Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға көп шығын әкелген ең танымал қаржы пирамидалары қандай

2022 жылы Қазақстанда 29 қаржы пирамидасы әшкереленіп, зардап шеккендерге келген шығынның жалпы мөлшері 8,3 миллиард теңгеден асқан. Соған қарамастан жеңіл ақшаның жетегіне түсіп, қаржылық пирамидалардың құрбаны болған азаматтар азаймай тұр. Ендеше қазақстандықтарға ең көп зиян келтірген еліміздегі атышулы қаржы қақпандарына тоқталайық.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, өткен жылы азаматтардың алаяқтық схемаға алданып қалуының алдын алу үшін олардың қызметін жарнамалайтын 13 000 интернет сілтемелер мен аккаунтары бұғатталған. Дегенмен адамдар жеңіл табыс көзіне қызығып, қаржысын осындай схемаларға оңай сала салады, дейді аталған агенттік.

Гарант 24 Ломбард

Еліміздегі ең атышулы "Гарант 24 Ломбард" қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам адам зардап шеккен деп танылған. Келтірілген шығынның жалпы мөлшері 30 млрд теңгеден асады.

Қылмыстық істі тергеу барысында "Gold Company LTD" қаржылық пирамидасының ұйымдастырушылары Қазақстан мен Ресей азаматтарынан тұратынын анықтаған.

Олар азаматтарға ғаламтордағы жалған инвестициялық жобалардан жоғара пайда көретіндерін айтып өтірік уәде беріп, 9 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденгені анықталды. Қылмыстық топтың әрекетінен 4 мыңнан астам адамға зиян келген.

Айта кетейік, қаржылық пирамидалардың ерекшеліктерінің бірі - олардың жетекшілері мен құрушылардың көбісі шетелде немесе өздері шетел азаматтары болады.

Аталған қаржылық ұйымды құрған 48 ұйымдастырушы мен қатысушыларына қатысты алғашқы үкім Ақтөбе қаласының №2 сотында 2022 жылдың тамыз айында шықты.

Тамыз айының соңында ең ірі қаржы пирамидасының ісі бойынша 48 айыпталушы жазаға тартылды. Олардың барлығы кінәлі деп танылған. Кінәлілер түрмеде 7 жылдан 18 жылға дейін отырады. Бұл алаяқтық жобаның басты ұйымдастырушысы Ақтөбе облысының тумасы Жанболат Есіркепов екені анықталған. Ол да ең ұзақ түрме жазасын алды.

Qarat Invest

QI Trade Kazakhstan немесе Qarat Invest қаржылық пирамидасының алаяқтығы көпке әшкере болғанға дейін олар адамдарға 6 млрд теңгеден астам шығын келтіріп үлгерген. Бас прокуратураның ұсынған дерегінше, бас кеңсесі Алматыда орналасқан компания өздерін танымал америкалық Amazon сауда алаңымен байланыстырып, адамдардың сенімін оңай жаулап алған.

Сенімгерлік басқару негізінде адамдар одан әрі пайыздық табыс алу үшін ақша аудара бастаған. Алаяқтар өз кезегінде салымшыларға салым сомасына қарай жылына 96 пайызға дейін пайда әкелуге уәде еткен.

"Алаяқтықпен ашылған компания 1 345 азаматқа зиян келтіріп, шығын көлемі 6 млрд теңгеден асып кеткен. Прокуратура бас кеңсе мен филиал басшыларының, сондай-ақ азаматтарды алдау схемасын орындаушылардың кінәсін толық дәлелдеді", - дейді бас прокуратура.

Бостандық аудандық сотының үкімімен қаржылық пирамидасын құрған 15 адам кінәлі деп танылып, 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Qnet

Қазақстандықтарды шығынға ұшыратқан компаниялардың тағы бірі – Qnet. Бұған дейін осы ұйыммен байланысы бар біраз адамның істі болғаны мәлім болған. Соған қарамастан қазір компанияның аты ғаламтор беттерінде кезігіп, қатарына қосылуға шақырған жарнамалық посттар жиі ұшырасады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, компания салымшыларды жалған "саяхатшы картасының" шотына 2000 доллар салып, оның орнына 6900 АҚШ долларын алу схемасы арқылы қызықтырып отырған. Ал бұл ақшаларды әртүрлі шетелдік қонақүйлердегі қызмет құнының 80%-ын төлеуге мүмкін екені айтылған. 

Егер салымшылардың ақшасы болмаған болса оларға бес смарт сағат сатып алу үшін онлайн несие алу рәсімдеу ұсынылған. Бірақ шынтуайында ешнәрсені сатып алмаған. Qnet Mobile қосымшасындағы ойдан шығарылған аккаунтқа "экарталар" түсіп тұрған. Оларды жолаушы картасын сатып алғанда пайдалануға болатыны айтылған.

