Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында үш адамға шабуыл жасаған қасқырдан құтырма ауруы анықталды

Ұлттық ветеринарлық орталықтың сараптамасы бойынша Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында халыққа шабуыл жасаған қасқырдың құтырмаға шалдыққаны анықталды. Осыған байланысты 2023 жылдың 27 желтоқсанынан бастап Қарқаралыда профилактикалық мақсатта шектеу шаралары жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қарақаралыда карантин енгізілді. Мұндай шараға қалада өлтірілген қасқырдан құтырманың анықталуы себеп болып отыр.

"Астана қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығында қасқырдың миын зерттегенде құтыру ауруы анықталды. Осыған орай Қарқаралы қаласында құтыру ауруына шектеу қойылады деген ойдамыз", - деп мәлімдеді Қарқаралы қаласының әкімдігі.

Осыған байланысты қалада келесідей шараларға тыйым салынады: 

  • иттер мен мысықтардың көрмесін өткізуге, құтыруға күдікті болған малдың өнімін (сүт, ет, тері) шығарып, тасымалдауға; 
  • ауыл шаруашылық жануарларын, иттер мен мысықтарды шығаруға және тасымалдауға.

Профилактикалық шаралар барысында иттер мен мысықтарды және басқа да жануарларды ұстау жағдайын тексеру бойынша аулаларды аралау жүргізілетін болады. Ауруға күдікті болған жағдайда, дезинфекция жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық жануарларға (ауыл шаруашылық жануарлары, ит, мысық) құтыру ауруына қарсы екпе жасалады.

Жоспар бойынша бұл шектеу шаралары бір айға енгізіледі.

"Бүгінгі күнге дейін Қарқаралы қаласында ауыл шаруашылығы жануарларынан, иттер мен мысықтардан құтырма ауруы анықталған жоқ. Мал мен иттеріңізде құтырма ауруының белгілері байқалса, дереу аудандық ветеринариялық инспекцияның 31939, 32304 ветеринарлық бекетіне хабарласу қажет", – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды ​​облысының Қарқаралы қаласында үш адамға қасқыр шабуыл жасап, зардап шеккен азаматтар аурухана көмегіне жүгінген.

Талқылау