Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыныптастары сан соқтырды: Оңай ақша табамын деп қаржы пирамидасының олжасына айналған жігіттің оқиғасы

Көп жағдайда инвестициялық мүмкіндіктер немесе дамып келе жатқан кәсіпорындардың кейпімен жасырынған қаржылық пирамидалар адамдардың арманын алдап, соңынан үлкен қарыздың ізін қалдырады. Қаржылық қанаудың бұл алдамшы түрі азаматтарды қомақты пайданың тартымдылығымен азғырып, соңы ауыр зардаптарға әкеледі. Осындай пирамидалардың бірінің құрсауына түсіп қалған азамат өзінің қалай алданғанын, алаяқтардың адамдарды арбау жолдары мен қаржылық сауаттылық жайлы ойымен бөлісті.

Qnet қаржы пирамидасы жайлы 

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚБМ) мәліметінше, аталған қаржы пирамидасына салымшылар салған сома 463 миллион теңгені құраған. Qnet өз қызметін желілік маркетинг және электронды коммерция деген желеумен жүзеге асырып келген. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында пирамиданың басшысы мен құрушылары ұсталған. 

Қазақстанда 2019 жылы Qnet елдегі жұмысының 10 жылдығын атап өткен. Дегенмен Qnet қазір қаржылық пирамида белгілері бар компаниялардың тізіміне енді. Қаржы мониторингі агенттігінің (AFM) мәліметі бойынша, қаржылық пирамида мынадай жолмен табыс тапқан: инвестор 2 мың доллар салып, оның орнына жалған "саяхатшы картасы" шотына 6,9 мың доллар түсуі керек болған. Бұл ақшаны әртүрлі шетелдік қонақүйлердегі қызмет құнының 80 пайызына дейін төлеу үшін жұмсауға болады деп сендірген.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қазақстандық банктердің біріне депозитке 8,5 миллион теңге салып, сол арқылы депозиттік комиссия түрінде қосымша табыс та тауып отырған.

“Сыныптастарымның сөзіне сендім”

Qnet қаржы пирамидасының құрбаны болған жандардың бірі – Ерболсын Зияда. Қазір Алматыдағы универлердің бірінде оқитын азамат пирамиданың қақпанына мектепті аяқтаған жылы түсіп қалғанын еске алады. Оның айтуынша, мектепте бірге оқыған достарының сөзіне сеніп, көп ақша табамын деген ойының құрбаны болған.

“Мектепті бітіріп, ҰБТ тапсырып болған соң ауылда демалып жүргенмін. Мектептегі достарым тез байып кетіп, жаңа көлік алып, үнемі Дубайда демалып жүретін танысымыз жайлы жиі айтатын. Алғашында бұған мән бермедім. Бірақ уақыт өте келе ол жайлы үнемі айтып, қандай жолмен байығанын айта бастады. Уақыт өте келе “қолымнан келетін болса, неге табыс таппасқа” деген ой келе бастады”, – дейді ол.

Айтуынша, күндердің бір күні сыныптас достары ауылдағы үйіне келеді. Ол бұл сәтте өзінің достарына түбегейлі сеніп, “ақшаны күректеп табуға” дайын болған.

“Бірақ ақша салу керек болды. Менде ондай ақша болмаған соң ата-анамды көндіргім келді. Мен бұл сәтте қиялыммен миллионер атанып, Дубайда шалқып жүр едім. Достарым келіп шайдың үстінде анаммен сөйлестік. Ақша мен пайданың орасан зор кірісі болатынын, жыл сайын шетелде демалу мүмкіндігі туатынын түсіндіріп жаттық. Мен де достарыма қосылып кеткенмін. Анам басында сенімсіздік танытқанымен, жақын досымның анасы қолдағанын естіп, менің бетімді қайтарғысы келмеді”, – деп еске алады ол.

Сөзінше, олар 1 миллион теңге беріп, компанияның мүшесі атанған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін банк картасы келген. “Оны сонау Малайзиядан келеді деп асыға күттік” – дейді өзі.

“Толассыз жиналыс – ми улау”

Осыдан кейін өзі заңды деп сеніп жүрген компаниядағы нәтижесіз жұмыстары басталған. Айтуынша, барлығы басында қызық көрінген. Артынан адам жинап, “сатыдан сатыға көтерілуді” алғашында компанияның өзгешелігі деп қабылдаған.

“Пирамиданың жалдап алған кеңсесі болатын. Таң атқаннан кеш батқанша сол жерде боламыз. Кеңсеге келген адамдармен сөйлесіп, екі-үш сағат бойы миын улаймыз. Есікті жауып алып сөйлесеміз. Сыртқа шығуға мүмкіндік бермейміз, тіпті ойының бөлінуіне жол бермейміз. Фокус бір жерде болуы керек. Ол жерге кейін әкем де келді, әрине менің өтінішіммен”, – деп жалғады ол.

