Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйленгенімізге екі апта ғана болған": Үстіне кондиционер құлаған фельдшердің күйеуі кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті

Фото: Stan.kz

Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлаған сәтте бірінші болып адамдарға көмекке жүгірген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Розуанның үстіне  кондиционер құлаған. Қазір ауыр жарақат алып, реанимацияда есін жия алмай жатыр. Күйеуі Әділет Stan.kz тілшісіне әйелінің жағдайын күн сайын бақылап, тезірек сауығып кетуін тілеп отырғанын айтып берді. Жәбірленушінің күйеуі жауапты органдардан оқиғаның толық себебін анықтап, қауіпсіздік шаралары сақталмағанын тексеруді талап етеді.

"Құтқарушылар кешігіп келді, бірақ әйелімді кінәлап отыр”

Күйеуі Әділеттің айтуынша, кондиционер құлаған сәтте әйелі Ұлдана бірінші болып адамдарға көмекке жүгіріп, өзіне ауыр зақым алған. Жедел жәрдем оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінен бұрын келгені анықталды, бірақ әйелінің батылдығы үшін қазір оны кінәлап отыр.

"Оны сол жерде болған адамдар шығарып алып, бірнеше секунд бойы әлі есінде болған. Сол жерде болған жас фельдшер бір әйелді құтқарып үлгерген, бірақ Ұлдана адамдарды шығарып жатқан кезде оның үстіне кондиционер құлаған. Сол жерде екі әйел мен бір ер адам болған. Ұлдана екеуін шығарып алған, бірақ үшіншісін шығарып көрген оған құлаған", – деп күйеуі айтып берді.

Дегенмен Ұлдананың күйеуінен оқиға кезінде оның құтқарушыларды күтпей, олардың орнына әрекет еткенін және қазір ТЖД неге өзін кінәлап отырғанын сұрадық. 

"Сол кезде жедел жәрдем бригадасы келгенде оқиға орнында құтқарушылар болмады. Сондықтан медицина қызметкерлері өздері адамдарды құтқаруға кірісті. Бұған дейін төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылар жедел жәрдемнен кейін келген деген ақпаратты жоққа шығарды. Алайда бейнекамера жазбалары жедел жәрдемнің ТЖД-дан шамамен он минут бұрын келгенін көрсетеді. Бұл ақпаратты басқа бір жас фельдшер де, сол жерде болғандардың көпшілігі де де растап отыр", –деді жәбірленушінің күйеуі Әділет.

Күйеуінің сөзінше, "сол жерде полиция да, қоршаулар да, ешқандай қауіп белгісі жоқ еді. Ұлдана барған кезде ТЖД, өрт сөндірушілер немесе полиция әлі келмеген. Ол бірінші болып жүгіріп, көмекке кірісті.

"Шын мәнінде, бұл оның жұмысы. Бірінші көмек көрсетуі тиіс еді. Сол кезде оған бүкіл тараптан қысым болды. Көрген адамдардың айтуынша, әйелім бәрін қарап, жоғарыға да, жан-жаққа да көз жеткізіп, "кірпіштер тоқтады, жүгіруге болады" деп бәріне айтқан. Сол кезде кондиционер оның басына түскен. Қазір видеодеректің бәрі менің қолымда бар. Төтенше жағдайлар департаментінің қай уақытта келіп, қай уақытта кеткендері туралы мәлімет бар. Сотқа арызданбауымның да себебі бар. Қазір бұл ведомстводан олардың өз қателерін мойындап, жағдайды қолға алғанын қалаймын. Әйелім 10:37 кеткенде барса, ал олар арада 10 минут өткеннен кейін барған. Ал жедел жәрдемге шақырту келгенін қазір анықтап жатырмыз. Бірінші кезекте басқа жедел жәрдем бригадасы келсе, минут өтпей кейін әйелімнің кезекші бригадасы келеді", – дейді күйеуі Әділет.

Күйеуінің айтуынша, оқиғаның алғашқы сәтінде полиция Ұлдананы кінәлаған. Өйткені ол төтенше жағдайлар департаменті келгенше күткен жоқ деп есептеген. Бастапқыда іс 306-бап бойынша қозғалған, бірақ әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы резонансқа байланысты іс 278-бапқа, содан кейін 188-бапқа ауыстырылған.

Күйеуі әкімдік пен жауапты органдардан оқиғаның толық себебін тексеруді талап етеді. Ол алдын ала қауіпсіздік шаралары неге сақталмағанын, адамдардың қауіпке ұшырау себептерін анықтап, осындай жағдайлардың қайталанбауын қалайды.

