Мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін кәсіпорындар қосымша құн салығынан босатылмақ – Салық кодексі мәжіліске қайтарылды
Фото: gd.ru
Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев Салық кодексі талқыланғанда депутаттарға бизнес өкілдері жүгінгенін, олардың үкіметпен кейбір мәселелерде келіспегенін айтты. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау және оларды тарту тетіктері бойынша палатада қызу пікірталас өтті. Осылайша сенаторлар құжатқа бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізуді қажет деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Парламент депутаттары шаруа немесе фермер қожалықтарының табыстарына қатысты жеке табыс салығын прогрессивті түрде енгізуді ұсынды.
"Бірдей тәсілді қамтамасыз ету мақсатында шаруа немесе фермер қожалықтары экономиканың өзге саласында жұмыс істейтін, жеке кәсіпкерлермен тең дәрежеде қаралатын субъектілер екенін ескере отырып, олардың 230 мың айлық есептіктің көрсеткіштен (АЕК) асатын (904 360 теңге) табысына 15 пайыздық мөлшерлемемен жеке табыс салығын салуды көздеу ұсынылады. Алайда 70% көлеміндегі қолданыстағы жеңілдікті ескерсек, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 4,5% болады", – делінген сенаторлар қорытындысында.
Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Астана халықаралық қаржы орталығының (AIFC) биржасы арасындағы салықтық арбитражды болдырмау мақсатында, KASE-де айналыста жүрген бағалы қағаздардан түскен дивидендтерге байланысты азаматтардың табысына жеке табыс салығынан босату түріндегі салықтық жеңілдік ұсынылады.
Төлем карточкаларына қатысты операцияларды қосылған құн салығынан босату жөніндегі жеңілдік сақталады. Сенаторлар бұл жеңілдікті сақтау қажет екенін атап өтті, себебі халықаралық төлем жүйелерімен жұмыс істеуде қиындықтар туындауы мүмкін және картамен төлем жасау кезінде транзакциялар құнының өсуіне әкелуі ықтимал.
Сән-салтанат заттарына салық салу бойынша жеке нормалар енгізіледі. Сән-салтанат салығын тек жеке тұлғалар төлемек. Бұл ретте көлік құралдары, кемелер және ұшатын аппараттар сияқты сән-салтанат заттарына салық тек импорт кезінде ғана емес, ел ішінде сатылған жағдайда да салынады, егер олардың құны шекті сомадан асатын болса (көліктер үшін – 75 миллион теңгеден жоғары, кемелер мен ұшақтар үшін – 100 миллион теңгеден жоғары).
Мемлекеттік бағалы қағаздармен байланысты табыстар үшін резидент емес тұлғаларға арналған қолданыстағы салық жеңілдігін сақтау ұсынылады.
Сондай-ақ Салық кодексіне мынадай толықтыру енгізу ұсынылды: салық салу объектісіне, салық базасына, салық төлеушілер (салық агенттері) санаттарының ұлғаюына, шегерімдер мен жеңілдіктерді алып тастауға немесе азайтуға қатысты өзгерістер биыл 1 шілдеден кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан ерте енгізілмеуге тиіс.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған болжамды сәйкессіздіктер туралы хабарламаны салық төлеуші орындамаған жағдайда, электронды шот-фактураны тоқтату нормасы қарастырылып отыр. Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жеке тұлғалардың табысынан ұсталатын әлеуметтік аударымдар үшін жеке тұлғаға салықтық шегерім беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Қызметкерлерінің саны 10 немесе одан көп мүгедектігі бар адамдардан тұратын кәсіпорындарда тауарлар, жұмыстар, қызметтер өткізу айналымы қосылған құн салығынан босатылады. Отандық мерзімді баспасөз басылымдарын өткізу айналымына қосымша құн салығының мөлшерлемесін 10% деңгейінде белгілеу ұсынылды.
Бірінші санаттағы өмірді қамтамасыз ететін объектілер үшін қоршаған ортаға теріс әсері үшін төлем мөлшерлемелерін қолданыстағы деңгейде сақтау ұсынылады. Салық салу мақсатында арнайы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығы үшін өтеусіз берілген мүлік құны салық салынатын табыс ретінде есептелмейді деген ұсыныс енгізілді. Қазақстан аумағында жасалған және халықаралық іскерлік операциялармен тікелей байланысты халықаралық мәмілелер бойынша зияткерлік меншік объектілерінен түсетін табыс "Трансферттік баға белгілеу туралы" заң ережелеріне сәйкес айқындалады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу айналымын қосымша құн салығынан босату туралы қолданыстағы норманы алып тастау ұсынылды. Сондай-ақ кодекстегі өзара байланысты нормалар мен заң техникасы қағидаларына қатысты түзетулер енгізілді.
Енді қазақстандықтар салықты бөліп төлейді немесе мерзімін кейінге қалдыра алады
Салық кодексіне байланысты миллиондаған қазақстандықтың жалақысы қайта есептеледі
Еске салайық, бұған дейін сенат 23 маусымда жаңа Салық кодексін талқылап, қосымша құн салығын тіркеу шегін 20 мыңнан 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетуді ұсынды. Бұл шешім салықтан жалтарумен күрес және шағын бизнесті қорғау мақсатында қабылданды. Заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

"Нағыз чемпион бұлай өмір сүрмеуі керек": Күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз болып, бір бөлмелі пәтерде тұратын әйел көптің көңілін босатты
