Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Әділгерей: Менің әйелімнің сұлулығында мін жоқ

Қайрат Әділгерей жары Бақыт Тұрманның сұлулығына көңілі толатынын айтты. Келбеті мен сымбаты өзіне жараса қалған деп мақтады. Алайда әйелі пластикалық отаның көмегімен дене бітіміндегі немесе бетіндегі кемістікті өзгерткісі келсе, еш қарсы емес. Ал Қанат Әлжаппаров керісінше ойлайды. 

Бұл туралы "Ниет" бағдарламасындай айтылды. 

Қазір қыз-келіншектер блефаропластика, пластикалық отаға, ботокс жасауға бейім. Жасы келген әйелдер де, тұрмысқа шықпаған қыздар да арнайы мамандарға көп жүгінеді. Себебі өз сұлулығына көңілі толмайтындар көп. Ал жігіттердің басым көпшілігі табиғи сұлулықты ұнатады. Дегенмен өзіне көңілі толмаса, ота жасатудың артықшылығы жоқ деп санайтындары да бар. 

Мәселен әзілкеш, актер Қанат Әлжаппаров әйелінің ота жасатуына қарсы. Құдай жаратқан түріне ешнәрсе жетпейді дейді. Ал Қайрат Әділгерей сұлулық үшін құрбандыққа баруға болады деген пікірде. 

"Менің отбасымда ота жасату, ерінді ісіру, көзді үлкейту немесе дене болмысына қатысты пластикалық отаға жүгіну деген тақырып қозғалмайды. Себебі мен рұқсат етпеймін. Маған жасандылық емес, табиғилық ұнайды. Әйелімді сұлулығына қарап емес, жандүниесіне қарап алғанмын. Бетіндегі сұлулығы уақыт келгенде онсыз да жоғалады. Сондықтан оны өзгертуге тырысудың керегі жоқ", - деді актер. 

Ал Қайрат Әділгерей әйелдердің, әсіресе, сахнада жүрген өнер адамдарының өз сымбатына, сұлулығына қатаң қарағаны жөн дейді. 

"Менің әйелім онсыз да сұлу адам. Оның дене бітімі немесе түрін өзгертуге келіспеймін. Ал өзінің қалауы болса, ота жасатса да, не істесе де қарсы емеспін. Әйел әдемі болу керек деп ойлаймын. Әйеліңнің қасыңда әдемі болып жүргені жаман ба?", - деді ол. 

Бағзор есімді пластикалық ота маманы өзіне әдетте 18 бен 65 жасқа дейін әйелдердің көп келетінін айтты. Соңғы он жылда жігіттердің де қарасы көбейген.

"Көпшілігі көзін үлкейтуге келеді. Қысық көзді адамдар көзіне көңілі толмай, үлкейтуді қалайды. Ол қазір көп жасалатын ота. Одан бөлек көздің айналасындағы ісікті алдырады. Мұрынды қырлайды. Әжімдерін тарттырады", - деді маман. 

Актриса Алтынай Нөгербек табиғи сұлулықты қолдайды. 

"Мен ешқашан ота жасатпағанмын. Оны құп көрмеймін. Артық бояу да жақпаймын. Табиғи сұлулықты жақсы көремін. Табиғилық барлық адамға ұнайды деп ойлаймын", - дейді актриса. 

Өнер адамы болса да, артық бояу мен отаны құп көрмейтін актрисаны қолдап, алғысын айтқан көрермендер саны көп болды. 

Талқылау