Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаскелеңде көше жекеменшікке өтіп кетіп, тұрғындар жолсыз қалды

Жол азабын тартқан Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, жерді оңды-солды сатқан шенділердің кесірінен 100-ге жуық отбасы тығырыққа тіреліп отыр. Өйткені карта бойынша сызылған жолдың бір бөлігі аяқастынан жекеменшікке өтіп кеткені белгілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жердің заңды не заңсыз екенін әкімдіктегілердің өзі де айта алмады. Қаскелең қаласының жоғарғы жағындағы үйлер осыдан 10 шақты жыл бұрын салынған.

Шамамен 100-ге жуық үй бар. Бұл қалаға, әрі қарай Алматыға шығатын жалғыз жол. Енді алдағы уақытта бұл жол да жан-жағынан жабылып, тұрғындар өте алмай қала ма деп қорқып отыр. Себебі жұртшылық кезінде өз қаражатына салған жолды осыдан үш ай бұрын біреу қопарып, қақпа салып тастаған. Ал үй иесі құжаттарының түгел екенін айтып жауап қайырыпты. Тұрғындар жол тұрған жерді сатып жіберген әкімдік өкілдері екеніне сенімді. 

"Міне, мына асфальт. Осыны қолдан жасап, асфальт төсегенбіз. Енді мына кісілер біздің мемлекеттік актіміз бар деп жауып тастады. Жол былай қарай келу керек, енді жоқ. Ашып беруін талап етеміз”, – дейді тұрғындар. 

100-ге жуық отбасы қазір көршісінің учаскесімен өтіп жүр. Бірақ заңды иесі онда үй салса, тұрғындардың не әрі, не бері шыға алмай қалуы мүмкін.

"Мына жол төрт көшенің жалғасы. Көршінің учаскесі ана бағанадан бастап, мына бір жерге келеді. Сонда жалғыз жол, мектепке де барады. Мектепте 300 бала оқиды. Оларға да жол жоқ, бізге де жоқ. Егер ол кісі жауып тастаса, біз тікұшақпен ұшып жүруіміз керек”, – дейді Бауыржан Сейітжанұлы. 

Қаскелең қаласының бас жоспары бойынша бұл біреудің жер телімі екен.

“Мынау бас жоспар 2018 жылы өзгеріс енгізілген. Сіздердің сұрауларыңыз бойынша мынау біреудің жер телімі жолға түскен. Оның қазір заңдылығын қосымша анықтаймыз. Сәулет, жер қатынастары бөлімі бар, солармен анықтап, қосымша ақпарат береміз. Ал халықтың сұрап отырған, ыңғайсыздық туғызып отырған жер теліміне қазір демеушілердің арқасында тас төсеу, жол тегістеу жұмысын сұрапдық. Осы қарашаның соңына дейін халыққа сол жерді тегістеп, өтуіне жағдай жасаймыз”, – дейді Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Серік Қамзанов.

Бұл жер телімінің жолдың үстіне қалай түсіп кеткенін атқамінерлер білмей ме, әлде ашып айтқысы келмей ме, белгісіз. "Анықтаймыз" дегеннен ары аса алмады. Десе де мәселені бір жақты қыламыз деп сендірді. Алайда жергілікті тұрғындар шенділерден баяғыда күдерін үзген. Түйткілдің түйіні жақын арада тарқатылмаса, құзырлы органдарға жүгінеміз деп отыр.

Талқылау