Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кептеліс мен "смог" мәселесін шешпеді, жаңа жолдарға қайта асфальт төседі: Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінде несімен есте қалды

Фото: Алматы әкімдігі

24 мамыр күні Ерболат Досаев ресми түрде Алматы әкімі қызметінен босатылды. Үш жылға жуық әкім лауазымында болған шенеуніктің кезінде Алматы шаһарында қандай өзгерістер болды, не жаңарып, не аяқсыз қалды? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерболат Асқарбекұлы Досаев 21 мамыр күні 55 жасқа толды. Ол 2003–2004 жылдары – Қаржы министрі, 2004–2006 жылдары – Денсаулық сақтау министрі, 2012–2013 жылдары – Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрі, 2013–2014 жылдары – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, 2014–2016 жылдары – Ұлттық экономика министрі, кейін Ұлттық банк төрағасы қызметтерін атқарды. 2022 жылдың қаңтарында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Ерболат Досаевтың Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай азаматтардың қатарына кірді. Оның Дубайда құны 300 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлкі бар. Отбасылық бизнесін жұбайы — Гүлнар Досаева басқарады, оның компаниялары жыл сайын жүздеген миллион теңге салық төлейді.

Кәсіпкердің Денсаулық сақтау министрі қызметіне қалай тағайындалғаны – әлі де көпшілік үшін қызық әрі түсініксіз. Ерболат Досаевқа Оңтүстік Қазақстанда орын алған ВИЧ жанжалы әлі күнге дейін есте. Ол кезде дәрігерлердің немқұрайлылығы салдарынан 100-ден астам адам, негізінен балалар, ВИЧ инфекциясын жұқтырған еді.

Ерболат Досаев – өз байлығын жасырмайтын шенеуніктер қатарында. Ол – 1990-жылдары достарымен бірге кәсіп бастап, табысқа жеткен, кейін мемлекеттік қызметке келген кәсіпкер. Оның мемлекеттік қызметтегі алғашқы кезеңі Оңтүстік Қазақстанда бір топ баланың ВИЧ инфекциясын жұқтыруымен байланысты даудан кейін күрт үзілді. Ол кезде Досаев Денсаулық сақтау министрлігін басқарған еді. Осы оқиғадан кейін ол қайтадан бизнеске оралып, біраз уақыттан соң мемлекеттік қызметке қайта бет бұрды.

Алматыға әкім болып келген кезде оның өңір басшылық етуден тәжірибесі жоқ еді. Ол бұл қызметке Қаңтар оқиғасы кезінде, Бақытжан Сағынтаевтан кейін келді.

Досаевтың Алматыда туып-өскені, білім алғаны және өмір сүргені қала тұрғындарымен байланыс орнатуға көмектесуі тиіс еді, бірақ бұл бағыттағы жетістігі күмәнді. Жаңа әкімнің басқару стилі — қатқыл әрі дөрекі жауаптары тұрғындардың наразылығын тудырды. Олар әкімнен қызметінен кетуін талап етті.

Дегенмен Досаев басқа өңір әкімдеріне қарағанда қала тұрғындарымен жиі жүздесіп, аумақтарды аралап жүретін шенеунік ретінде ерекшеленді.

Ерболат Досаев “Қаңтар оқиғасынан” кейін, жүздеген кәсіп иелері жөндеу жұмыстары мен қолдауға зәру сәтте Алматы әкімі болып тағайындалды.

2022 жылдың ақпанында Ерболат Досаев TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Мустафа Сани Шенермен кездесіп, Алматы әуежайының жаңа терминалын салу мәселесін талқылады. Қаңтар оқиғасы кезінде ескі терминал да қираған еді. Әуежай 2024 жылдың маусымында іске қосылды. Қаңтар кезінде зақымдалып, қайта жаңарған әуежай қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Халықаралық терминалдың дизайнын сынағандар аз болған жоқ. Көп ұзамай терминалдағы шыны қасбет шытынап кетті. 

Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранған Алматы әкімдігі де жөндеу жұмыстарын қажет етті. Ғимаратты қалыпқа келтіру жұмыстарына 17 миллиард теңге бөлінді.

