"Мұндай адамдарды мазақ етуге жол жоқ": Үшем босанған соң қазақстандық әйелдің құлағы естімей қалған
Фото: Ботагөз Сүйіндікованың желідегі парақшасынан
Астаналық Ботагөз Сүйіндікова босанған соң есту қабілетінен мүлдем айырылды. Бір құлағы бала кезінен естімейді, екінші құлағы егіздер үш айлық болғанда естімей қалды. Карантин кезінде дәрігерге қарала алмай, біраз уақыт саңырау жүрді. Әйел Stan.kz тілшісіне есту қабілетінен айырылған сәтте қандай күйде болғанын және қазір бұл жағдайды қалай еңсеріп жүргенін айтып берді.
Бұған дейін Алматыда құлағы нашар еститін таксистті мазақ еткен блогер Нұрила Аманбаева полицияға жеткізілген еді. Видеосы желіде үлкен резонанс тудырып, көп қолданушының ашуын туғызды. Блогер өз әрекеті үшін кешірім сұрап, видеоны өшірді. Такси жүргізушісінің отбасы жеке басын құпияда ұстап, мәселе бейбіт жолмен шешілді. Дегенмен Ботагөз Сүйіндікова бұл жағдайға қатты ренжігенін жасырмады.
"Бұл видео Нұрила Аманбаеваға арналған, ол құлағы нашар еститін адамды мазақтаған еді. Егіздерді дүниеге әкелгеннен кейін есту қабілетінен айырылған ана үшін де есте сақта. Ешкім ешнәрсеге кепілдік бере алмайды! Мұндай адамдарды мазақ етуге жол жоқ! Әр адам әртүрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Адамгершілік пен құрмет – бірінші орында болуға тиіс", – деп блогерге қатты ескерту жасады.
Ботагөз Сүйіндікованың өзі Бурабай өңірінің тумасы. 2005 жылдан бері Астанада жолдасымен бірге тұрады. Қазір ол балалар үйінде (ЦПД) психолог әрі "Асырап алушы ата-аналар мектебінде" тренер болып жұмыс істейді. 43 жастағы Ботагөз мен күйеуі Асхат екеуінің 11 жастағы Дарина есімді қызы және егіз ұлдары Диас, Мирас, Ілиас бар.
"Біз екінші баланы Дарина мектепке барған соң жоспарлаған едік. Алғашқы ультрадыбыстық зерттеу кезінде бәрі қалыпты болды, бірақ келесі тексерісте дәрігер егіз екенін, екеуі де ұл екенін айтқанда көзіме жас келді. Қуаныш пен қорқыныш қатар жүрді. Үйге жеткенше шыдай алмай, жолдасыма бірден қоңырау шалдым. Телефон ар жағында үнсіздік орнады, сірә, шок болған шығар, содан соң ол да жылап жіберді. Ең қызығы, сол кезде біз ренжісіп жүрген едік", – дейді Ботагөз Сүйіндікова.
Ботагөз Сүйіндікова барлық баласының табиғи жолмен дүниеге келгенін, яғни ЭКО емес екенін атап өтті. Бірақ жүктілігім өте ауыр өткенін де жасырмады.
"Егіздерімнің түрі – моно/ди, яғни олар бір қапшықта өмір сүрді, әрқайсысының жеке "үйшігі" болған жоқ. Әдетте мұндай егіздер – бір жынысты болады. Егер әрқайсысының жеке қапшығы болса, онда олар әртүрлі жынысты болуы мүмкін. Оларды тек жұқа перде ғана бөліп тұрды. Мұндай жүктілік өте қауіпті саналады. Маған "ФФТС синдромы" деген диагноз қойылды. Бұл кезде бір бала екіншісінің қорегін алып қояды. Қатты уайымдап, көп жыладым. Дәрігерлердің бірі "біреуі өмір сүрмеуі мүмкін" деді..." – дейді Ботагөз Сүйіндікова.
Фото: Ботагөз Сүйіндікованың желідегі парақшасынан
Ботагөз балаларын жүктілігінің 32-аптасында босанған екен. Оның айтуынша, ультрадыбыстық күн сайын жасалып отырған. Бірде сыңардың біреуінің қан айналымы тоқтап қалып, шұғыл түрде кесар тілігі жасалғанын айтады.