Айтуынша, достарының сөзінен кейін әкесі бұл жерде бір шикілік бар екенін сезгендей болған.

“Сыртқа шыққан соң маған бұл жұмыстарың дұрыс емес деді. Мұндай компаниялар бұрын да болғанын, олардың талайы сотталғанын ескертті. Ақшасы құрсын, аулақ жүр деді әкем”, – деп еске алады алданған азамат.

Оның айтуынша, қанша тырысқанымен адам шақыру оңай болмаған. Ақыры күндердің күнінде өзінің пайдасына емес біреудің пайдасы үшін тыраштанып жүргенін түсінген.

“Ол кезде барлығы кеш еді. Ия, басқа алданған адамдар секілді көп шығынға батқан жоқпын. Бірақ мектепті енді бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отырған бозбала үшін – мұның ауыр болғаны рас. Анамнан ұялдым. Олар ақшаның кері қайтпайтынын және мұның кезекті алдамшы жұмыс екенін түсінді. Бірақ бұл тақырып қайта қозғаған жоқпыз. Мен де үлкен сабақ алдым”, –дейді ол.

Ол осы жағдайдан кейін достарымен ара қатынасы қандай күйге түскені туралы айтып берді.

“Бізді осы қаржылық пирамидаға шақырып ақыр соңында кіргізген бір досымыз соңында жоғалып кетті. Біз мұны бізден ұялғаны деп түсіндік. Достарымның арасында ата-анасымен бірге қосылғандары болды. Тіпті бірінің анасы алтындарын ломбардқа өткізіп ақша алған. Енді бірі несие алған. Қарызға батқандары да болды. Ондай жағдайлар көп. Бірақ білетінім ешқайсысы салған ақшаларын кері қайтарып ала алмады”, –деп жалғады ол.

Ерболсынның сөзіне қарағанда, бұл күрделі схемада бірден-бір жеңімпаздар ең жоғарғы жақтағылар ғана екені белгілі болған. 

“Мен өз тәжірибеммен бөлісіп ғана қоймай, осы жазбадан кейін басқалар да осындай схемалардың құрбаны болудан құтылады және адамдарды алаяқтық ұйымдардың қулық әрекеттерінен қорғау үшін реттеу шаралары күшейтіледі деп үміттенемін. Жастар арасында осы себепті өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары, депрессияға түсу жағдайлары көп байқалады. Менің де өзімнің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамым шалыс болды. Өзге жастар да өмірдің бұрмалаң жолына түсіп кетпес үшін алаяқтар лайықты жазасын алады деп үміттенемін”, – деп сенеді ол.

“Жылтырағанның бәрі алтын емес”

Халықта қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан қаржы пирамидаларының арбауына жиі түсіп жататынын айтқан қаржы сарапшысы Жанар Таланова жылтырағанның бәрі алтын емес екенін баса жеткізді. Ол өз кеңесінде пирамидалық схемалардың тұзақтарын тану және алдын алу үшін адамдар білуі шарт ақпараттарды атады.

Ол қаржы пирамидасының басты белгілерінің бірі – өнімнің нақты сатылуына емес, жаңа қатысушыларды үнемі тартуында екенін айтады. 

“Заңды инвестициялар өз пайдасын жаңа мүшелердің тұрақты келуінен емес, бастапқы өнімдерді немесе қызметтерді сатудан алуы керек. Ондай сәттерде кәсіби кеңеске жүгінген артық болмайды. Егер нақты және жан-жақты ақпарат беруге құлықсыз болса, адамдар сақ болып, мұндай бизнес түрінен бойын аулақ ұстаған абзал. Ең басты назар аударарлық мәселе – заңды бизнесте тиісті органдар белгілеген қажетті лицензиялар мен тіркеулер болуы тиіс”, – деп түсіндіреді сарапшы.

Ол сондай-ақ мұндай схеманы насихаттап жатқан ұйымдардың тарихын және беделін зерттеу маңызды деп санайды. Ал кез келген өткен құқықтық мәселелер, шағымдар тарихы немесе оң пікірлердің болмауы адамдар үшін ескерту белгілері болуы мүмкін, дейді ол.

“Күдікті пирамидалық схемалар туралы білген адамдар дереу тиісті бақылаушы органдарға хабарлауы керек.Тиісті ақпаратты ұсыну билік органдарына заңсыз транзакцияларды тексеруге және оны тоқтатуға көмектеседі. Адамдар пирамидалық схеманың құрбаны болған жағдайда заңгердің көмегіне жүгінуі керек. Билік залалдарды өндіріп алуға және кінәлілерді заңды жолмен жауапқа тартуға көмектеседі”, – дейді Таланова.

Талқылау