Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ашаршылық құрбандарын еске алу шеруіне шақырған: Қарағандыда белсенді қамауға алынды

Фото: gov.kz

Қарағандыда саяси репрессия және ашаршылық құрбандарын еске алу үшін шеруге шақырған жергілікті белсенді 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соттың мәліметінше, белсенді тұрғындарды 30 мамырда Қарағанды қаласының орталығында шеруге шығуға шақырған.

"Сот 2025 жылдың 21 мамырында шамамен сағат 16:50-де күдікті Ж WhatsApp мессенджерін пайдаланып, 2025 жылдың 30 мамырында Қарағанды қаласының орталық бөлігінде рұқсат етілмеген шеру өткізілетіні туралы ақпарат таратқаны анықтады. Іс материалдарына сәйкес, бұл шара саяси репрессия құрбандарын еске алу мақсатында жоспарланғанымен, ұйымдастырушы насихатты заңда белгіленбеген мерзімде жүргізген, бұл заң талаптарына сәйкес емес. Сот Ж-ның бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескерді", – делінген Қарағанды қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінде. 

Сот белсендіні "бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.

Айта кетейік, бұған дейін белсенділердің саяси репрессия мен аштық құрбандарын еске алуға арналған бейбіт шеру өткізу туралы хабарламаларына Астанада, Өскеменде, Шымкентте, Павлодар мен Петропавлда әкімдіктер рұқсат бермеген еді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етіп митинг өткізбек болған белсенділерге рұқсат берілмеген еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Мамыр, 2025 20:18
Талқылау