Қарағандыда 15 жыл құлдықта болған ресейлік азамат еліне оралмақ
Қарағандыда 15 жыл құлдықта болған Ресей азаматы еліне оралатын болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
Арна мәліметінше, Салават Ахматгареев есімді ресейлік азамат әскерден оралған соң Қазақстанға келіпті. Алайда құжаттарын жоғалтып, құлдыққа түседі. Тамақ пен пана үшін ол мал бағып, үйдің шаруаларымен айналысыпты. Ал Ресейде оны қайтыс болып кетті деп ойлаған сыңайлы. "Қожайыны" өмірден өткен соң бостандыққа шыққан ол алты жыл бойы өзінің тірі екенін дәлелдеумен келеді.
4 желтоқсанда Салават Ахматгареев ресейлік төлқұжатқа ие болған. Құжатты алуға "Қайсар" қоғамдық қоры жәрдемдескен. Енді ресейлік азамат шекара ашылуын күтіп отырғанын айтады. Алғашқы кезекте ол өзінің "зиратына" бармақ.
"Отаныма қайтамын деген мақсатым бар. Қызымды, немеремді көргім келеді. Анамның бейітіне барып, өзімнің зиратымды көргім келеді. Менің орныма кімді жерледі деген сұрақ мазалайды. Анама кімнің денесін көрсеткені белгісіз", - дейді ол.