"Қатты уайымдағаннан елге қайтып кеткендер бар": Түркияда білім алып жатқан отандасымыз елдегі ахуалмен бөлісті
23 жастағы Қуаныш Сайдолла қазір Түркияда білім алып жатқан отандасымыз. Оның отбасымен көрші елге қоныс аударғанына бір жыл болған. Жерлесіміз жақында болған жер сілкінісі апатқа жақын маңда орналасқан қалаларға да әсер еткенін айтады. Сөзінше, Кайсери қаласында тұрса да, ғимараттарға келген залалдан алғашқы күндері мешіттерді паналауға мәжбүр болған. Қуаныштан елдің қазіргі жай-күйі жайлы сұраған едік.
Қуаныш Сайдолла
Қуаныш Сайдолла Кайсери қаласындағы "Имам Хатиб" атындағы жоғары діни академиясында исламтану мамандығы бойынша бірінші курста оқиды.
Қуаныштың айтуынша, Түркияның Кайсери қаласында оқып жатқан қазақтардың көбісі отбасылы екен.
"Мұндағы қазақтарымыз жатақахана мен пәтер жалдап тұрады. Біз көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатында тұрамыз. Ғимараттар биіктеген сайын, олардың қаупі де арта түседі. Оқиға өткеннен кейін араға үш-төрт күн салып, өзіміздің билік көмектесе бастады”, – дейді ол.
Жер сілкінісі болған күнді еске түсіре келе Қуаныш үш күн бойы қауіпті аймақта жүрдік дейді.
"Ақпанның 6-сы күні таңғы сағат 04:17-де қатты жер сілкінісін сездік. Ол кезде бәрі де шырт ұйқыда жатты. Шошып оянып, бір-екі минут ішінде сыртқа жүгіріп шықтық. Кейбір адамдар терезелерінен қарап жатты. Олар мұндай жер сілікінісінің болатынын ойламаса керек. Адамдар қатты алаңдаған еді. Ғаламтор беттерінен смартфондарымыздан жаңалықтарды шолып шықтық. Сөйтсек, Қахраманмараш пен Газиантеп қалаларында жоғары баллдық жер сілкінісі орын алған екен. Бұлар Кайсериге жақын жердегі қалалар ғой. Бізге олардан екі-үш баллдан төмен дүмпу болды. Бізде үйлер мен ғимараттар құламаса да қатты теңселген еді.
Бастапқы күндері мешіттерді паналағанбыз. Мешіттер толықтай әйелдер мен бала-шағаларға толып кетті. Қауіпсіздік жер ретінде онда бәрі де барды. Өзіміз оқу орындарына да түнедік. Бастапқы кезде ұшақ билеттері мен таксилердің бағалары да өсті. Басқа қалаға баратындар үш есе қымбат бағамен барды. Үш күн бойы қауіп сейілмеді. Арасында жер сілкінісінің дүмпулер де орын алған болатын. Екі-үш күннен кейін қазақтар өзара ақылдасып, кейбіреулері Стамбул, Кония сияқты басқа да Түркияның қауіпсіз қалаларына кетті. Кайсери халқы бір жетідей үйлеріне оралуға қорқып жүрген болатын", - дейді отандасымыз.
Сөзінше, жергілікті ақпарат көздері Кайсериде 384 тұрғын үйдің жарылғандығын хабарлапты.
"Қаладағы үлкен ғимараттардың қабырғалары жарылған. Мен сияқты отбасылы жігіттерге тұрғын үйлерден пәтерлер беріледі. Ондай үйлерден де жарылғандарын байқадым. Біздегі ақпарат көздері жоғары баллдық жер сілкінісі болса, бұл үйлер құлайды", - дейді ол.
Кейіпкеріміз қатты зардап шеккен аймақтарға оқу орнынан алғашқы еріктілерден көмек барғандығын да қоса кетті.
Кайсери қаласы, жер сілкінісі кезіндегі кадрлар
"Зардап шеккен аймақтарға оқу орнымыздан бір ГАЗель көлігімен көмек жіберілді. Ұстаздарымыздан онда арнайы барғандары да бар. Шаһардағы кейбір азаматтар ерікті түрде үйінділерді тазалауға аттанып кетті. Өзіміз Қахраманмараштағы балаларға ойыншықтар алуға жәрдем жасадық. Түрік жұртының қазақтарға деген ықыласы ерекше. Еліміздің құтқарушылары мен гуманитарлық көмек жібергендерін мұндағы халық жиі айтады.
Біздің оқу орнымыз осындағы муфтиятпен тікелей байланыста. Сондықтан да оқуымыз олардың шешіміне қатысты болмақ. Әзірге айтарлықтай қауіп жоқ. Қазір оқуды офлайн жалғастырып жатырмыз. Жалпы барлық оқу орны қалыпты режимде жұмысқа көшті. Сонда да адамдар әлдебір апаттың қайталануынан қатты қорқады", - дейді ол.
Қуаныштың айтуынша, таныстарынан зілзаладан зардап шеккендердің жоқ.
“Бәріміз біріміз үшін жұмыла көмектесеміз. Азық-түлік басқа да жағынан тапшылықтар білінбейді. Алғашқы күндері қиындықтардың болғаны рас. Мешітті паналағаннан кейін, онда тамақ дайындайтын жер жоқ. Сол кездері тамақты сырттан іздедік. Қазіргі кезде тіршілік қалада бір қалыпқа келді. Жергілікті түркітерден ауылды жерлерге кетіп қалғандары бар. Бізде басқа қалаларға барғаннан кейін, өзіміздің үрейімізді басып келдік", - дейді ол.
Оның айтуынша, түрік басылымдары 2019 жылдары осы аймақтарға жаңадан үйлерді салу керектігін көтерген екен.
"Жергілікті атқамінерлер нысандарды қайтадан соғуға келіспеген сияқты. Осындай ақпараттар шыққаннан кейін, түрік билігін халық жаппай сынап жатқан жоқ. Мешіттерде жұма намаздары оқылып жатыр. Бұл жақтың имамдары "Аллаға бойұсыну керегін жиі-жиі еске салуда. Халықты сабырға шақырып, түрік елінің мұндай сынақтан аман-есен шығатындарын айтады. Құлшылық орындарында зілзаладан зардап шеккендерге арнап жәшіктер де қойылған. Ондағы түскен қаржыларды, тек қана апат болған аймақтарға жібереді", - дейді дін маманы.
Қазіргі кезде түрік билігі сейсмологиялық тұрғыдан ақпараттарды да жиі-жиі хабарлап тұрады екен. Халық та смартфондарына жер сілкінісіне қатысты арнайы қосымшаларды басып алған екен.
"Елдегі ата-аналарымыздың түн ұйқысы төрт бөлінді. Олар әлі де алаңдаумен жүр. Өзімнің қайын атам мен апам көздеріне жас алып, Түркиядағы жаңалықтарды тыңдап отырады екен. Ата-аналары қатты уайымдағаннан елге қайтып кеткен студенттер де бар", - деп қоса кетті Қуаныш Әбдірайымұлы.
Қадірәлі САРЫПБЕК