіріседі. Іздеу барысында жастар бір-біріне орай болады. Ақсүйекті іздеп таппай, әрі-бері іздеп жүргенде бір-біріне сезімін білдіре алған. Кімнің тобы ақсүйекті көп лақтырса, сол жеңіске жетеді. Жеңілгендер ән салып, қүй тартып, бойындағы бар өнерін көрсетеді», – деп түсіндіреді мәдениеттанушы Ырғынбек Меденұлы.

Аңдағанымыздай бабаларымыздың дәстүрлі сауығы бастаңғыда бассыздық, бейәдеп әрекет орын алмаған. Бастаңғы жасырын, құпия түрде емес, қыз анасының рұқсатымен жасалған. «Қызға қырық үйден тыйым, мың сан үйден сын» деген халқымыз ұл-қыздың тәрбиесіне зор мән беріп, қыздың ар-абыройын ауыл-аймақ болып қорғаған.

«Ақсүйек ойнау – жастардың ежелгі дәстүрі. Ол ерте замандағы бәдік ойын емес. Бір-бірімен кездесіп, ойнап, әзіл айтысқан. Ақсүйекті мәдениетсіз ойын деуге болмайды. Қыздардың қасында жеңгелері бақылап жүрген. Ол кезде қыз жігіттен, жігіт қыздан ұялады. Сондай тәртіпті заман болған», – деп басып айтады ауыл тұрғыны, зейнеткер Дүрия Арысқызы.

Тектілік тәлімін сіңіріп өскен бабаларымыз бастаңғыда да, дәстүрлі ойындарда да бассыздыққа жол бермеген. Қыздың абыройын қорғау міндеті жеңгелеріне бұйырған. Олар айт пен тойда қыздардың жанында ілесіп жүріп, жалғыз жібермеген. Дана бабаларымыз қыздарының ар-ұятты жоғары қоятын, қылықты, инабатты, ибалы болғанын қалаған. Қыздың қыста жауған ұлпа қардай таза, пәк көңіліне жігіттер де қаяу түсірмей, қорғаштап жүруді, намысын қорғауды міндет деп білген. «Жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ халқының әр дәстүрі тәлім-тәрбие, тазалық пен тектілікке тұнып тұр.

Талқылау