"Балақайлар 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты, кейін бірінен соң бірі шала туғандар бөлімшесіне ауыстырылды. Ол жерде тағы бір ай болдық. Ауруханадан шыққан соң біз біраз уақыт енеміздің қолына көшіп бардық. Егіздерді бір жасқа дейін бағып-қағуға енем үлкен көмек көрсетті. Оған өте ризамын, шын жүректен жақсы көремін. Ал алғашқы айлар өте ауыр болды, себебі мен жиі жылап, шаршап, бірақ сонымен қатар аналық қуанышымды да сезіндім. Балақайларым үш айлық болған күні күндіз мен кенеттен екі құлағымнан да естімей қалдым. Қатты қорқып, абдырап, жылап та жібердім. Өйткені жүктілік кезінде бір рет мұзға тайып құлап, басымды соғып алған едім. Сол кезде де кенеттен құлағым бітеліп, естімей қалғанмын. Сол сәтте емханаға барғанымда, дәрігер-ЛОР "тыңдау қайта келеді" деді. Шынында, екі аптадан кейін естіп кеттім", – дейді Ботагөз Сүйіндікова.
Ботагөз Сүйіндікова босанғаннан кейін, егіздері үш айға толған кезде қайтадан естімей қалады. Ол кезде отбасы Көкшетауда болған. Жергілікті ЛОР-дәрігер жазып берген ем көмектеспей, Ботагөздің есту қабілеті мүлдем жоғалады.
"Карантин уақыты болғандықтан, дәрігер қабылдауларының бәрі жабық еді. Сөйтіп мен біраз уақыт осылай саңырау күйде жүрдім. Бір құлағым, расында, бала кезімнен естімейді. Анамның айтуынша, мен 5 жаста болғанда құлағыма су кіріп, іріңдеп, ауруханаға түскенмін. Бірақ дәрігерлер сол кезде құлағымды емес, мұрнымды, яғни аденоидты емдеген екен. Анам кейін "сол кезде дәрігерлер дұрыс қарамаған, содан саған зақым келген шығар" деп айтып отыратын. Сол кезден бастап менің оң құлағым мүлде естімейді. Ол тіпті сезімсіз – тазалап жатсам да, ауырғанын сезбеймін", – дейді Ботагөз Сүйіндікова.
Дәрігерлер мұны қатты күйзелістен деп түсіндірген. Егіздер өте әлсіз, аз салмақпен дүниеге келген. Бірі – 1,1 келі, екіншісі мен үшіншісі – 1,6 келі. Сүт аз болғандықтан, балаларды қоспамен асыраған.
"Бір жағынан, бұл жағдайдың өз "жеңілдігі" болды. Күйеуіммен ұрыспайтын болдық – мен оны естімеймін, ол мені естімейді. Тіпті бір бөлмеде отырып-ақ, WhatsApp арқылы сөйлесетінбіз. Бірақ түнде балалар жыласа, олардың дауысын естімей қалам ба деп қатты қорқатынмын. Балалар бір жасқа толғанда отбасы Көкшетаудан Астанаға көшіп келіп, жақсы ЛОР-дәрігер іздей бастадым. Тексерістен кейін маған квота бойынша операция жасау белгіленеді. Сегіз айдан соң Астанадағы №2 қалалық ауруханада ота жасалып, дәрігерлер оның еститін құлағындағы кішкентай тесікті тігеді. "Мүмкін, осы құлағыңыздан естуіңіз қайта оралар" деді сол кезде дәрігерлер", – деп еске алады Ботагөз.
Фото: Ботагөз Сүйіндікованың желідегі парақшасынан
Дәрігерлер Ботагөз Сүйіндіковаға оң құлаққа операция жасаудың тиімді болмайтынын айтқанымен, үміттің бар екенін де жеткізген. МРТ-ға түскен соң мұрын қалқасының қисаюы анықталып, оны түзетсе, қысым қалыпқа келіп, есту мүмкіндігі артуы мүмкін деген болжам жасалған.
Ботагөз сол жақ құлағына жасалған операция алдында қатты уайымдағанымен, бәрі сәтті өтті. Ота ауыртпалықсыз өтіп, қалпына келу кезеңі де жеңіл болды. Дәрігерлер оны алдын ала ескертіп "Алғашқы үш айда естімейсіз, кейін бір-бірте ести бастайсыз, бірақ кепілдік бере алмаймыз" деп айтқан.
"Осы кезде есту қабілетім міндетті түрде толық істейді деген сенімде болдым. Бірақ үш айдан кейін бар болғаны 30% ғана ести бастадым. Мүгедектікке шығуға тырысқанда, сурдолог "Оң құлағыңызда – төртінші, сол құлағыңызда – үшінші дәрежелі естімеу. Өкінішке қарай, мүгедектік берілмеуі мүмкін", – деді. Сол кезде қатты ренжідім де, әрі қарай рәсімдемедім. Дәрігерлер есту аппаратын тағуға кеңес берді, бірақ олардың бағасы 1,5-2 миллион теңге шамасында еді. Күйеуім екеуміз түрлі нұсқаларды іздеп, ол маған дыбыс күшейткіштер алып берді. Дыбысты анық емес, тек шу мен сыбыр түрінде еститінмін. Құлағым ауырса да, тағып жүрдім, өйткені егіздер екі жасқа келгенде жұмысқа шығуым керек болды", – дейді Ботагөз ағынан жарылып.
