"Құпия саналмайды": Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың ЖСН нөмірінің жариялануына қатысты пікір білдірді
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сенат кулуарында шетелдік көздерден қаржыландырылатын тұлғалар тізілімінің пайда болуына және олардың жеке деректерінің ашық ақпарат көздерінде жариялануына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ашық дереккөз
Ержан Біржанов барлығы заң аясында жасалды деп сендірді. Бұл ақпараттың барлығы 2018 жылдан бері жинақталған.
"Біз бұл жерде ешқандай жеке тұлғалардың жеке деректерін жариялаған жоқпыз. Біз үшін салық төлеушілер жайлы ақпарат маңызды. Егер салық төлеуші кәсіпкерлікпен айналысса, ол заңды немесе жеке тұлға болсын, салық төлеуші ретінде тіркелсе, салық жөнінде есеп береді. Отызыншы бапқа сәйкес, салық төлеуші туралы мәлімет қандай да бір құпия саналмайды. Атауы, ЖСН және БСН салық құпиясы емес. Сондықтан, біз оларды жариялай аламыз. Біздің сайтқа кірсеңіздер, басқа салық төлеушілерге ыңғайлы болуы үшін ЖСН немесе БСН арқылы кейбір қызметтерді үлгі ретінде жасап қойдық. Олар келісімшарттарды жасаған кезде өз тәуекелдерін есептей алуы тиіс", - деді вице-министр.
Министрлікке қарасты мемлекеттік кірістер комитеті осыған дейін шетелден қаржы немесе қандай да бір мүлік алатын азаматтар мен ұйымдардың тізімін жариялаған болатын. Тізімде түрлі салада жұмыс істейтін 240 ұйым мен азаматтың жеке мәліметтері және БСН/ЖСН деректері көрсетілген.