Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қараусыз жүрген жануарлар": Қазақстанда жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жаңа шаралар ұсынылды

Фото: agro.kg

Қазақстандық мамандар үй жануарларын тіркеу, бақылау және стерилизациялау арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғындар тарапынан қараусыз жүрген үй жануарларының көбейгені жөнінде шағымдар жиілеп, әлеуметтік желілерде резонанс туғызып, қайғылы оқиғалар жиілеуде. Бұл жағдай уәкілетті органдар жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді. Қадағалау, бақылау, алдын алу және жауапкершілік жүйесі әлі де осал болып отыр.

Ресми деректерге сенсек, өткен жылы қараусыз жануарлардың салдарынан жол-көлік оқиғалары Алматы облысында – 59, Түркістан облысында – 36, Абай облысында – 34 жағдай тіркелген. Әрбір оқиға артында адам тағдыры, денсаулық, материалдық шығын тұр.

Мәселені шешу мақсатында мамандар бірнеше шараны ұсынады:

•    Үй жануарларын міндетті тіркеу, таңбалау және бірыңғай республикалық цифрлық база құру;

•    Жануарлардың бақылаусыз көбеюін болдырмау үшін аналық жануарларды ұстауға рұқсатнама жүйесін енгізу және рұқсатсыз жағдайда иесінің есебінен міндетті стерилизациялау;

•    Қаларалық, ауданаралық жолдарда қауіпсіздікті күшейту;

•    2025-2027 жылдарға арналған кешенді ұлттық жоспар әзірлеу қажет.

Мамандардың пікірінше, қоғамның өркениеттілігі жануарларға қарауымен өлшенеді. 

"Дегенмен гуманизм жауапкершілікпен қатар жүруі қажет. Жауапкершіліксіз мейірім қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Мемлекет жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырумен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті", –делінген хабарламада.


Құлсарыда түйе баланы таптап кетті (видео)


Маңғыстау облысында қаңғыбас мысық тістеп алған ер адам көз жұмды


Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысы мал шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі болса да, жануарлардың автожол маңында бақылаусыз жүруі жол қауіпсіздігіне қатер төндіретінін жазған едік. Осы мәселелерді шешу үшін облыстық прокуратура мен мүдделі органдар алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 18:09
Талқылау