Бұл сәтте Ботагөз Сүйіндікова үшін бәрі оңай болған жоқ. Егіздерді бағып, денсаулығымен күресіп жүрген шақта отбасы ипотека төлеп отырған. Соған қарамастан, ол мойымады. Жұмысындағы директор да түсіністік танытып, қолдау көрсетіпті. Психолог мамандығында есту қабілеті аса маңызды болса да, Ботагөз дыбыс күшейткіш тағып, әр апта сайын жаңа батарейка сатып алып, өз ісін жалғастыра берген.
"Рас, күні бойы құлағым шуылдап ауыратын. Кешке күшейткішті шешкен кезде, мүлде ештеңе естімей қаламын. Сосын интернеттен жақсырақ күшейткіштерді іздей бастадым. Ақыры өзіме ыңғайлысын таптым. Сырттай қарағанда сымсыз құлаққап сияқты, бірақ онымен өте жақсы естимін. Қазір бір құлағыма ғана күшейткіш таға аламын, ал екінші құлақ мүлдем естімейді. Әлі күнге дейін балаларымнан немесе Асыраушы ата-аналар мектебінің тыңдаушыларынан “Маған сәл дауысырақ айтыңызшы” деп өтінемін. Кейде не айтқанын қайта сұрап аламын. Үйде бос отыру мен үшін қиын, өте белсенді адаммын. Адамдармен араласқанды жақсы көремін. Тіпті демалыс күндері балалармен үйде ұзақ отырсам, біртүрлі шаршап кетемін", – дейді Ботагөз Сүйіндікова.
Фото: Ботагөз Сүйіндікованың желідегі парақшасынан
Ботагөздің егіз ұлдары күннен күнге өсіп келеді, өте ширақ, бір сәт тыныш отырмайды. Балабақшаға барады. Ал үлкен қызы мектепте оқиды, анасына нағыз тірек. Үй тірлігіне де, бауырларын қарауға да көмектеседі.
"Үйде теледидар жоқ, бәрібір естімеймін, пайдасы шамалы. Балаларымды да теледидарға үйретпеймін. Телефонмен тек сымсыз құлаққап арқылы сөйлесем, бірақ бәрібір анық естілмейді. Тіпті бір әріптестеріме "Мүмкін, көру қабілеті төмен болған жақсы шығар, көзілдірік киіп, бәрібір көресің ғой. Ал естімей қалу ең қиыны, адамдармен араласу шектеледі" деп айтқаным бар. Сонда олар күліп "Жоқ, Ботагөз, керісінше, естімеген жеңіл шығар, көрмегеннен гөрі!" деп еді", – дейді Ботагөз Сүйіндікова.
Фото: Ботагөз Сүйіндікованың жеке архивінен
Сонда да Ботагөз өмірге позитивті қарайды. Қиындықтың өзінен жақсы жағын табуға тырысады. Айтуынша, тұрмыста да тыныштық орнаған, күйеуімен ұрыспайтын болған (күліп).
"Әрине, ол кейде ренжіп кетеді, өйткені үнемі қайта сұрай беремін, оның не айтып тұрғанын түсіну үшін бетіне тақалып баруым керек. Балалар жылағанда, айқайлағанда да кейде сол естімейтіндігім жеңілдік береді, жүйкем сыр бермейді, шаршамаймын. Бірақ, әрине, жүрегімде бір өкініш бар. Ұлдарымның алғаш рет "мама", "папа" деп сөйлей бастағанын ести алмай қалғаным мен үшін ең ауыр сәт болды. Олардың тәтті дауыстарын есту менің арманым еді. Дыбыс күшейткішті күні бойы тағып жүрсем, кешке басым қатты ауырады. Үйге жұмыстан келген соң бірден шешемін де, тыныштыққа енемін. Сол сәтте ерекше бір жеңілдік пен тыныштық сезіледі. Әлем үнсіз, бірақ мен өзіммен-өзім үйлесім табамын", – дейді Ботагөз.
Ботагөз ешқашан өз жағдайын трагедия деп санамаған, кейде ғана реніш пен көз жасы болған. Қымбат операцияларға қаржы жетпеген сәттерде де күйеуі "Сәл күтейік" деп жұбатады екен. Дегенмен, ол есту қабілетінің сақталуына үмітпен қарайды және екінші операцияға сенеді. Жұмысында әріптестері мен директоры қолдап, әзіл-қалжыңмен көңілін көтереді.