Ұйымдастырушылар 8,5 миллион теңге көлеміндегі қылмыстық кірістің бір бөлігін қазақстандық банктердің біріндегі депозиттік шоттарға салып, депозит бойынша сыйақы түрінде қосымша табыс та тауып отырыпты.

Сонымен қоса Алматы қаласында 220 адам Qnet-тің құрбаны болған. Алматы полициясы осы іске қатысты компания басшылыраның үстінен тергеу бастаған. Тергеу барысында белгілі болғандай аталған компания Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүргізбейді. Компанияның банктік және инвестициялық қызметті, сондай-ақ банктік операцияларды жүргізуге лицензиялары мен басқа да рұқсаттары жоқ болып шыққан.

Тергеу барысы Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласы прокуратурасы мен полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

B2B Jewelry

Шетелдік азаматтар құрған қаржы пирамидасы бүкіл Қазақстан бойынша 20 мың адамды тақырға отырғызған. 

Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, Украина мен Ресей Федерациясының азаматтарынан құралған алаяқтар тобы сатып алынған соманың 104 пайызы көлеміндегі ақшаны кешбэк түрінде қайтару кепілдігімен халыққа зергерлік бұйымдарды сатқан.

Сондай-ақ олар адамдардың сенімін пайдаланып клиенттерге алтын мен күміске сыйлық сертификаттарын сатып алуды ұсынған, алаяқтар сатып алынған сертификаттың құнына және пирамидаға тартылған адамдардың санына байланысты жылына 520% дейін кіріске кепілдік берген.

Бұл қаржы пирамидасының қызметі 2020 жылы тоқтатылған. Қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысына бес жылға қаржылық қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда 230 зардап шеккен азаматқа жалпы сомасы 300 миллион теңгеден астам қаржысы қайтарылған. Шығынды өндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Вайнерлер ісі һәм "ACD Teсhnology"

Қазақстандықтарға ең үлкен зиян келтірген қаржылық пирамидаларының бірі - "ACD Teсhnology" компаниясы. Аталған финпирамиданың құрамына "Astex.Kz", "ACD technology", "Mudarabah Capital" және "Musharakah Capital" компаниялары кірген. Компания 8,5 млрд теңге залал келтірген. "Mudarabah Capital" компаниясының ісі резонанс тудырып, әлі де тергеліп жатыр. 

Осы іске байланысты жауапкершіліктен жалтарған блогер Әзімжан Сайдбаев елден қашып кеткен. Тағы бір блогер Мейіржан Төребаев қамаудан үйқамаққа ауыстырылған еді. Ал Мейірхан Шерниязов әлі қамауда отыр.

Бұл іске қатысты 14 адам үстінен тергеу жүріп жатыр. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы Алмас Құрманғалиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, "Astex" ЖШС және "ACD Technology" ЖШС қаржылық пирамидаларын тіркеген. 2020 жылы жаңа Mudarabah Capital ЖШС тіркеледі. Бұл компаниялар өздерін инвестиция саласында табысқа кенелген ұйым ретінде көрсетіп, инвесторларға ай сайын 20 пайызға дейін табыс уәде еткен.

2021 жылдың қазан айында Алматыда Mudarabah Capital басшысы қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін ұсталды. 2022 жылдың сәуірінде бұрын осы пирамиданы жарнамалауға қатысқан вайнерлер  Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды. Осы қылмыстық іс аясында 41 жылжымайтын мүлік объектісі, үш автокөлік, тоғыз банктік есепшот және 16 серіктестіктің жарғылық капиталындағы түрлі үлестері бұғатталған.

Ал Қазақстан аумағынан қашып кеткен Әзімжан Сайдбаевтың қазір қайда екені белгісіз. Алматы полициясы оған іздеу жариялаған. Бас прокуратура істің тергеліп жатқанын алға тартып, өзге ақпараттың жариялауға жатпайтынын айтады.

Соңғы жылдары Қазақстан үкіметі қаржы пирамидаларымен күресу шараларын қолға алса, Ұлттық банк пен құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық схемаларды анықтау және тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Соған қарамастан мәселенің әлі де маңызды екенін айта кету қажет, өйткені алаяқтардың құрбаны болған қазақстандықтардың қатары сейілмей тұр.

Сөзімізді қорытындылай келе, қаржылық пирамидалар Қазақстанда көп жылдар бойы үлкен мәселе болып келгенін айта кету керек. Жоғарыда аталған схемалық жолдар адамдардың тез және оңай пайда табуға деген ұмтылысына негізделген және көбінесе үлкен қаржылық шығындарға әкеліп соғады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін шаралар қабылдағанымен, адамдарды осы алаяқтықтан қорғау және кінәлілердің жауапқа тартылуын қамтамасыз ету үшін алда көп жұмыс күтіп тұр.

Талқылау