Қарағандыда машина жасау бойынша республикалық олимпиада өтті
Қарағандыда екінші рет машина жасау бойынша республикалық олимпиада ұйымдастырылды. Жарысты Қарағанды құю-машина жасау зауыты мен Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олимпиаданың басты мақсаты – жастарды инженерия саласына тарту, техникалық мамандықтардың маңызын көрсету және дарынды жастарды қолдау.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен, 8 қыркүйекте өткен онлайн іріктеуде елдің түкпір-түкпірінен 137 оқушы мен студент бақ сынады. Соның ішінде 14-і финалға өтті.
Ақтық сын 27 қыркүйекте Қарағанды құю-машина жасау зауыты базасында өтті. Петропавл, Шымкент, Атырау, Орал, Балқаш және Қарағандыдан келген қатысушылар білімдерін сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы олимпиаданың басты ерекшелігі – қатысушылар санының артуы. Былтыр 127 үміткер болса, биыл олардың қатары 137-ге жеткен. Сонымен қатар Балқаш қаласындағы Қазақмыс колледжінен бірден 7 студент қатысып отыр.
“Менің байқағаным, балалар жан-жақты. Сұрақтарға нық әрі жинақы жауап береді”, – дейді ұйымдастырушылар.
Финалдық турда қатысушылар теориялық сұрақтарға жауап беріп, бөлшектердің эскизін сызды, тораптарды құрастырды және басқарушы бағдарламалар әзірледі.
Жеңімпаздар
- I орын – Николай Березка (Петропавл). Ол кез келген ЖОО-да “Машина жасау” мамандығы бойынша оқу грантын жеңіп алды.
- II орын – Ағыбай Оралхан (Балқаш). Бір жылдық стипендия иегері атанды.
- III орын – Мерей Ноғайбаева (Шымкент). Жүлде ретінде MacBook иеленді.
Жеңімпаздардың пікірі
Грант иегері Николай Березка – Петропавлдағы Байкен Әшімов атындағы техникалық колледждің 4-курс студенті:
“Бұл – креативті мамандық. Мен отаныма өз үлесімді қосуды армандаймын. Сондықтан осы саланы таңдадым, еш өкінбеймін. Бұл менің алғашқы олимпиадам. Болашақта құрылғыларға жөндеу жасайтын шағын кәсібімді ашқым келеді”, – деді ол.
13 ұлдың арасындағы жалғыз қатысушы – Мерей Ноғайбаева. Ол Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі:
“Мен негізі ғылым саласын таңдағанмын, инженерияға аса қызықпайтынмын. Бірақ бұл жарыста үшінші орын алу – маған үлкен мотивация болды. Қатысушылар арасында жалғыз қыз болу қиындық тудырмады. Болашақта шетелде оқуды армандаймын. Ұйымдастырушылар жолымыз бен жатын орнымызды толық қамтамасыз етті”, – деді ол.
Қарағанды техникалық университетінің атқарушы директоры Аристотель Исағұлов олимпиаданың өндіріс пен білім беруді байланыстыратын маңызды бастама екенін айтты:
“Бұл – болашақ инженерлерді қолдауға бағытталған қадам. Алдағы уақытта олимпиаданы дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр”, – деді ол.
"Maker" ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов та қолдады. Оның айтуынша, саладағы тұрақтылық пен мамандарға деген сұранысты атап өтті.
“Екінші республикалық олимпиада – бұл сала үшін дәстүрге айналып келе жатқан маңызды шара. Бұл арқылы машина жасау саласының қаншалықты қажет әрі өзекті екеніне көз жеткізуге болады. Біз Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен бірлесе отырып, болашақ мамандарды өзіміздің зауыт базасында даярлап жатырмыз. Машина жасау – қашан да сұранысқа ие, тұрақты саланың бірі. Жалақы жыл сайын өсіп келеді. Қазір зауыттағы жұмысшылардың орташа айлығы – 670 мың теңге. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта кәсіпорында 854 адам еңбек ететін болады. Біз жылына 12 мың тонна дайын өнім шығарамыз. Оның жалпы көлемі шамамен 22 млрд теңгеге тең. Ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш бар болғаны 6 млрд болатын. Биыл зауыттың құрылғанына 85 жыл толып отыр", – деді Жәнібек Байғабелов.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
