"Қауіптің ортасында жүріп, дәлізде ұйықтадық": Пандемия кезінде халықты емдеген шымкенттік дәрігерлер айлықтарын ала алмай жүр
Шымкентте медицина қызметкерлері маңдай терімен тапқан ақшаларын ала алмай жүр. Мамандар пандемияның шарықтау кезінде жеке клиникалардың бірінде жұмыс істеп, ауруларды емдеген. Содан соң жағдай қиындап, дәрігерлер тапшылығы сезіле бастағаннан кейін денсаулық сақтау басқармасы көмек сұраған. Әкімдік пен қалалық денсаулық сақтау бөлімі медициналық қызмет көрсетуге лицензияның жоқтығынан қиындық тумайтынына уәде бергенімен емхана қызметшілері жарты жылдан бері адал еңбектерінің ақысын ала алмай жүр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар алты айдан астам уақыт бойы өздерінің ковид жәрдемақыларын ала алмай келеді. Аталған медициналық орталық 73 адамды жұмыспен қамтыған. Өткен жылы орталық ковид ауруханасы ретінде қайта құрылып, үлкен өтемақылар беруге уәде еткен, алайда бұл қаражатты ешкім алмаған.
"Бізге алғашында жалақыны 800 мың теңгеге өсіреміз деп уәде берді, кейін 420 болады деді. Жалақымыздың ең көбі 90-100 мың теңге болғандықтан біз келістік. Қиын кезеңде біз қауіптің ортасында жүріп, медициналық пунктте тұрып, дәлізде ұйықтадық. Жұмыстың ақысы тез төленеді деп сөз берген, алайда тамыз айынан бері күтіп келе жатырмыз", - дейді дәрігер Ұлзада Жұманова.
Орталық өкілдері коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдауды әкімдік сұрағанын айтады. Олар өтінішке бірден жауап қатып: медициналық құрал-жабдықтар, қорғаныс костюмдері, дәрі-дәрмек сатып алып, бір айдан астам науқастарды өз қаражатына емдеген.
- "Оқу құжаттарын дүкенге келіп өткізген": Үшарал қаласында ғимаратсыз колледжде онлайн оқып келген студенттер шағымын айтуда
- "Мен де адаммын": Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасары "ақша талап еткен" видеосынан соң жұмыстан шеттетілді
- Алматыда дәрігерлер баланың көзіне дұрыс ота жасамаған: Мамандар өз әрекеттерін түсіндірді
"Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Бақытжан Позилов келіп, жұмыс істеуге болатынын айтты. Біз емханамыздың стационар болуына лизенциясы жоқ екенін айттық. Бірақ олар еш уайымға бармаңдар, жұмыс ақыларыңды төлейміз деді", - деп түсіндіреді медициналық орталықтың заңгері Ерболат Мырзақұлов.
Медициналық орталық басшыларының айтуынша, соңында лизенцияның болмауы үлкен кедергіге айналған. Соның салдарынан қызметкерлерге төлемақы төленбейді. Денсаулық сақтау мекемесі жабылып қалған. Орталық басшысы жұмыссыз жүрген мамандардың жалақысын төлей алмаған. Орталықтың қарызы 120 млн теңгеге жуықтаған. Денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайдың назарында екенін айтып, оны шешуге уәде етеді.
Ведомствоның атап өтуінше, ол уақытта қалада ковидпен ауыратын науқастарды емдеу үшін дәрігерлер мен ауруханалар жеткіліксіз болғандықтан лизенция алуға уақыт болмаған.
"Егер мен науқастарды сонда орналастырмағанымда, менде қазір басқа мәселелер болатын еді. Ең бастысы, біз ауырғандарды емдеп шықтық. Бастысы, халықты құтқарып қалдық. Келесі туындаған мәселе, әлеуметтік сұрақ. Мен оларды түсінемін. Мен бұл мәселені соңына дейін шешемін және денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде басыммен жауап беремін", – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазилов.
Мәселенің неліктен жарты жылдан астам уақыттан бері шешімін таба алмай жатқаны туралы сұраққа ешкім нақты жауап бере алмаған. Қаражатты төлеумен айналысатын медициналық сақтандыру қорының сөзінше, олар емханамен ешқандай келісім-шарт жүргізбеген. Демек, медициналық орталық қызметкерлері шындықты соттан іздеуге мәжбүр болады.