Оқиға орнында болған куәгерлер мен оның әріптестері Ұлдананы құтқарып, екінші жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген. Сол жерде болған басқа жедел жәрдем өкілі Ұлдананың қандай күйде болғанын айтып берді.

"Оқиға орнына біз кейінірек жеттік, бірақ жағдайды бақылап тұрдым. Сол кезде аға фельдшер Ұлдана мен оның көмекшісі көмек беріп жатты. Ұлдана ішке кіріп, қирандыдағы адамдарға көмек көрсетіп, мен сыртта қалған науқастарға қарадым. Бірнеше минуттан кейін айғай естілді, артқа қарасам, Ұлдана ес-түссіз, қанға батып жатқанын шығарды. Оны өз күшімен, ешкімнің көмегінсіз зембілге жатқызып, жүргізушілермен бірге көліктің қасына алып шыққанын көрдім. Сол сәттен бастап, оның мұрнынан да, басынан да қан атқылап аға берді. Көмекшісі де жарақат алғанына қарамастан, адамдарға көмектесуді жалғастырды, тек машинаға отырғанда ғана ол да есінен танып қалды. Ұлдананы машинаның қасына жеткізгенде, МЧС қызметкерлері сыртта тұрды, ішке тек содан кейін кірді. Айналадағы адамдар оларды тез әрекет етуге шақырды, себебі әрбір секунд адамның өмірін шешетінін бәрі түсінді", – деп жазды екінши бригаданың жедел жәрдем өкілі.

Фото: Әділет Зейнелдің жеке архивінен

“Хал үстінде жатқан әйелімді өзімнің кезекшілігімде қабылдап алдым”

Төтенше жағдайлар департаменті немесе басқа ешкім оған көмек көрсете алмаған. Хал үстінде жатқан әйелі Ұлдананы реабиотолог күйеуі қабылдап алған.

"Өмірімдегі ең қорқынышты сәттердің бірі болды. Сол күні оны дереу жедел жәрдемге жатқызды, басы толық оралған, алғашқы медициналық көмек берілген. Барлық қажетті жүйелер орнатылып, катетер салынды да, №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Сол ауруханада кезекшілікте болдым. Кешенді хабарлама бойынша қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін достарым маған хабарласып, "Әділет, сенің әйеліңе ұқсас пациент келді, төмен түс" деді. Төмен түсіп, оны көргенде… шок жағдайында тұрып қалдым. Ұзақ уақыт тыныс ала алмай, жылап тұрдым. Себебі, әйелімді сол ауруханаға алғаш жеткізген кезде мен оны өзім қабылдаған едім. Бірақ енді өзімнің сүйіктім қиналып жатыр, ал мен оған көмектесуге тырысып бақтым", – деп Әділет ағынан жарылды.

Әділеттің сөзінше, әйеліне МРТ, КТ, рентген, құрсақтың УДЗ, сүйектердің толық рентгенографиясы, яғни басынан төменгі аяққа дейін барлық қажетті тексерістер жүргізілген. Ол барлық қажетті аппараттар мен әріптестердің көмегімен оны операцияға дайындағанын айтты.

"Содан кейін оны отаға апардық. Ота 12:00-де басталып, кешкі 17:00-ге дейін созылды. Әйелімде тек басына зақым келген еді: көзінің қабықтары зақымданған, мұрын толық сынған, мұрынның қалқандары зақымданған. Жабық бас миына зақым (черепно-мозговая травма) анықталды. Сағат 11:25-те оны реанимацияға көтердік. Барлық қажетті көмек көрсетілді, жүйелер орнатылды, мойынына катетер салынды. Операция жасалды. Жабық бас миына зақым анықталды, трепанация жасалып, гематома толық алынды. Пульсация қалпына келді, бірақ ешкім болжам бере алмайды. Қазір әйелім ес-түссіз, яғни комада жатыр. Команың өзі ең ауыр дәрежеде", – дейді Әділет.

“Кінәлілер жауапқа тартылуы керек”

Ұлдана Байқоңыр ауданында жедел жәрдемде 5 жылдан бері жұмыс істейді. Ол күйеуі екеуі бір "Даналық" колледжді бітіргеннен кейін өзі таңдаған мамандық бойынша дереу жұмысқа кіріскен. Ал өзі 2018 жылдан бері №1 қалалық ауруханада реабиатолог болып жұмыс істейді екен.

