Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында дала өртін сөндіруге көмектескен адам қайтыс болды

Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде үш адам зардап шеккен. Денесін 90% күйік шалған ер адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24"-ке сілтеме жасап.

аурухана

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 17 және 18 қыркүйекте Қарағанды облысының аумағында Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандары аумағында алты дала өрті сөндірілген. 

"Қарқаралы ауданы Балқантау ауылдық округінде болған табиғи өртті жою кезінде Егіндібұлақ ауылының 1989, 1979 және 1973 жылы дүние келген үш тұрғынының денесін күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Олар 18, 28 және 90% термиялық күйік алған", – деді төтенше жағдайлар департаменті.

"Хабар24" арнасы мәлімдегендей, денесінің 90% күйіп қалған 48 жастағы ер адам ауруханада қайтыс болды. Тағы екі зардап шегуші ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы қалыпты екенін жеткізді.

Айта кетейік, өртті сөндіруге 300-ден астам адам мен 90-нан астам техника жұмылдырылды.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде дала өрттерін сөндіруге қатысу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды еске салды.

"Өз күштеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді объективті түрде бағалаңыз. Өртке жақын және басқа да қауіпті аймақтарға жақындамаңыз", – деп ескертті құтқарушылар.

Талқылау