Қаңғыбас ит Эльбрус шыңын бағындырды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Қаңғыбас ит Эльбрус шыңына өздігінен шыққан. Ал оны туристер гид-нұсқаушымен бірге Ресейдің ең биік нүктесінде видеоға түсіріп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған оқиға жайлы 17 жыл бойы альпинист, 2020 жылдан бері гид болып жұмыс істеп жүрген Станислав Леманов айтты. Сондай-ақ ол иттің экстремалды биіктікте қалай уақыт өткізгені түсірілген видеоны да бөлісті
"Ит бізбен бірге кешкі сағат 9:00-де тау басындағы панажайдан шықты. Түні бойы жүріп, таңғы 8:30-да Эльбрустың батыс шыңына көтерілді. Ешқандай қолайсыздық сезінген жоқ, 5600 метр биіктікте жазықтағыдай еркін жүгіріп жүрді", – деп жазды ол.
Дегенмен, Эльбрус шыңын алғаш бағындырған ит бұл емес. Бұған дейін де арнайы дайындықтан өткен құтқарушы иттер шыңға шыққан. 2016 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі кинологиялық қызметінің қызметкерлері Тимур Бифов пен Расул Малкандуев лабрадор тұқымды Оскар мен Буран атты иттерімен бірге Эльбрустың биігіне көтерілген еді.
Эльбрус – Ресей мен Еуропадағы ең биік тау. Оның батыс шыңы 5642 метрге жетеді. Әдетте альпинистер акклиматизацияны қоса есептегенде жеті күнге дейін уақыт жұмсайды. Ал соңғы көтеріліс орта есеппен 8–12 сағатқа созылады.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