"Әйелім туралы дәрігерлер барлық жағдайға дайын болыңдар деді. Барлық дәрігерлер ауыр халде жатқан науқастарға осылай алдын ала ескертеді. Әйелімнің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біз бұл оқиғаның толық көлемде қоғам назарында болуын қалаймыз. Біз ешқандай қаржыны талап етпейміз. Біздің мақсатымыз – осы фасад үшін жауапты адамдардың жауап беруі, неге олар байланыспайды, неге хабарламайды, неге маған қоңырау шалмайды, неге әйелімнің жағдайын сұрамайды, неге мұндай қатыгездік көрсетеді. Мені таңқалдыруы – оларда жүрек жоқ сияқты, өз қыздары жоқ па, әлде неге қызықпайды, білмеймін. Ешкім маған қоңырау шалмады. "Әйелің қалай? Қалай жарақат алды?" деп сұрамайды. Тіпті денсауық сақтау басқармасында телефон көтермейді. Мен қоңырау шалсам, түсіндіремін, бірақ кейін олар менің қоңырауларымды қабылдамай, тіпті блоктап тастады", – дейді Әділет.

Әділет бұл оқиғаның толық көлемде жариялануын, резонанс тудыруын қалайды. Ол бұл жағдайдың еш нәтижесіз қалғанын қаламайды.  

"Сол оқиға болған тұрғын үйдегі куәгерлердің бәрі әйелімнің сөзін жақтап жатыр. Тұрғындар да әйелімнің сол жерде төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерінің күткенін растап отыр. Ол күткеннен кейін, көмек дер кезінде келмеген соң ол қолұшын созуға жүгірді" деп жатыр. Сол жердегі кірпіштің астында қалған ата-анасын құтқарыңдар деген, балалардың жан ұшыра айғайлап, жылаған дауысын естіген әйелім көмекту үшін әріптестерімен бірге барын салды.  Сол жердегілер "әйеліңіз көзіне жас алып жүгірді" деп оқиғаны айтып берді", – деді Әділет.

Әділет пен Ұлдана фельдшерФото: Әділет Зейнелдің жеке архивінен

"Үйленгенімізге екі-ақ апта болды..."

Әділеттің айтуынша, ал үстіне қасбет құлаған адамдар дін аман. Өзге де жарақат алғандардың жағдайы қазір орташа екенін айтып берді. Қазір ең ауыр халде жатқан оның әйелі Ұлдана ғана. 

"Операцияға жасалған адам ол тек менің әйелім ғана. Басқаларына жоспарлы ота жасалса, әйеліме шұғыл ота жасауға тура келді. Жанындағы әріптесі де орташа жарақат алған. Алайда ол әйеліме көмек беремін деп жүгіріп барғанда, оның үстіне фасад құлаған. Жедел жәрдем көлігінің ішіне кірген кезде ол  есінен танып қалған. Ол кісі қазір өзі сөйлейді, тұрып жүр, палатада жатыр”, – дейді Әділет.

Әділеттің айтуынша, олардың үйленгеніне небәрі екі апта ғана болған. Ол қазіргі сәтте өзін ұстап, әйелінің сауығып кететініне сенім білдіреді.

"Қазір бәрі маған қарап отыр. Менің ата-анам да, әйелімнің ата-анасы да – бәрі. Өзін мықты ұстауға тырысамын. Әйелімнің тезірек сауығып кететініне сенемін. Ол өте қайсар, айтқанынан қайтпайтын қыз еді. Биыл Астана медициналық университетінің стоматология мамандығына оқуға түскен, сол арманын жалғастырады деп үміттенемін. Әйелім өмірге әрқашан позитивпен қарайтын, айналасындағы адамдардың бәрінің көңілін табуға тырысатын. Үйімізге келгелі жарық, жылы атмосфера орнады. Біз бәрін бірге жоспарлап, бірге істеп жүрген едік. Арманымыз көп. Алла Тағаладан барлығының сәтімен болуын тілеймін", – деді көзіне жас алып Әділет.

Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, әлеуметтік желіде тараған “құтқарушылар оқиға орнына келмеді” деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ведомствоның хабарлауынша, 8 қараша күні “112” қызметіне Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылы 24Б мекенжайындағы тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер орнатылған бөлігінің құлағаны туралы хабарлама түскен.

"Хабар түскеннен кейін құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, қирандылар астында қалған адамдарды шығарып, демонтаж және апатты-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, фасадтың қалған бөлігі құлау қаупінен арылтылды", – деп хабарлады ТЖД.

Полиция департаменті де бұл жайтқа қатысты түсініктеме беріп, Қылмыстық кодекстің 278-бабы (“Сапасыз құрылыс”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

"Оқиға салдарынан дене жарақатын алған азаматтарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір барлық мән-жай анықталып жатыр", – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 15:44
Талқылау