Қаладағы басты алаңда орналасқан "Республика" бизнес-орталығында да жөндеу жұмыстары жүрді. Алайда ғимараттың бірінші қабаты әлі күнге дейін белгісіз себеппен жабық тұр.

Бұрынғы Президент резиденциясы орналасқан жерде алаң салынады деп жоспарланды. Қаңтар оқиғасынан кейін ғимараттың қирандылары бұзылып тасталды. Ал қала әкімдігі оны қалпына келтіру мүмкін емес екенін мәлім етті. Алайда алаң сол күй салынған жоқ.

Шенеунік қызметке тағайындала сала ең алдымен қаланың жұмыс қабілетін қалпына келтірумен айналысты.

Досаевтың кезіндегі Бас жоспар

2023 жылдың 22 мамырында Алматы қаласының жаңа Бас жоспары бекітілді. Оның алғашқы нұсқасы 2002 жылы әзірленген еді. Одан бері қала екі есеге ұлғайды. Жаңа құжат 2040 жылға дейін Алматыны нүктелік құрылыстан арылтуға, экологияны жақсартуға және жасыл аймақтардың санын көбейтуге бағытталған еді.

Досаев тұсында әзірленген Бас жоспар бойынша сейсмикалық қауіпі жоғары аймақтарда салынып жатқан ғимараттардың шектеу енгізілді. Атап айтқанда, тауға жақын аумақта және құрылыс нысандарын 9 қабаттан жоғары етіп салуға тыйым салды.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Нұрәли Әлиевтің компаниясынан жер сілкінісін алдын ала хабарлаудың жүйесін сатып алған. Алайда құны 1,1 миллиард теңге болатын жүйе жер сілкінісі болғаны түні "үнсіз" қалды.

Сондай-ақ Досаев тауға жақын аумақта құрылыс жүргізуге рұқсат бермегені үшін адамдардың наразылыған тап болғанын айтқан еді. 

Бас жоспарда “Алматы қаласы 2040 жылға дейін үш есе көбірек көгалдандырылған қалаға айналуы керек” деген талап ерекше атап өтілген. Шаһарда жаппай ағаштар, көшеттер отырғызылды. Бірақ отырғызылған өсімдіктердің өте аз бөлігі ғана жерсініп, қалғандары өнбей қалды. 2023 жылдың тамызында ағаш отырғызу бойынша жаңа ережелер қабылданды.

Алматылықтар үшін қашан да өзекті жолған жол мәселесі

Досаев мемлекет басшысына берген баяндамасында қалаынң 70 көшесінде 25 шақырым жаңа жол салынғанын, 200 шақырым жол орташа жөндеу жұмыстарынан өткенін айтты.

Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту жоспары аясында Құлжа тас жолының реконструкциясы, жолайырықтар, жаңа шығыс жолдары, жолдардың орташа жөндеуі, метроның екі станциясының ашылуы жүзеге асты (дегенмен техникалық тұрғыда негізгі жұмыстар Досаевқа дейін атқарылған еді). Мұның бәрі жаңа әкім жариялаған инфрақұрылымдық қайта жүктеудің бір бөлігі болды.

Алайда бұған қоса тұрғындар тарапынан наразылық та арта түсті — жөндеу жұмыстары көлік қозғалысына кедергі келтіріп, кептелістер көбейді, ал жарықтың өшуі сияқты мәселелер шешімін таппады.

Ал қала жолдарындағы бітпейтін жөндеу жұмысы мен жолдардың жабылуы туралы хабарламалар, жақсы жолдардың қайта қопарылыуы және жол жиегіне еш себепсіз орнатылған бордюрлер шаһар тұрғындарын мезі етті. 

Тұрғындардың бұл наразылыған Досаев былай жауап берген еді:

“Алматы жолдарында тек екі түрлі бордюр қолданылады. Біріншісі — цемент пен құмнан жасалып, престелетін бордюрлар. Олар 5 жылдан артыққа шыдамайды, себебі біз жолдарды қыста химиялық реагенттермен өңдейміз, арнайы техникамен тазалаймыз, көліктердің соғуы да әсер етеді. Екінші түрі — гранит бордюрлар, олардың қызмет ету мерзімі 10-15 жыл. Әл-Фараби даңғылында біз бастапқыда бордюрлардың 20-25 пайызын ауыстырамыз деп жоспарлағанбыз, бірақ шын мәнінде тек үш пайызын ғана ауыстырып жатырмыз", – деді ол өз жауабында.

