Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатты тоңып, қорқып қалған": Жол ақысын төлемеген қазақстандық оқушыны аязда автобустан шығарып жіберген

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Желіде жолақысын төлемегені үшін автобустан түсірілген кәмелетке толмаған жолаушы туралы жағдай қызу талқыланып жатыр. Анасы баласының суықта тоңып қалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, таңертең ұлы жаттығуға бару үшін автобусқа отырған. Бірақ жол жүру картасын үйде ұмытып кеткен. Баланың Kaspi картасында 200 теңге ғана болған. Ол ақша тек жаттығуға дейін жетуге кеткен. Жаттығудан кейін бала автобусқа қайта мінгенде, жолақы төлеу үшін анасына хабарласып, ақша аударуын сұрамақ болған. Алайда анасы жұмыста болғандықтан, қоңырауды естімей қалған.

"Автобусқа бақылаушы кіріп, баланы түсіріп жіберген. Ол қатты аязда үш аялдама жаяу жүрді. Қатты тоңып, қорқып қалған. Әзер жылыттық", – деп жазды әйел.

Сондай-ақ ол желі қолданушыларынан мұндай жағдайда қайда шағымдануға болатынын сұраған. Посттың астына City Transportation Systems компаниясы жауап беріп, тексеру жүргізу үшін оқиғаның нақты уақыты, маршрут нөмірі, аялдаманың атауы мен автобус бағыты қажет екенін айтты.

Желі қолданушылары бұл жағдайды белсенді талқылады. Кейбірі мұндай кезде автобуста отырған ересектер баланың жолақысын төлеп беруге көмектесуі мүмкін еді десе, енді бірі баланың жолға ақшасы бар-жоғын ата-анасы бақылауы керек екенін айтқан. 



Айта кетейік, 2024 жылғы 4 шілдеден бастап Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларды, егер олар ата-анасының немесе заңды өкілінің қасында болмаса, қоғамдық көліктен күштеп түсіруге тыйым салынған. Бұл өзгеріс 2024 жылғы 28 маусымдағы көлік министрінің №226 бұйрығымен енгізілген. 

Егер бұл талап бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, жүргізушіге немесе кондукторға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады (2026 жылы – 21 625 теңге).

STAN.KZ
Жұма, 13 Наурыз, 2026 17:59