Қайтыс болған палуан Олимпиада медалінен айырылатын болды
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ресейлік Бесик Кудухов жеңіп алған күміс медаль оның сол кездегі қарсыласы еркін стильдегі үнділік палуан Йогешвар Дуттқа тапсырылмақ. Оған ресейлік спортшының қан сынамасынан табылған допинг себеп болып отыр,- деп жазады Baq.kz The Indian Express басылымына сілтеме жасап.
Басылымның таратқан ақпаратына сәйкес, спортшының қанынан нақты қандай тыйым салынған препарат табылғаны айтылмай отыр. Лондондағы Олимпиада ойындарында Кудухов пен Дутт 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Кудухов 2013 жылы 29 желтоқсанда Армавир түбіндегі федералдық тасжолда көлік апатынан қаза болды. Владикавказдан келе жатқан Олимпиада жүлдегерінің темір тұлпары алып жүк көлігімен соқтығысты. Спортшы бар-жоғы 27 жаста болатын.
Палуанның еншісінде 2012 жылғы Олимпиада ойындарындағы күміс медальден бөлек, 2008 жылы Бейжіңде өткен Ойындардың қола медалі және жоғары дәрежелі әлем чемпионаттарында жеңген өзге де марапаттары бар.
Талқылау