Кептеліс “кетіп қалмады”

Бас жоспармен қатар 2030 жылға дейінгі көлік қаңқасының мастер-жоспары да бекітілді. Ол Алматыдағы көлік кептелісі мен зиянды газ шығарындыларын азайтып, қоғамдық көлікке толық басымдық беруді көздеді.

Кептеліс мәселесі шешілген жоқ. Қоғамдық көлік жаңартылғанымен, автобустар әлі де тұрақты жүрмейді. Мастер-жоспар аясында Ерболат Досаев LRT желісін және метроның екінші тармағын іске асыруды жариялады. Бұл желі "Жібек жолы" станциясынан басталып, әуежайға дейін жетуі тиіс еді. БАҚ беттерінде қытайлық инвесторлармен жасалған келісімшарттар туралы ақпараттар жиі жарияланып отырды, мемлекеттік сатып алулар сайтында метроның екінші желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) де пайда болды. Алайда қазіргі таңда бұл жобалардың немен аяқталатыны белгісіз

Әкімдік жыл сайын жаңа газбен жүретін автобустар мен электробустар сатып алып отырды, ал 2024 жылы троллейбус паркі толық жаңартылды. 2025 жылы Райымбек даңғылы бойындағы BRT жобасы мен Желтоксан көшесі арқылы өтетін қосалқы бағыт іске асырыла бастады.

Экология да әкімдіктің басты басымдықтарының біріне айналды. Көптен күткен жылу электр станцияларын газға көшіру жобалары басталды, жүздеген мың ағаш отырғызылды. Қаланың кейбір аудандарында биік ғимараттар салуға мораторий жарияланды (дегенмен, оны айналып өтуге мүмкіндік беретін жолдар қалдырылды).

Инфрақұрылымды жаңғырту аясында реновация бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама алғаш рет әкімдікке ескі үйлерді сатып алып, олардың орнына қалаға қажетті әлеуметтік нысандар — мектептер, балабақшалар салуға мүмкіндік берді. Бірнеше мектеп пен балабақша бой көтеріп, емханалар жаңғыртылды.

Шаһар әлі де түтінге тұншығып отыр. Қанша реформа жасалса да, қыс мезгілінде қаланы қайтадан сұр тұман басады. ЖЭО (жылу электр орталығы) әлі де көмірмен жұмыс істейді, жеке сектор да сол отынды қолданады.

Коммуналдық желілер әлі тозып жатыр. Апаттар, жарық пен су өшулері, құбырлардың жарылуы — алматылықтардың күнделікті тұрмысын қиындатты. Желілерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталды, алайда оның қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Алматыдағы су мәлесесі

Ерболат Досаев алматылықтар үшін су мәселесін қолға алды. Қалада тек тарифтер ғана емес, оларды есептеу тәсілдері де біртіндеп өзгертілді. Өз пәтері мен үйіне жаңа су есептегіш құрылғыларын орнатпаған тұрғындар енді көбірек төлейтін болды. Тарифтеу жүйесі күрделі болғанымен, суға бақылау орнату жұмыстары нәтиже бере бастады.

Сондай-ақ ол қаладағы нысандары сүру жұмыстарына білек сыбана кірісті. Жеке меншік құрылыстар, коммерциялық нысандар, заңсыз ұзаққа созылған құрылыс объектілері сүрілді. Қалалық әкімдік баспасөз қызметі әр кез есеп беріп отырды. Барлық заңсыз орнатылған нысандар: дүңгіршектер, киоскілер, жылжымалы тамақтану орындары және басқа да нысандар бұзылды.

“Егер меншік иелері реконструкциямен айналыспайтын болса, біз жаңа инвестор іздейміз немесе бұл міндетті қала өз мойнына алуы мүмкін, бірақ бұл қымбат жоба. Жазға дейін Алматы ипподромының болашағына қатысты қандай да бір нақты көрініс қалыптастыруға тырысамыз”, – деп Досаев алматылықтарға ипподромды қайтарып бермек болды. 

Алайда мұнысы болмады.

