Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының әуежайы мен полиция ғимаратына шабуыл жасаған азамат ұсталды

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде әуежай мен полиция ғимаратына шабуыл жасады деген күдікке ілінген азамат ұсталды. Бұл жөнінде көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекиев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

кантар окигасы 2022

Бекиевтің сөзінше, құқық бұзушыны Алматы әуежайында қаңтар оқиғасы кезіндегі қылмыстарды тергеп жатқан көліктегі полиция департаментінің тергеу-жедел тобының қызметкерлері қолға түсірген.

Департаменттің хабарлауынша, Жамбыл облысында туған күдіктінің жасы 24-те, Алматы қаласында тұрады.



"Күдікті 5 қаңтарда тәртіпсіздікке қатысқан өзге адамдармен бірге қару-жарақ дүкенінен қару ұрлап, Алматы әуежайына қарулы шабуыл жасаған. Кейін өзге қатысушылармен бірге қалалық полиция департаментіне барып, митингіге шыққандармен бірге таңғы сағат алтыға дейін ғимаратты қоршауда ұстаған. Кейін ұрланған қаруды белгісіз біреуге 40 мың теңгеге сатқан", - деді Оңал Бекиев.

Күдікті қамауға алынған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдарына байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайды.

"Қазір күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде", - деп қосты Бекиев.

Қаңтар оқиғасы

Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар.

25 наурыз күнгі мәлімет бойынша, Алматы соты осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған жеті адамға түрме жазасын берген, 80 адамның бостандығын шектеген. Жалпы Алматы сотына 190 адам тартылып, 126 қылмыстық іс түскен.

Талқылау