Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында су ортасында қалған ауылдан тұрғындары шыға алмай отыр

Қарағанды облысында бүтін бір ауылға баратын жалғыз жолды тасыған өзен суы шайып кетті. Салдарынан тұрғындар бірнеше күннен  бері ағысы қатты тасқын қоршаған ауылдан шыға алмай қалған. Биліктегілер, ауыл маңынан өтетін Шерубай Нұра өзеніне көктемде тағы 3 өзен суы қосылатынын айтады. Сондықтан жылда жөнделетін жолды, көктем сайын су шайып кетеді екен. Бұл туралы КТК аранасы хабарлады.

Тұрғындар бұл жағдайдың жылда қайталанатынына және меселенің түбегейлі шешілмей келе жатқанына қапалы.

Тұрғындар ауылдан алты қадам аттап шыға алмай, үйлерінде қамалып отыр. Себебі, ауылға кіретін жолдың сиқы мынау. Айтуыларынша, шенеуніктер жылда жолды жамап-жасқағанымен, әр көктем сайын осындай жағдай қайталанып отырады екен.

Мұны атқамінерлер де қымсынбай айтады. Ал қар ерісе қабағы түсетін жұрт бұдан әбден мезі болған. Жылдың осы мезгілінде аралда қалатын ауыл тұрғындары, тамақты тасып жеп, баланы сабаққа жібермейміз дейді.
“Мынау 17 шақырым жерге қатынасу керек балалар. Сол балалар үшін шулап жатырмыз. Жібермейміз дедік. Ал бір аптада ол су басыла ма, басылмай ма? Тамақты қапқа шейін арқалап өтеміз. Жаңа сіздердің алдарыңызда бір қап ұнды арқалап өтті балалар. Былтыр өзен қатты тасыған сонда да айтқанбыз. Жылда, жылда осы. Өзгеріс болу керек қой. Сендер картада жоқсыңдар дейді. Білмеймін біз кімге қараймыз?”, – дейді Шопа ауылының тұрғыны Жібек Рахымбекова.

Тұрғындар  жолды су шайғанда, мына аспалы көпірмен жаяу өтетін көрінеді. Бірақ оның қазіргі жайы адам шошырлық.
“Мына көпір апатты жағдайда. Осыдан біз балаларымызды өткіземіз. Тамақтарымызды әкелеміз арқалап. Осылай қалай өмір сүруге болады?”, – дейді Шопа ауылының тұрғыны Алмагүл Смағұлова.

Дегенмен, бұл аспалы көпір мемлекеттің емес, су деңгейін тексеру үшін салынған «Қазгидромет» мекемесінің балансында екен. Оның үстіне бұл көпір жөнделген күннің өзінде өзен арнасынан асса, оны да су шайып кетеді. Шенеуніктер су алатын жолды жылда жөндеп, тасқынның алдында қариялар мен науқастарды ерртерек ауылдан шығарамыз дейді. 10-15 күнге жететін азықпен қамдануды да ескертеді. Қолдарынан бар келері осы екен.

“Бұл жерге үлкен жол салынса, бәрібір ол сумен шайылып кетеді. Бұл жерге кәдімгі үлкен аспалы көпір салынуы керек. Өзеннің арнасына есептеліп. Оған кәдімгідей үлкен жоба қажет. Мына жерде барлық тұратыны 147 адам бар. Бізде бұдан да ірі елді мекендер бар ғой. Олардың да жолдары осындай жағдайда”, – дейді Шет ауданы әкімінің орынбасары МұхитМұхтаров.

Аудан басшылығы 4 өзеннің тоғысатын жерінде орналасқан ауылдағы мәселе өзекті екенін жасырмайды. Қол қусырып отырған да жоқпыз дейді. Айтуларынша, кеңес кезінен иесіз жатқан жолды аудан балансына алу жұмыстарын бастапты. Ал сол заманнан бері ширек ғасырдан асқанша ойланып жүрген билікке, сәуір туса сумен алысатын елдің өкпесі қара қазандай.

Тағы оқыңыз:

Жезөкшелерді қамшымен сабаған Жан Ахмадиев: Депутат болсам, біраз нәрсені өзгертер едім

Шымкентте әкесі мен қызын өз үйінде өлтіріп кеткен сол үйдің баласы болып шықты

Өскеменде ойыншық тапаншамен дүкеннен 8 мың теңге ұрлаған тонаушылар видеоға түсіп қалған

Оралман терминінен бас тарту: Шешімді арнайы комиссия қабылдайды

Оралда су тасқыны: Ата-аналар балаларын мектепке көтеріп апарып жүр (фото, видео)

Талқылау