Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KASE Global: қазақстандық инвесторлар мен әлемдік нарықтарды байланыстыратын көпір

KASE Global: қазақстандық инвесторлар мен әлемдік нарықтарды байланыстыратын көпір

Фото: KASE Клиринг орталығы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Идель Сабитов

Қазақстандықтар шетелдік компаниялардың акцияларына барған сайын көбірек қызығушылық танытуда. Бұны KASE Global секторының қарқынды дамуынан байқауға болады. Мәселен, егер 2024 жылғы қазан айында осы сегменттегі мәмілелер көлемі 3 765,5 млн теңгені құраса, 2025 жылғы қазанда бұл көрсеткіш 36 203,1 млн теңгеге жеткен, яғни, іс жүзінде он есе өсім байқалады.

Біз осындай серпінді өсімнің себептері мен инвесторларды алда не күтіп тұрғанын білу үшін “KASE Клиринг орталығы” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Идель Сабитовпен сұхбаттастық.

– Идель Марсильевич, KASE Global секторы бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Сіз оның дамуын және қазақстандық инвесторлардың шетелдік акцияларға қызығушылығын қалай бағалайсыз?

– KASE Global секторы тұрақты өсім көрсетіп келеді және барған сайын инвесторлардың назарын көбірек өзіне тартуда. Сауда-саттық көлемі үнемі өсіп жатыр: 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында ол 95,2 млрд теңгеге жетті, бұл бүкіл 2024 жылғы көрсеткіштен (46,6 млрд теңге) екі есе көп. Айта кетерлігі, KASE Global секторындағы сауда-саттық көлемінің 41%-ын жеке тұлғалар қамтамасыз етіп отыр. Бұл қазақстандықтардың халықаралық нарықтарға инвестициялау белсенділігінің артып келе жатқанын, халықтың қаржылық сауаттылығының жоғарылағанын, сондай-ақ жергілікті инвесторлар үшін шетелдік активтердің тартымдылығы өсіп келе жатқанын білдіреді.

– Жақында “Standard Инвестициялық компаниясы” АҚ бірден 21 халықаралық компанияның, соның ішінде Apple, Tesla, Microsoft және Amazon сынды алыптардың акциялары бойынша маркет-мейкер мәртебесін алды. Бұл KASE Global секторының өтімділігі мен тартымдылығына қалай әсер етеді?

– Бұл – KASE Global үшін өте жағымды жаңалық. Осы сегменттің дамуы бастапқыда маркет-мейкерлерді тарту арқылы құрылған болатын, қазір біз олардың жұмысының нақты нәтижесін көріп отырмыз. Қазіргі таңда алгоритмдік маркет-мейкер бағаланатын қағаздар бойынша үлкен емес спрэдпен сауда-саттық орнатты, бұл өтімділікті арттырып, инвесторлардың жұмысын жеңілдетті. Осының арқасында инвесторлар сауда-саттықтың ыңғайлы әрі тиімді талаптарына қол жеткізіп, халықаралық акциялармен мәмілелерді белсенді түрде жасай алады. Алгоритмдік маркет-мейкер баға белгілейтін бағалы қағаздардың қатарында American Airlines, Apple, Amazon, Microsoft, Tesla және басқа да ірі халықаралық компаниялар бар.

KASE Global: қазақстандық инвесторлар мен әлемдік нарықтарды байланыстыратын көпір

Фото: KASE Клиринг орталығы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Идель Сабитов

– Сұраныстың құрылымында қандай үрдіс байқалуда – KASE Global секторындағы инвесторлар арасында қандай шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары немесе ETF-тер көбірек сұранысқа ие?

– Әрине, NVIDIA, Intel және басқалар сияқты технологиялық алпауыттардың, яғни “үлкен жетіліктің” акциялары, сондай-ақ ETF, оған қоса BITO_KZ ең жоғары сұранысқа ие. ETF инвесторларға портфельді әртараптандыруға және әлемдік нарықтардың жаңа сегменттеріне кеңінен қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл оларды қазақстандық инвесторлар үшін ерекше тартымды етеді.

– Шетелдік бағалы қағаздарды KASE Global секторына қосу қандай принциптерге сәйкес жүзеге асады және Биржа олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қалай бақылайды?

– Шетелдік бағалы қағаздарды KASE Global секторына қосу үшін демеушілік көрсетілмейтін листингтің жеңілдетілген тәртібі қолданылады. Биржаның кез келген мүшесі компанияның бағалы қағазын осы секторға қосуға өтінім бере алады, оның үстіне бұл үшін қосымша төлем алынбайды. Брокерлер клиенттердің сұранысы бойынша KASE Global тізіміне жаңа құралдарды енгізуге өтінім жолдай алады, осылайша сауда-саттық жасауға ұсынылатын шетелдік акциялар мен ETF-тердің тізімі өзекті және сұрасқа ие болып қала береді.

– Алдағы уақытта Азиялық немесе Еуропалық компаниялардың есебінен сектордағы қолжетімді қағаздар тізімін кеңейту жоспарда бар ма?

– Болашақта қолжетімді құралдар тізімін кеңейту көзделген. Дегенмен, алдағы кезеңдегі басты басымдық – америкалық бағалы қағаздар бойынша KASE Global секторының өтімділігін арттыру. Бұл инвесторларға сектордағы танымал акциялармен және ETF құралдарымен белсендірек сауда жасауға мүмкіндік береді.

– KASE Global қазақстандық инвесторларға ұлттық юрисдикция шеңберінен шықпай, әлемдік эмитенттердің қағаздарымен сауда жасауға мүмкіндік береді. Осы секторды қазақстандық және әлемдік капитал нарықтарын байланыстыратын көпір деп атауға бола ма?

– Иә, бұл дәл солай. KASE Global инвесторларға ұлттық юрисдикция шеңберінде әлемдік активтермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жеке инвесторлар үшін шетелдік биржаларға тікелей шыққандағыдан әлдеқайда арзан әрі ыңғайлы. Мұндай тәсіл инвестициялық портфельдерді әртараптандыруға және әлемдік компаниялардың танымал акциялары мен ETF құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, операциялық тәуекелді азайтады, сондай-ақ инвестицияны анағұрлым қауіпсіз әрі ашық етеді. Осылайша, KASE Global шынымен де жергілікті нарық пен жаһандық қаржы құралдарын байланыстыратын көпір рөлін атқарып, қазақстандық инвесторлардың мүмкіндіктерін арттырады.

– KASE Global секторының инвестициялық мәдениет пен халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудағы рөлін қалай бағалайсыз?

– KASE Global секторының осы бағыттағы үлесі зор деп санаймыз. Ол қазақстандық инвесторларға жергілікті нарықтан шықпай-ақ, әлемге танымал компаниялардың акцияларына инвестициялауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге инвесторлар отандық компанияларды да назарынан тыс қалдырмайды, бұл олардың ұлттық нарық туралы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді. KASE мен Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің сауда-саттық жасау үшін сенімді және ашық инфрақұрылым ұсынатынын атап өткен маңызды, себебі бұл инвестициялау процесін барынша қауіпсіз әрі ыңғайлы етеді. Сонымен қатар қор биржасында ашық сауда-саттық арқылы жасалатын мәмілелерге бірқатар салықтық жеңілдік беріледі. Бұл да инвесторлардың белсенділігін арттырып, халықтың қаржылық сауаттылығын нығайтуға ықпал етеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 10:24
Талқылау