Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

50 миллиард доллар, 50 жылға жуық қызмет: Адамзат тарихындағы ең ірі қаржы пирамидалары қандай?

Халықтың ақшаға деген қажеттілігі артқан қоғамда қаржы қақпандарынан да көз ілінер емес. Соңғы жылдары елімізде оңай олжаға кенелудің, жеңіл ақша табудың, бірден байып кетудің түрлі жолын ұсынған ұйымдар қатары кемімесе, азайған жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 43 қылмыстық іс тіркеліп, 4 мыңнан аса адам қаржы пирамидасынан зардап шеккен, ал шығын 3 миллиардтан асады. Қаржы пирамидасы қалай пайда болған? Оны анықтаудың жолы бар ма және оның түрлері қандай? Stan.kz ақпарат агенттігі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. 


Қаржы пирамидасы дегеніміз – ақша немесе мүлікті тарту арқылы қабылдаған кірісті қайта бөлу және басқа адамдардың жарнасы есебінен бірнеше қатысушының баюына ықпал ету. Оның басты ерекшелігі – тез және оңай ақша табуға берілетін уәде.

Жалпы қаржылық пирамида ұғымы 16 ғасырдың алғашқы жартысында пайда бола бастады. Яғни ең алғашқы қаржы қақпанын 1717 жылы Джон Ло есімді қаржыгер құрған еді. Ол өз ісін Францияда жүзеге асырды. Шотландиялық азамат негізінен қаржы саласындағы біліктілігін аталмыш елдегі банк ісінде дәлделдейді. Осылайша “Миссисипи” деп аталған компания құрады. Мұнда құнды қағаздар саудаланды. Яғни, ақшасы бар француздықтар байлық ретінде осы құнды қағаздарды сатып алуға тырысатын. Алғашында 500 лиралық құнды қағаздар 200-300 лирадан саудаланса, кейін сұраныстың жоғары болуына байланысты 18 мың лираға дейін қымбаттады. Жұрт бұл акциялар арқылы өзіне қажет қызметтердің орнына да төлем ретінде пайдалана бастады. Десе де компания қызметі ұзаққа созылған жоқ. 1720 жылы саяси қақтығыстар елдің экономикасына кері әсерін берді. Дәл осы жылы Джон Ло банкроттық жариялайды. Ал бар дүниесіне құнды қағаздар сатып алған француздықтар әп-сәтте кедейлер қатарына қосылады. Бұл жағдайдан кейін тіпті билік парламенті қаржыгерді өлім жазасына кесуді талап етеді. Өйткені елде көптеген тұрғын осы акцияларды бар ақшасына айырбастап, байлардың қатарында шалқып жүретін. Джон жасырын мемлекеттен қашып шығады. Әрі бірнеше жыл Францияға қайта барар кұн түсер деген үмітпен өмір сүреді. Бірақ 1729 жылы Венецияда көз жұмған. 

Ал ең ірі және ғұмыры ұзақ болған қаржылық пирамиданы 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф есімді азамат ұйымдастырған. Оның ұйымы 2008 жылға дейін жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында “Madoff Investment Securities” компаниясы 3 миллионнан аса адамды тақырға отырғызған. Компания негізінен ең сенімді және тиімді инвестициялық қорлардың бірі болып саналды. Халыққа құйған инвестициясын тұрақты табыс әкелетінін айтып, тіпті 46 пайыз еселенген мөлшерде қайтарылатынына уәде берген. Көптеген инвесторлар Мейдофф фирмасы инсайдерлік ақпаратқа қол жеткізу арқылы сәтті жұмыс істегеніне сенімді болды. Оның клиенттерінің арасында хедж-қорлар, банктер, қайырымдылық ұйымдары, сондай-ақ жеке тұлғалар және атақты адамдар да бар еді. Компания өзіне сенген жұрттың аңғалдығының арқасында жаңа клиенттер ақшасын ескілеріне беру арқылы артын жауып отырған. Бірақ оның алаяқтық әрекеті арада 48 жыл салып қана дәлелденген. Осылайша ұйым басшысы Бернард Мэдофф алаяқтығы үшін 150 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал компанияның қарызы 50 миллиард долларды құраған. 16 519 жәбірленушіден арыз түскен екен.  

Өткен ғасырдың 90-жылдарында "МММ", "Телемаркет", "Тибет", РДС, "Хопер-инвест", "Смагулов және К" сынды пирамидалар да халық арасында кең тарады. Ал тәуелсіз ел болғалы Qnet, Гарант 24 Ломбард, Qarat Invest сынды көптеген ұйым зардабын тигізді. Жылдар зырғыған сайын заман ағымына сай қаржы пирамидалары да түрленуде. Бұрынғыдай құнды қағаздар мен ақшамен шектелмейді, зергерлік бұйымдар, кооперативтер, әлеуметтік желілер арқылы да жұмысын жалғастыруда. Шынында қаржылық пирамидаларды қарапайым бизнестен, я болмаса ресми қаржы ұйымдарынан ажырату қиын. Сондықтан мына негізгі талаптарға назар аударуды ұмытпаңыз:

Қаржы пирамидасының белгілері:

