Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші кезеңіндегі қарсыласын білді

Екінші кезеңде қарсылас белгіліФото: instagram.com/f.c.kairat

Алматылық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС клубымен кездесетін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Финляндиялық команда алғашқы айналымда Молдова өкілі — "Милсами" клубын екі матч қорытындысы бойынша 1:0 есебімен жарыс жолынан шығарды. Бірінші ойында КуПС өз алаңында жеңіске жетсе, қарымта матчта есеп ашылған жоқ — 0:0.

"Қайрат" пен КуПС арасындағы ойындар 22/23 және 29/30 шілде күндері өтеді. Матчтың нақты күні мен уақыты кейінірек белгілі болады.

Еске салайық, "Қайрат" бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның "Олимпия" клубын қос кездесуде жалпы 3:1 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алған болатын.

Егер алматылық команда финляндиялық клубты ұтса, үшінші кезеңде Копенгаген (Дания), Црвена Звезда (Сербия), Ференварош (Венгрия), Маккаби Тель-Авив (Израиль), Слован Братислава (Словакия), Карабах (Азербайжан) командаларының бірімен кездеседі.

Айта кетейік, жаңа еурокубок маусымында Қазақстаннан тағы үш команда өнер көрсетуде: "Ақтөбе" (Еуропа лигасы), "Ордабасы" және "Астана" (Конференциялар лигасы).

 

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 10:05
Талқылау