Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіпті радиация тарайды": Алматы облысында ауыл тұрғындары алтын кенішінің жұмысына наразылық білдірді

Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғындары ауыл маңындағы алтын кенішінен тарайтын радиациядан уланып қалуымыз мүмкін деп дабыл қақты. Себебі кеніште жұмыс істеп жатқан серіктестер "Шынасыл сай" кен орнынан алтын-күмісті ашық тәсілмен өндіруді көздеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Алматыдан 120 шақырым қашықта орналасқан 350 гектар аумақ түгел Шынасыл сайына кіреді. Өткен ғасырда мамандар бұл жерді зерттеп, кен орны бар екенін анықтаған. Мұнда мырыштан бастап, күміс, алтынға дейін сан түрлі бағалы металдар бар. Бірақ жерді қопару барысында адамға қауіпті радиация бар екенін анықталып, жұмыс тоқтатылған.  

2000-жылдардың басында шетелдік компания тауды тесіп, тас-талқанын шығарады. Төмен жақтағы Қастек, Сұраншы батыр ауылының халқы шулап жүріп тоқтатқызыпты. Биыл енді алтын-күмісті ашық тәсілмен өндіргісі келген тағы бір компания шыққан көрінеді.

“Вlock one company деген компания барлау жүргіземіз, одан кейін Minerals Operating деген тапсырыс берушілері екен. 500 гектар жерді жарылыс жасау арқылы, ашық әдіспен кен орнын игереміз деп. Бір тоннада бір жарым грамм алтын бар екен, 27 грамм күміс бар екен”, – дейді Қайрат Сейітмамытов.

Ауыл тұрғындарының алтынына да, күмісіне де таласы жоқ. Алаңдатып отырғаны өндірістің ашық тәсілмен жүретіні. Әрі бағалылардан бөлек, адамға қауіпті радиоактивті металлдардың болуы. Өйткені қопарылайын деп жатқан сайдан халық тұрмыс тіршілікке пайдаланатын, төрт түлігін суғаратын өзен бастауын алады.


“Тыныс алу мүмкін емес”: БҚО-дағы ауылдардың бірінде жәндік қаптады (видео)


“Суымызды лайлайды. Бұл су Қастекке құяды, Қастектен Амангелдіге, одан Аққайнарға, одан Күртіге, Күртіміз Іле өзені Балқашқа құяды. Сонда қанша адамды улайық деп тұрмыз”, – дейді Сұраншы батыр ауылының тұрғыны Ербол Мамұтов.

"Екі ауылдың халқы шулап жатыр" деген соң, ауданның да, облыстың да шенеуніктері тайлы-тұяғымен жетті. Бірақ мәселенің анық-қанығын жөнді білмейтін сыңайлы. Бірі компанияның барлауға "лицензиясы бар" десе, екіншісі "жоқ" дейді. Сөздерінің тоқ етерінде таудың түртіліп-түртілмейтінін тұрғындар шешеді деп жұбатты.

“Түбегейлі шешім халықпен кездесу өткізіліп, халықтан қолдау табатын болса болады. Қолдау табылмайтын болса, онда түбегейлі жабылады. Ең бірінші кезекте халыққа түсіндіру керек. Оның пайдасын, оның зиянын. Ол жерде тек қана пайдасын ғана түсіндіріп "болды, қаза береміз" демейді. Оның зияндарын да көрсетеді. Ауаға, табиғатқа, суға қандай зиян келтіруі мүмкін”, – дейді Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ақниет Туматайев.

Еске салсақ, Алматы облысы Нұрғиса Тілендиев ауылында сібір жарасынан өлген мал көмілген жердің айналасына 400-ден астам тұрғын үй салынған. Осыған байланысты тұрғындар наразылыққа шыққан еді.

Талқылау