Заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаржы ұлттық құндылықтарды дамытуға жұмсалуы тиіс – депутат
Сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаржыны ұлттық құндылықтарға жұмсауға қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат ұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде cенатта айтарлықтай жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Сенатта соңғы екі жылда, 2 парламенттік тыңдау, 3 дөңгелек үстел, 3 кездесу, 3 комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді. Сонымен қатар, дәстүрлі мәдениетке, төл тарихымызға, отбасы институтын нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдарындағы идеологиялық ағартушылықты күшейтуге қатысты 10 депутаттық сауал жолданды. –
“Осылайша, cенат депутаттары елдің рухани құндылықтарын сақтауды бірінші орынға қоюға мүдделі екендігін көрсетіп келеді. Алайда үкімет сенаттың ұсынымдарына тек бірыңғай сырғытпа жауап беріп келеді. Берілген ұсынымдар ескеріле бермейді. Сонда біз бұл мәселелерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, "Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік басқару институттарына жолдау" жөніндегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды. "Қазақстан халқына" қоры мен мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаржы әлеуметтік жобаларды ғана емес, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жобаларды да қаржыландыруы тиіс”, - деді сенатор.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектың қайтарылған заңсыз активтерді Ұлттық қорға жинауды ұсынғаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев жақында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылатынын мәлімдеген еді.
Активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы болып Нұрдәулет Сүйіндіков тағайындалды.