- Жоғары табысқа бірден кенеле алатыныңызға уәде беру. Яғни, салған салымыңызды ондаған пайызбен санаулы уақытта кері қайтарып алу мүмкіндігін ұсынады 

- Компанияға кіру үшін қандай да бір тауар сатып алу немесе сату негізгі шарты болып табылады. Әрі сол арқылы тез баюға болатынын түсіндіреді; 

- Белгілі бір мөлшерде алғашқы жарнаның болуы;

- Кей жағдайда артыңыздан адам тарту жүйесі бар екенін айтады, әрі солар арқылы табысты ұлғайтуға болатынын түсіндіреді;

- Көбіне жеке кездесулерге шақырады, әрі сол компанияға кіргізу үшін түрлі сценарийлер ұйымдастырады, мысалдар айтады;

- Нарықтағы бағадан төмен бағада жылжымайтын мүліктер сатып алуға, депозит, кредит рәсімдеуге көмектесетінін айтып үгіттейді;

- Әлеуметтік желіде, интернет беттерінде жарнамасы көп болғанымен, нақты компанияның қызметі туралы анықтама ақпарат болмайды. 

 



Қаржы пирамидаларының негізгі түрлері:

Негізінен қаржы пирамидалары соңғы жылдарға дейін екі түрге бөлініп қарастырылып келді. Көп деңгейлі пирамидалар және Понзи Схемасы

Көп деңгейлі пирамидалар – бұл қарапайым халыққа ең танылған әрі түсінікті түрі. Яғни, қандай да бір компанияға белгілі жарна құйып тіркелесіз. Кейін артыңыздан қосымша адамдар тартасыз. Солар салған қаражаттың белгілі бір пайызы сіздің алдыңыздағы адамдарға бөлінсе, тағы бір бөлігі өзіңізге аударылады. Осылайша тізбектеліп жаңа мүшелер қосумен жалғаса береді.  

Ал Понзи схемасын 1920 жылы америкалық Чарльз Понзи құрған еді. Бұл схема бойынша пирамида ұйымдастырушысы өз мекемесінің шотына адамдардың ақша салуын және аз уақыт ішінде осы ақшаларды үлкен пайдамен иелеріне қайтарып беретінін жариялайды. Қалтасындағы жиғанын құйған салымшы сол алатын күнін күтеді. 

пирамида

Десе де, қазір заман ағымына сай пирамиданың өзге де түрлері қаптап барады. Әлеуметтік желілер арқылы ортақ чат ашып, соған салымшы тарту немесе эксклюзивті клубтарға мүше болу. Ондай клубтар белгілі бір шараларға жеңілдік ұсынатынын насихаттайды.         

Қаржылық пирамида құрғаны үшін қандай жаза көзделген

Елімізде қаржылық пирамиданың жолын кесу, зардап шеккен жандардың ісін қарау жауапсыз қалған емес. Конституцияда мұндай ұйым қызметін жарнамалау және жүзеге асырғандар үшін қылмыстық кодекстің 217 және 217-1-бабында жаза қарастырылған. Яғни, 217 бап бойынша қаржылық пирамиданы құрғандар және басшылық еткен азаматтар жауапқа тартылады. Ал 217-1 бап пирамида қызметін жарнамалаушыларды жазалауға арналған. 

Заңгер пікірі

Stan.kz тілшілері осы орайда қаржы пирамидасына қатысты жазаның қаншалықты ауыр-жеңілін белгілі заңгер Думан Көпбаевтан сұраған еді. Маман көңілі толмайтынын айтты. Сөзінше, жауапкершілікті тағы да қатаңдату керек. Онсыз саңырауқұлақтай көбейген қаржы пирамидаларына тоқтау салу қиын, дейді. 

“Қаржылық пирамида деген заманымыздың өзгеруіне байланысты адамдардың ындынын нашарлаты. Бұл қылмыстар соған байланысты жиілеп кетті. Қазақстан ғана емес бүкіл әлем бойынша өзекті мәселе десем болады. Осы орайда өз тарапымнан мынадай ұсыныстар айтар ем. Яғни пирамиданы санатының ауырлығына байланысты шпионаж, мемлекетке опасыздық жасау қылмыстарының жазасына теңестірсе дұрыс болар еді. Сол кезде қаржылық махинация жасайтын адамдар өмірбақи жазаға кесіліп кетпеймін бе деп ойланады, күдік болады. 217, 217-1 баптардың жазасын ауырлату керек. Қазіргі заңға қарағанда едәуір ауыр болу керек деп санаймын”, – дейді заңгер. 

Сонымен қатар Думан Көпбаев халық кез келген жағдайда дәлелді заттарын жинап жүруі керек деген кеңесін де айта кетті. Хат-хабарлама, ақша аударымдары, чек, не бар барлық айғақты жоғалтпауы тиіс дейді. Себебі қаржы пирамидасына алданғанын түсінген кезде дәлелсіз арыздану қиынға соғатын көрінеді. 

Айта кетейік, Stan.kz бұған дейін қазақстандықтарға көп шығын әкелген ең танымал қаржы пирамидалары жайлы жазған еді.

Талқылау