Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қашпаймын ғой. Қайда барамын?": Шамалғанда көпір талап еткен тұрғындарға аудан әкімі жауап берді (видео)

Алматы облысының Шамалған станциясындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін адамдар шу шығарып, көпір салынуын талап етті. Олар мұнда кептеліс пен жол апатының жиі болатынын айтып шағымданды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Алматы» арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ауыр апаттан кейін шу шығарып, «көпір салып берсін» деп талап еткен жұртшылықтың алдына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев шықты.

Автобус жолаушылары оқиға орын алған жерге көпір керек екенін айтты. Олардың сөзінше, көпір болмағандықтан, осы күнге дейін пойыз астына түсіп көз жұмғандар саны аз емес.

«20 жылдан асты. Мына жерде күнде жолдамыз. Кешкісін үлгермейміз, өту мүмкін емес. Жаяу өткен адамдарды қаншама пойыз қақты. Осы күнге дейін 7 адамнан көп өлді. «Көпір саламыз» дейді, бірақ салынбайды. Бізге көпір керек. Мына жерде біреулер, полицейлер «Жүргізуші кінәлі» дейді. Жоқ, жүргізуші кінәлі емес», - деді оқиға куәгерлерінің бірі.

"Жүргізуші есікті ашпай отырды": Шамалғанда пойыз қаққан автобус жолаушылары мән-жайды айтты (видео)

Жиналғандармен кездескен Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жол апаты туралы ақпараттан мемлекет басшысы хабардар екенін атап өтті. 

«Сіздердің сөздеріңіз облыс әкіміне жетті. Өздеріңіз білесіздер, бұл оқиға туралы ақпарат мемлекет басшысына дейін жетті. Сабыр сақтаңыздар! Қазір «көпір» деп айқайлағаннан, бірден көпір салына салмайды. Кесте болған, сол кесте бойынша, көпір бұл жерден 700 метр қашықтықтағы айналма жолда салынады. Бұл жерде жаяу жүргіншілерге арналған өткел тұр», - дейді Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.

Сонымен қатар Далабаев ашуланған тұрғындарды сейсенбі күні кездесуге шақырды. Ол көпір салу мақсатында әрекет жасаймыз деп уәде етті.

«Сейсенбі күні келіп, ақылдасайық. Сіздердің жаныңыздамын. Қашпаймын ғой. Қайда барамын? Көпірді салуға әрекет жасаймыз», - дейді аудан әкімі.

 

Еске сала кетсек, ірі апат Алматы облысының Шымалған станциясында орын алды. ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму министрі Руслан Иманқұловтың айтуынша, төтенше жағдай 15 қыркүйекте, "Екатеринбург-Алматы" теміржолының 2449 шақырымында орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады. 

Талқылау