Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаскелеңде өрттен кейін көпбалалы отбасы жертөледе тұрып жатыр

Қаскелеңде өрттен зардап шеккен көпбалалы отбасы жертөледе тұруға мәжбүр. Жаздың басында болған төтенше жағдайға байланысты бірнеше отбасы баспанасынан айырылған еді. Жергілікті билік зардап шеккен отбасыларға көмектесуге уәде бергенімен, тұрғындар көшеде қалып, әрең күн көріп жүргендерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат Almaty.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

фото: almaty.tv

Галина Алексеева 5 баласымен баспаналары жоқ болғандықтан, спорт залдың жертөлесінде тұрып жатыр. Баспанасы 2 ай бұрын отқа оранған. Оның өзін жалдап тұрыпты. Оқыс жағдайдан кейін аудандық әкімдік 2 ай мерзімге уақытша қонақүйге орналастырған. Кейін мейманхана иесі "бізге ешкім ақша төлеген жоқ" деп шығарып салған көрінеді. Енді көшеде тентіреген отбасы ас үйі, жуынатын бөлмесі және басқа да ыңғайлықтары жоқ жерде өмір сүруге мәжбүр.

Зардап шегушінің айтуынша, үй сатып аламыз деген арманды орындау үшін олар өртенген ғимаратта 15 миллион теңгесін сақтаған.

“Өрт қас қағым сәтте болды. Үйге алған жиһазымның бәрі күлге айналды. Дүние-мүлікті несиеге алған едік. Қазір ақшасын төлеп отырмыз. Бастапқыда әкімдік қызметкерлері "мәселе шешімін тапқанша, қонақүйде паналайсыңдар" деген. Бірақ сөзінен тайып отыр”, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Галина Алексеева.

Екі ай бұрын 4 әкімшілік ғимарат пен 3 жеке секторлы үй түгелдей өртеніп кеткен. Тілсіз жау  400 шаршы метрді шарпыды Өрттің неден болғаны әзірге белгісіз.

Ал әкімдік қызметкерлері қонақүйден оларды қуып шықпағанын айтты. Оның айтуынша, бірі жалдамалы пәтерге кеткен, енді бірі мейманханада жағдай жасалмағандықтан шыққан. Әкімнің айтуынша, жақында бұл отбасыларға арнайы ұсыныс айтылады.

“Меншік иесімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оны мен сізге айта алмаймын. Ол әзірге құпия”, – деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев. 

Үш отбасы да өртті қасақана қойды ма деп күдіктенеді. Бірақ тергеу әлі жүріп жатыр. Ал жеке баспанасы өртенген тұрғындар болса, орнына басқа үй немесе өтемақысын өндіріп беруін талап етіп отыр.

Талқылау