Қарағандыдағы улану оқиғасы: Әлихан Смайылов балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді тапсырды
Қарағанды облысында балалардың улануына қатысты премьер-министр Әлихан Смайылов тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа балалардың денсаулығын бақылауда ұстау керек екенін атап өтті.
"Ажар Ғиниятқызы, балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстаңыздар. Әкімдіктер интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуі қажет. Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуі тиіс", - деді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Премьер-министр ішкі істер органдары да бұл бағытта мұқият жұмыс істеу керегін айтты. Балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейту туралы тапсырма берді.
Еске салайық, 1 тамызда Қарағандының арнаулы әлеуметтік орталығында балалар жаппай уланып, оқиға салдарынан 13 жастағы бала көз жұмған еді.