Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Kaspi Магазин арқылы зат сатып алмақ болған қазақстандықтар алаяқтарға алданып қалған

Фото: sdelka.kz

Kaspi Магазин арқылы зат сатып алмақ болған қазақстандықтар алаяқтардың құрбаны болғандарын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде Kaspi.kz-тегі онлайн дүкендердің бірінен ыдыс-аяқ тапсырыс беріп, алданып қалған әйелдің жазбасы пайда болды. 

"Kaspi Магазин мені қалай алдағанын айтып берейін. 20 сәуір күні Kaspi Магазин арқылы өзіме ыдыс-аяқ тапсырыс бергім келді. Бәрі тамаша көрінді: бөліп төлеу, тегін жеткізу, 22 сәуірде әкеліп беретін болды. Тауарды таңдағанда бірінші болып шыққан "Dom IK" дүкенін таңдадым, аса мән бермедім. 21 сәуір күні маған дүкен өкілі хабарласып: "Сәлеметсіз бе, сіз біздің Kaspi-дүкеніміз арқылы тапсырыс жасадыңыз. Сізге тауарды бүгін сағат 16:00-ден кейін алу ыңғайлы ма? Егер келіссеңіз, тапсырысыңызды бүгінге қайта рәсімдейміз" деді. Әрине, бұл маған ыңғайлы болды. Мен келісімімді бердім. Олар бұрынғы тапсырысты жойып, жаңасын рәсімдеп, кейін төлем шотын жіберді. Сол шот бойынша төлем жасадым", – делінген әйелдің жазбасында. 

Әйелдің айтуынша, төлем жасағаннан соң онлайн дүкен мүлде байланысқа шықпай қойған. 

"Төлем жасалған соң – мүлгіген тыныштық. Хабарлама жаздым – жауап жоқ. Қайта жаздым – тағы үнсіздік. Біраз уақыттан кейін мені жай ғана бұғаттап тастады. Ешқандай түсініктеме жоқ, тауар да, байланыс та жоқ. Kaspi қосымшасына кіріп қарасам, "Dom IK" дүкені мүлде жоқ болып кеткен. Барлық тауарлар өшірілген. Мүлдем болмаған сияқты", – дейді әйел.

Жазбаның астында жазылған пікірлерде қазақстандықтар Kaspi қосымшасында осыған ұқсас жағдайдың құрбаны болғандарын айтып, бастарынан өткен оқиғалармен бөлісті.


"Шұғыл түрде салық төлеңіз": Қаржы министрлігі Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді

"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)


"Сізбен болған жағдайды оқып, өз басымнан өткен оқиғаны қайта бастан кешкендей болдым. Мен де Kaspi арқылы А4 қағазына тапсырыс бердім. Бірақ тапсырысым ұзақ уақыт бойы жеткізілмеді. Kaspi-ге жаздым, олар тапсырысты өздері жойып, ақшамды қайтарып берді. Осыдан кейін WhatsApp арқылы сатушы өзі жазды: "Сіз бізден қағаз алмақ болып едіңіз, бүгін жеткізіп бере аламыз" деді. 10 мың теңгені Kaspi-ге аударуды сұрады. Мен де сеніп, аударып жібердім. Сосын сіздің жағдайыңыздағыдай: "курьер жақында барады", "курьер жолда" деген сылтаулармен соза берді. Келесі күні ақшамды қайтаруды сұрадым, бірақ олар менің басымды қатыра бастады: бірде "есепші жоқ", бірде басқа сылтау айтады", – дейді желі қолданушыларының бірі.  

Тағы бір желі қолданушысы қазақстандықтарды сатушыларға тікелей ақша аудармауға шақырды. 

"Қалай ғана бұған сеніп қалдыңыз? Kaspi арқылы сатып алғанда — бонус та аласыз, жеткізуге де, қайтаруға да кепілдік бар. Ал тікелей ақша аударсаңыз – ештеңе ала алмайсыз. Мүмкін бұл дүкенді алаяқтар бұзып кірген болар, не болмаса дүкен жалдамалы болған шығар. Міндетті түрде арыз жазыңыз, сіз бұл жағдайға тап болған жалғыз адам емессіз. Бірақ, өкінішке қарай, нағыз алаяқты ешкім таппайды, барлық кінәні жеке кәсіпкерлік атына тіркеген адам арқалайды", – дейді желі қолданушысы.  

Еске салсақ, бұған дейін алматылық ерлі-зайыпты алаяқтардың кесірінен үйі мен көлігінен айырылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 21:16
Талқылау