Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қапшағайлық кәсіпкер: Сапалы өнім қай кезде де сұранысқа ие

“Еңбек” бағдарламасы аясында өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі қапшағайлық – Назгүл Ақжолтаева. Бүгінде Damdi Alem брендімен ауыл-аймақтың барлығын тұшпара, мәнті, самса сынды жартылай фабрикаттармен қамтып отырған кәсіп иесімен Stan.kz тілшісі әңгімелесіп қайтқан еді.

– Назгүл, білім саласынан кәсіпкерлікке бет бұруыңызға не түрткі болды?

– Мен өз саламда қызмет атқарсам да, биіктен көріне алар едім. Бірақ жеке кәсібімді бастауды құп көрдім. Себебі, өздеріңіз білетіндей, жеке кәсіпте табысыңды арттыру – өз қолыңда. Сондай-ақ ешкімге бағынбай, еркін жұмыс істеу мүмкіндігіне иесің.

Бастапқыда үйден түрлі торт, бәліш пісіріп, тұшпара түйіп саттым. Табысын да көре бастадым. Ойлана келе кәсіпкерлікке түбегейлі бет бұруға шешім қабылдадым. Бірақ бас салып, қолдан келгенді жасап сата беру де жеміс бере қоймайтыны анық қой. Бұл тұрғыда білім алып, қолға алған ісіңнің өрісін кеңейтіп ары қарай дамыту керек. Дәл осы аралықта кәсібін бастайтындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін естіп, Кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалына табан тіредім.

– Кәсібіңізді дамытуға “Бастау Бизнес” қалай ықпал етті?

”Бастау Бизнесті” мен сияқты жас кәсіпкерлерге қанат бітіретін, берері мол жоба деп есептеймін. Курсқа қатыса отырып мен аймағымызға керекті тауарлар нарығына зерттеу жүргіздім. Түрлі өнімдердің дайындалуына кететін шығыны мен түсетін пайдасын есептеп, талдау жасадым. Нәтижесінде халықтың консерванттарсыз, мұздатылған жартылай фабрикаттарға деген сұранысының жоғары екендігіне көз жеткіздім. Курс барысында алған білімім арқылы осы бағытта өнімнің түр-түрін шығару тиімді деген байламға келдім.

“Еңбек” бағдарламасы аясында білім алып қана қоймай, өзіме қойылған тиісті талаптарды орындап, грантқа да қол жеткіздім.

– Атаулы грант қаржысына сатып алған құрал-жабдықтарыңыз ісіңіздің алға жылжуына қандай септігін тигізіп жатыр?

– Грантты иеленгеннен кейін, қамырды илейтін және жаятын арнайы ас үй комбайнын сатып алдық. Сонымен қатар дайындалған өнімдерді сақтау үшін мұздатқыш және цех жұмысын жүргізуге қажетті арнайы өндіріс үстелі сатып алынды. Аталған құралдардың барлығы ашқан цехымыздың жұмысын ілгерілетуге ықпал етті.

“Бизнес Бастауға” дейін барлық өнімді ешбір құрал-саймансыз дайындайтын едім. Қолмен қамыр илеу, жаю деген жұмыстардың барлығы, бір өнімді дайындаудың өзі қыруар уақыт пен күшті қажет ететін. Ал қазір арнайы құралдардың арқасында барлығы жеңіл атқарылып жатыр. Әрі ісіміз әлдеқайда өнімдірек.

– Сіздің цехтан бүгінде қандай өнімнің түрлері шығып жатыр?

– Біздің цехта әзірленетін өнімдердің басым бөлігі – жартылай фабрикаттар. Әсіресе уақыт өте тығыз кезде дайындап жеуге өте қолайлы. “Ас – адамның арқауы” демекші, Damdi Alem-нің дәмді тағамдарын арнайы іздеп келіп сатып алатын кісілердің саны артуда. Қазіргі таңда тұшпараның, вареникидің түр-түрін шығарып жатырмыз. Сонымен қатар мәнті, самса, котлеттер, қырыққабат орамы, хинкали және т.б. өнімдер шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта өнім түрлерін бұдан әрі көбейтуді жоспарлап отырмыз.

– Damdi Alem өнімдерінің ерекшелігі қандай?

– Біздің өнімдің басты ерекшелігі – ешқандай химиялық қоспаларсыз табиғи жолмен дайындалуында. Тұшпараны және басқа да өнімдерді тартылған еттің сапасын жоғалтпай әзірлейміз. Әрі өнімдеріміздің сақтау мерзімі аз. Сондықтан да балғын мұздатылған өнімдер өзінің дәмін жоғалтпайды. Әрбір өнімнің арнайы сертификаты бар. Көкөніс шырындарынан әзірленген түрлі-түсті тұшпара, саңырауқұлақ және ірімшік қосылған вареникилер көпшіліктің сұранысына ие.

– Кез келген кәсіп ә деген бетте-ақ дамып кете қоймайды. Осы жолда қандай да бір қиындықтардың кезігетіні белгілі. Бұл тұрғыда сіз не айтар едіңіз? 

– Кәсіпкерлікпен айналысу – тынымсыз еңбекті талап ететін жұмыс. Бір сәтке де босаңсуға болмайды. Әсіресе цехты салу барысында құрылыс материалдары бағасының қымбаттығы өндіріс орнының өз жұмысын дер кезінде бастауына айтарлықтай кедергі келтірді. Осы аралықта денсаулығым да сыр берді. Сөйтіп уақытша жұмыстың бәрі тоқтап қалған кездер де болды. Мұның бәрі, қазір артта қалды. Қазіргі таңда жұмысымыз жүйелі түрде жолға қойлып, қарқынды жүріп жатыр.

Өз кәсібін бастағысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Несібемізді теріп жеу үшін әрбірімізге әртүрлі қасиет берілген ғой. Әрқайсысымыз өз бойымыздағы қасиетті дамытып, сол бойынша талмай жұмыс істегенде ғана белгілі бір деңгейде жетістікке жететініміз анық. Ата-бабамыз бұл тұрғыда “қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек” деп бір ауыз сөзбен түйіндеді емес пе?! Осы тұста мен замандастарымды мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқан “Бастау Бизнес” сынды курстарды оқып, өз кәдемізге жаратуға шақырамын. “Көз – қорқақ, қол –  батыр” демекші тәуекел етіп, іске кірісер болса, әрбір жанның қолынан биікті бағындыру келетініне сенімдімін!

– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан: Гүлмира Садық

Талқылау