Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қауіпті "ойыншық": Депутат дрондарды заңсыз құрастырып, пайдаланғандарға жазаны күшейтуді ұсынды

Ер адам дрон ұшырғалы тұрФото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев дрондар көпшілікке қолжетімді болып келе жатқанын, ал оларды бақылау жүйесі кенжелеп тұрғанын айтып, бірқатар ұсыныспен премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутатты әжептәуір үлкен дрондарды (15 кг-ға дейінгі) да ойыншық сататын дүкеннен еш қиындықсыз сатып алуға болатыны алаңдатқан.

"Концерт немесе футбол матчын, көпшіліктің төбесінде бейкүнә көрінетін дрон ұшып жүргенін елестетіп көріңіздерші. Ал енді әлгі дронның ойыншық дрон емес екенін елестетіңіз. Қауіп төнген жағдайда мыңдаған адамды эвакуациялау мүмкін болмай қалады. Мұның салдары апатты болуы мүмкін", – деп ескертті депутат Елнұр Бейсенбаев.

Депутат технологиялар шапшаң дамып келе жатқанын алға тартты – дрондар бүгінде жасанды интеллект алгоритмдері бойынша әрекет ете алады,  яғни күрделі тапсырмаларды адамның қатысуынсыз орындай алады. Бұл өз кезегінде түрлі теріс мақсаттағы әрекеттерге, тіпті диверсияға жол ашуы мүмкін. Дүниежүзілік қауымдастық қазірдің өзінде дрондарды теріс мақсатта пайдаланудың алдын алу үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр.

Мысалы, АҚШ-та Remote ID жүйесі бар: онда салмағы 250 граммнан асатын кез келген дрон нақты уақытта өз координаттарын, сериялық нөмірін және иесінің деректерін қамтитын цифрлы "құжат" жіберіп отырады. Сондай-ақ АҚШ билігі заңсыз дрондарды анықтау және сертификатталған өндірісті ынталандыру бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кеңейтіп жатыр. Осыған ұқсас профилактикалық шаралар, мысалы, дронның құрамдас бөліктерін міндетті бірегей цифрлық таңбалау және ұшу деректерін жазу үшін "қара жәшіктерді" енгізу Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Австралия және Канадада жүргізілуде.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда салмағы 250 грамнан асатын дрондар, сондай-ақ камералар немесе сенсорлармен жабдықталған құрылғыларды міндетті түрде тіркеу талабы, дрондарды пайдалану бойынша шектеулер бар. Алайда бұл талап сақтала қоймайтын көрінеді.

"Қылмыстың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында лицензиялауды күшейту және шағын құрылғылар тізілімін кеңейту, сондай-ақ онлайн-режимде барлық ұшқышсыз аппаратқа электронды сәйкестендіру жүйелерін енгізу мәселелерін талқылау қажет", – дейді мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев.

Жағдайды қатаң бақылауға алу қажет деген депутат премьер-министр атына жолдаған сауалында бірқатар нақты ұсыныс білдірген:

- салмағы 250 грамнан асатын барлық дронға Remote ID жүйесін енгізу;

- ұшу тарихын есепке алу жүйелерін кеңейту мақсатында "қара жәшіктерді" міндетті түрде енгізуді, сондай-ақ деректерді беру және өңдеу тетіктерін енгізуді қамтамасыз ету;

- ұшқышсыз аппараттар өндірушілерді лицензиялауды енгізіп, барлық негізгі тораптарына бірегей цифрлық таңбалау жүргізу;

- дрондарды заңсыз құрастырғаны және пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазаны күшейту.

Депутаттың пікірінше, дер кезінде қабылданған және теңгерімді шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 16:54
Талқылау