Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда логопед сабақ үстінде баланы ұрып жіберген, күдікті полицияға жеткізілді (видео)

Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда логопед сабақ үстінде баланы басынан ұрған. Жағдайды бүлдіршіннің анасы баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Баланың анасының сөзінше, әкесі ұлын сабақтан алуға барып, кездейсоқ осы жағдайға тап болған. Сосын оқиғаны бірден сыныптың төбесіне жақын орналасқан кішкентай терезеден түсіріп алған. Кадрдан мұғалімнің сабақ оқып отырған баланы басынан соғып жібергенін көруге болады. 

“Ұлымның осы мұғалімнен сабақ алып жүргеніне 1 жыл болды. Бұл жағдайды көріп қатты таңғалдық. Сосын бірден ұлымызды алып кеттік. Логопед ештеңе түсіндіре алмады”, – дейді баланың анасы. 


“Қан қысымы көтеріліп кеткен”: Оқушысының анасынан сөз естіген мұғалімнің қызы жылап қалды


Алматыда оқушының ата-анасы мұғалімді бопсалап, 20 миллион теңге талап еткен


Әйелдің айтуынша, кейінірек логопед қоңырау шалған, бірақ кешірім сұрамаған. Ал бала жағдайды растаған. Ата-ана ол сәтті де видеоға түсіріп алыпты. 

“Бұл маманның қабылдауында балалар көп. Сабақ әр жарты сағат сайын өтеді. Күн сайын кабинетіне көп оқушы келеді. Сондықтан оқиғаны жария түрде айтамыз деп шештік. Бұл басқа ата-аналарға жасаған үндеуіміз болсын. Сосын олар жағдайды өздері бағалап, сабақты жалғастыру-жалғастырмау туралы ойланар. Десе де мұны бір жыл өткен соң ғана көргеніміз өте өкінішті. Кездейсоқ түсірілген видео тіпті ойламаған жайтты көрсетіп берді”, – дейді баланың анасы. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қарағанды облыстық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. Полиция мәліметінше, 44 жастағы жеке логопед полиция бөлімшесіне жеткізілген. 

“Аталған дерек бойынша тексеріс басталды. Оқиғаға қатысы бар тұлғалар анықталды. Материал полицияда тіркелді. 44 жастағы жеке логопед мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру қорытындысы бойынша полицейлер оның әрекетіне құқықтық баға береді”, – делінген хабарламада. 

Ал өңірдегі омбудсмен жағдай полиция мен Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында екенін жеткізді. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында дене шынықтыру мұғалімі оқушыны шашынан сүйреп, соққы жасағаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 11 Желтоқсан, 2025 16:01