Тағайындалудан кейінгі наразылық

Досаев танымал блогер Асхат Ниязов “алматылық” болмағаны үшін журналиске сұхбат бермейтінін айтып, басы дауға қалған еді. 

“Сіз алматылық емессіз. Асхат, Алматыға көшіп, осында тұрыңыз. Сонда сізбен кездесемін”, – деген еді экс-әкім.

Ерболат Досаев тағайындала сала тұрғындардың наразылығына тап болды. Оның есеп беру кездесулеріндегі жауаптары тұрғындар мен журналистердің талай рет наразылығын туғызды. 

Қала халқы оның қызметінен кетуін талап етті. 25 мың адам Досаевтың лауазымнан кетуі туралы петицияға қол қойып “Досаев кет!” деген ұранмен митингке шықпақ болды. Алматы әкімдігі көп жағдайда қандай да бір митингілерге рұқсат бермеді. 8 мамырға арналған шерулерге Feminita.kz ұйымына үнемі тыйым салынды. Биыл қаңтар айында феминистерге бейбіт шеру өткізуге 15-рет тыйым салынды. Ал ұйым жетекшілері сот шешімімен айыппұлға тартылды. Бірақ 2022 жылы бұл шерулер өткізіліп жүрді.

Экс-әкім кезінде Алматыда екі рет 5 баллдық жер сілкінісі болды. Қаңтар мен наурыз айындағы жерасты дүмпулері алматылықтар алаңдтып қойды. Досаевтың жер сілкінісіне дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны қоғамда сынға ұшырады. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде халыққа жедел хабар беретін дабыл жүйесінің дұрыс жұмыс істемегені жұртшылықтың наразылығын тудырды. Бұл қала әкімдігінің төтенше жағдайларға дайындық деңгейінің төмендігін көрсетті.

Жер сілкінісін алдын ала хабарлайтын дабыл жүйесін орнатуға 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алайда 2024 жылғы 23 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде бұл жүйе жұмыс істемей, тұрғындарға дабыл қағылмады және SMS хабарламалар кешігіп жеткен. 

Бұл жағдай қоғамда үлкен сынға ұшырап, Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 14 қызметкер, оның ішінде министрліктің төрт басшысы және олардың бес орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жұбайы туралы

Ерболат Досаевтың Алматы қаласының әкімі қызметіндегі кезеңінде оның жұбайы Гүлнар Досаева халықаралық "Астана" қаржы орталығы (АХҚО) аумағында бірнеше бизнес тіркеген. Бұл компанияларда ол құрылтайшы ретінде көрсетілген. Негізгі активтердің бірі — алтын өндіруші "Жалтырбулак" АҚ, онда Гүлнар Досаева – ірі акционер. 

2025 жылдың наурыз айында АХҚО тізілімінде AZM Zhaltyrbulak Limited холдингтік компаниясының құрылғаны туралы ақпарат пайда болды, оның құрылтайшыларының қатарында Гүлнар Досаева да бар. Айта кетейік, АХҚО резиденттері белгілі бір салықтық жеңілдіктерге ие.

Бұған дейін, Ерболат Досаев Алматы әкімі болып тағайындалған соң, оның жұбайы "РТС ДЕКО" АҚ компаниясындағы үлесін сатқан. Бұл компания қаладағы сыртқы жарнаманы орналастырумен айналысады. Мәмілеге дейін Гүлнар Досаева компания акцияларының 15%-ына иелік еткен.

2024 жылдың қыркүйегінде Гүлнар Досаева Forbes Kazakhstan журналының Қазақстандағы ең ықпалды әйелдер рейтингінде 19-орынға ие болды. Іскерлік белсенділігінен бөлек, ол "Дара" қайырымдылық қорын да құрған.

Фото: Алматы әкімдігі

Досаевтың келесі лауазымы қандай?

23 мамыр күні Алматы әкімі ауысатыны белгілі болды. Досаевтың қандай лауазымға тағайындалатыны туралы түрлі болжамдар айтылып жатыр. Олардың бірі – Қазақстанның премьер-министрі. Алайда экс-әкім бұл сыбысты жоққа шығарды.

Айым Болатқызы
Сенбі, 24 Мамыр, 2025 16:48
Талқылау