Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Намаз оқып, қарғыс айтамын дегенге тыйым салынған: Соңғы уақытта бірнеше журналисті қарғаған Бекболат Тілеуханның әрекеті қаншалықты дұрыс?

Атам қазақ ежелден "қарғыс алма, алғыс ал" деп өсіп келе жатқан баланың құлағына құйып өсіреді. Содан болар өскенде ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолдан ауытқымай жүруге тырысады. Қарғыс деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тиіп, көңіл құлазытады. Осыдан біраз уақыт бұрын экс-депутат, танымал өнер майталманы Бекболат Тілеухановтың отандық журналистердің бірін қарғағаны бүкіл елге жайылып, шу тудырған еді. Stan.kz тілшісі имамнан дінімізде қарғысқа қатысты қандай тәмсіл айтылғанын сұрап білді. 

дұға

ҚМДБ өкілі, Шымкент қаласының бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров қарғысқа дінімізде тыйым салынғанын бірден айтты. Оның сөзінше бір бірімізге қарғыс тілеп, кемсітудің орнына, керісінше, қолдап, жақсы дұғада болу керек. 

"Дініміз ізгілікке, ынтымаққа шақырады. Исламның негізігі мақсаты -  осы. Қарғыс айту дінімізде қайтарылған амалдардың бірі, яғни,тыйым салынған. Мұсылман адам қандай жағдай болмасын қарғыс айтпастан бұрын, керісінше, алғыс айтып, Құдайдан жақсы болуын тілеу керек. Біздің қазақта әжелеріміз тұқымың көбейсін, өркенің өссін деп ұрсып жатады. Әйтпесе ашу үстінде айтылған кез келген зілді сөздің қабыл болып кетуінен қорыққан. Ата-ананың балаға деген дұғасы қайтарылмайтынын ескерсек тек жақсы сөйлеңіздер. Одан кейін жапа шегіп, нақақтан әділетсіздікке үшыраған адамның дұғасы, қарғысы қайтарылмайды. Мүмкіндігінше ешкімді ренжітпеуге тырысыңыз. Ал ренжіткен жағдай болса кешірім сұрауға асығу керек", - дейді ол. 

Дін жолында жүрген адамның қарғыс айтқаны дұрыс па?

- Қандай жағдай болмасын дін жолындағы, бес уақыт намазы бар адам ешқашан қарғыс айтпауы керек. Керісінше, оның үндемей қалғаны абзалырақ. Бір іс жақпаса, қолмен өзгерт, қолмен өзгерте алмаса, сөзбен өзгерт, оған да күшің жетпесе, жүрегіңмен өзгерт дейді. Сондықтан бір адамның қателігін көрсеңіз, оның қателігін қолмен, сөзіңізбен өзгертуге тырысыңыз. Оған да күшіңіз жетпесе, "осы кісі жақсы кісі болса екен" секілді ниетте болуы керек. Мысал келтірейін, пайғамбарымыз Тайп қаласына барғанда халық оны келемеждеп, ұрып-соғып, жәбір көрсетеді. Қаладан қанжоса болып шыққанда Жәбірейлі дұға жаса дейді. Қарғыс айт деп тұр ғой енді. Алла әмірімен Тайп қаласын саған көрсеткені үшін жермен жексен қыламын дейді. Сонда асыл Пайғамбарымыз "Қазір бұлар түсінбей тұр. Бірақ ұрпақтары иманды болады деп" дұға еткен екен. Бүгінгі таңда сол Тайп қаласы имандылықтың ұясы болып отыр. 

Сондықтан қандай істе де асықпау керек. Зиялы қауым болсын, қарапайым адам болсын, дін жолында жүрген адам болсын мүмкіндігінше сабыр сақтап, жақсылыққа ұмтылу керек. Таспен ұрғанды аспен ұр деп өткен бабаларымыз. Мейілінше жақсылық тілеу керек. Кім біледі сіздің тілеуіңізбен дұғаңыздың шарапатымен ол адам кінәсін мойындап алдыңызға кешірім сұрап келуі мүмкін.

Намаз уақытында дұғасына қарғыс қосу орынды ма?

- Дінімізде құлшылық кезінде намаз оқығанда қабыл болатын кез. Намаз оқылғанда ізгілік тілеуі керек. Намаз оқып, соңында қарғысымды айтамын деген ой дұрыс емес. Бір жаман нәрсені істеймін деп тұрып, істемесеңіз екі сауап жазылады. Пенде болған соң біреуге налып қаласыз, жек көріп қаласыз сонда шамалы сабыр сақтап, шыдасақ екі қуанышқа келеді екенбіз. 


Қарғыс орындала ма?

- Қазақта жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген әдемі сөз бар. Демек бір адамның аузынан қарғыс сөз шықса, келесі адам сол сөзге лайық болса, қарғыс өтеді. Ал кінәсіз болса, қарғыс өз иесіне қайта оралады. 

Қарғыстан қалай сақтану керек?

- Біріншіден адам баласы тазалыққа мән беруі керек. Өзін және айналасын таза ұстауы керек. Киген киімі, тұратын үйі, жұмыс орны бәрі таза болғаны жөн. Екінші үнемі дәретпен жүруі керек. Үшіншіден "Фатиха", "Фәләқ", "Ясин", "Ықылас", "Нас", "Аятүл-Күрси" деген сынды дұғаларды оқып жүрсе, түрлі жамандықтан, бәле-жала, қарғыстан аман жүреді. 

Қарғыстан сақтанудың тағы бір жолы садақа беріп, қайырымды болу. Бидай наның болмаса, бидай сөзің болсын дейді қазақта. Жасаған игі істеріңіз алдыңыздан жақсылық болып оралады. 

Еске салсақ, күні кеше "Жас Алаш" газетінің журналисі Тоқтар Жақаш өзін Бекболат Тілеуханның қарғағанын айтты. Журналист  қарғысы үшін Бекболат Тілеуханды партиядан шығарып, қатаң жазаға тартылуын талап еткен. Депутат қарғады деп жазған журналистің бұл жазбасына сенгендер де себегендер де табылды.

Ал осыдан бірер ай бұрын дінді берік ұстанатын экс-депутаттың тағы бір қылығы сынға іліккен еді. 

Талқылау