Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында кәсіп ашқан және жұмысқа орналасқан қазақстандықтар тәжірибесімен бөлісті

Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту соңғы жылдары ерекше назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асып жатыр.

Сурет: Әсемгүл Айтмолдина 

Аталған жоба халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлер үшін тең жағдай – бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған.

Жобаның негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның үшеуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту. 

Бірінші міндет аясында азаматтарды "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлікке баулиды, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беріледі.

Осы ретте ұлттық жоба аясында қаржылай қолдау алып, грантқа ие болған Әсемгүл Айтмолдинаның жетістігі туралы айтпай кетуге болмайды.

Грантты балаларға арналған корекциялық орталығын дамыту ісіне салған кәсіпкер қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысы әлдеқайда жеңілдегенін айтады.

Сурет: Әсемгүл Айтмолдина 

"2023 жылдың қантар айында өз орталығымды ашқан едім, 400 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грант жайлы әріптестерімнен естідім. Содан кейін интернет желісінен қосымша ақпарат іздей бастадым, Enbek.kz порталынан толық мәлімет алдым. Ол жерде оқуы және бизнес-жоспарды қалай жазу керегі жайлы толық жазылған екен. Бірден бастап кеттім. Курсты оқып, сертификатын алдым. 10 акпанда Астана қаласы бойынша өтінім қабылдау басталды, сол жерге өз бизнес-жоспарымды тіркеп, өтінім жібердім", – дейді ол.

Әсемгүл Айтмолдина бұл қайтарымсыз грантқа орталыққа қажетті жабдықтар алған. 

"Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасауым әлдеқайда жеңілдей түсті, себебі сенсорлық интеграцияға арналған қабинетті қажетті заттармен қамтамасыз еттім", –дейді кәсіпкер.

Әсемгүлдің өз ісін ашқанына бір жыл толмаса да, кәсібін жолға қойып алды. Қазір коррекия орталығына 12 бала келіп жүр. 

"Бала аз болғанымен, бізге жеке сабаққа әр бала кем дегенде 2 сағатқа келеді", – дейді ол. 

Жалпы биыл ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде 9 мың грант беру көзделген.

Ұлттық жобаның тағы бір міндеті – субсидиялау арқылы жұмыс берушілерді ынталандыру, ал жас мамандар үшін өз дағдыларын арттыруға, өз кәсібін табуға немесе уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру. Бұл ретте елімізде 35 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, оқуын жақында аяқтаған жас мамандарға ұлттық жоба аясында "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" бойынша түрлі қолдау шаралары ұсынылуда.

Мәселен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін "Ветеринариялық медицина" мамандығы бойынша тәмамдаған Жандос Тілеубек "Ұрпақтар келісімшарты" бойынша жұмысқа орналасты. Оған өзі туып-өскен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Томар ауылына жолдама берілді.

Сурет: Жандос Тілеубек

Жандос Тілеубек оқу бітірген соң 6 айдай мамандығы бойынша жұмыс істемегенін айтады.

"2022 жылы "Ветеринариялық медицина" мамандығы бойынша білім алып шықтым. 2023 жылы сәуір айында Қарқаралы аудандық мансап орталығына барып, кеңес алдым. Жұмыссыз ретінде тіркелдім, мамандығымды растайтын құжатымды ұсынып, "Ұрпақтар келісімшартына" қатысамын деп шештім. Мені ауылға ветеринария маманы қызметіне жіберді. Бұл - жастарды жұмыспен қамтуда таптырмас жоба. Өйткені жас маман өзіне қажетті кәсіби дағдыларды үйреніп қана қоймай, алдыңғы буын өкілдерінен тәжірибе жинақтайды. Мемлекет тарапынан  6 ай бойы тұрақты айлық алады. Көп нәрсеге жол ашады", – дейді ұлттық жоба қатысушысы.

Сурет: Әсемгүл Айтмолдина

Ұрпақтар келісімшартының талаптары бойынша жұмыс орнында жас маманға тәжірибесімен бөлісіп, көмек беру үшін тәлімгер бекітілген. Жоба аяқталғаннан кейін Жандос Тілеубекке жұмысқа тұрақты орналасуға кепілдік беріледі.  

Талқылау