"30 мың теңгеден басталады": "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынына билет сатылатын күн белгілі болды
Фото: “Қайрат” футбол клубы
"Қайрат" футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы ойындарға билеттерді сату тәртібі мен мерзімдерін жариялайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының билеттері 23 қыркүйек күні сағат 17:00-де (Алматы уақытымен) клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасы арқылы сатылымға шығады.
Бір жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) екі билеттен артық рәсімделмейді. ЖСН деректері сатып алу кезінде де, стадионға кірер кезде де қатаң тексеріледі.
Билеттердің бағасы УЕФА-мен келісіліп, барлық өз алаңындағы ойындарға бірыңғай болып бекітілді:
• 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін.
Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын өткізудің халықаралық тәжірибесіне толық сәйкес келеді.
Абонемент иелері өз орындарын алдын ала жеңілдетілген бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Ticketon қызметкерлері оларға алдын ала хабарласып, сатылым басталғанға дейін орындарды рәсімдеу тәртібі туралы толық ақпарат береді. Бұл клубтың "Қайраттың" ең адал жанкүйерлеріне көрсететін ерекше құрметінің белгісі.
Дәстүрге сай билеттердің белгілі бір бөлігі әлеуметтік және клубтық квоталар бойынша бөлінеді. Олар "Қайрат" академиясының және оның филиалдарының жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің өкілдеріне, сондай-ақ клубтың қазіргі қызметкерлері мен құрметті ардагерлеріне берілмек. Бұдан бөлек, қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында клуб демеушілеріне де арнайы квота қарастырылған.
"Сондай-ақ билеттердің алдын ала сатылымы жөнінде жалған ақпарат тарап жатқанын ескертеміз. Билеттерді тек ресми арналар арқылы – клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатып алуды сұраймыз. Тек осы арналар билеттің түпнұсқалығын және стадионға кіру құқығын қамтамасыз етеді", – делінген клубтың хабарламасында.
Ақтөбелік кондитер "Қайрат" футбол командасына торт жасап, жерлестерінің сынына ұшырады
Депутат "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчын Астанада өткізуді ұсынды
Еске салайық, бұған дейін "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынының билеттері 20 қыркүйекте сатылымға шығатынын жаздық. Бұдан бөлек "Қайрат" футбол клубы әлеуметтік желілерде тарап жатқан "Реал Мадридпен" өтетін матч билеттеріне қатысты хабарландырулардың жалған екенін мәлімдеді. Клуб билеттерге қатысты ресми дереккөздер тек ресми сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар екенін ескертті. Әзірге сатылым күні мен баға бекітілген жоқ. Жанкүйерлерді бейресми арналарға сенбеуге шақырды. Бұған дейін желіде 30 қыркүйектегі "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынына билеттер 236 мың теңгеден бастап сатылып жатқаны туралы ақпарат тараған еді.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
