Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Шұғыл түрде салық төлеңіз": Қаржы министрлігі Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда салық төлеу қажет екені туралы жалған хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары көбейіп кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Комитеттің мәліметінше, "шұғыл салық төлеу қажет екені туралы ескерту" деген тақырыптағы хабарламалар қазақстандықтарға электронды пошта мен WhatsApp мессенджері арқылы жіберіліп жатқан көрінеді. 

Комитет салық төлеушілердің электронды пошталарына ақпараттық жүйелер арқылы хабарлама жіберілмейтінін атап өтті. Мемлекеттік кірістер органдары хабарламаларды тек келесі тәсілдермен жібере алады:

- Салық төлеушінің кабинеті арқылы;

- Электронды үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы;

- e-Salyq мобильді қосымшасы арқылы. 



“Салық төлеуші хабарламалардың бір бөлігін бірден өзінің жеке кабинетінен көре алады. Бұл ретте камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған хабарламаларды салық төлеуші КТС немесе ЭҮП арқылы қол қойылған PDF нұсқасын өзінің электронды поштасына дербес сұрата алады”, – делінген хабарламада. 

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды абай болуға, жалған хабарламаларға сенбеуге, ақша қаражаттарын аудармауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, алынған хабарламалардың дұрыстығын мұқият тексеруге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада алаяқтар коммуналдық қызметкер ретінде тұрғындарға хабарласып алдауға кіріскені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 15 Сәуір, 2025 20:03
Талқылау