"Қанға қан, жанға жан...": Қазақстандық қыздар Бишімбаевтың ісі әділ өтпесе қандай қадамға баратынын ашық айтты
Әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың алғашқы сот отырысынан кейін бұл оқиға қоғамда тағы да қызу талқыға түсті. Тіпті атышулы экс-министрдің адвокаттары жазаны жеңілдетуді сұраған сәтте белсенді қыз-келіншектер одан бетер ашуланған. Дәл осы даулы тақырып төңірегінде белгілі заңгер әрі феминист Айгерім Құсайынқызы ашық сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл іс елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Судья — Айжан Құлбаева. Соттың ақпаратында айтылғандай, күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр. Алайда күдікті Бишімбаев өзіне тағылған бұл айыппен келіспейтінін, мойындамайтынын айтқан еді. Ал экс-министрдің адвокаты қылмыстық баптан "аса қатігездікпен өлтірді" дегенді алып тастап, "абайсызда өлтіріп алу" бабына ауыстыру керегін айтқаны қоғамның қытығына тиген.
"Жалпы екі апта бұрын Қуандық Бишімбаевтың екі адвокаты сұхбат бергенде-ақ негізі жағдай түсінікті болған. Яғни жаппай Қуандық Бишімбаевтың портретін ақтау бойынша, оны кінәлі емес деп көрсету бойынша бір құйтырқы әрекеттер қабылданды. Ең қорқыныштысы, менің жағамды ұстатқан жағдай – ҚР ҚК 104-бапқа ауыстыруды сұрау. 104-бап – абайсызда қазаға ұшырату деп аталады. Ол жерде бас бостандығынан үш жылға дейін ғана айыру жазасы күтіп тұр. Қатыгездікпен адамды өлтіргеннен кейін адвокаттардың үш жылға дейінгі жазаны сұрауы және Бишімбаевтың өз кінәсін мойындамауы оның қандай адам екенін көрсетеді. Біздің қатыгездікке қаншалықты етіміз үйреніп кеткенін, Қазақстандағы әйелдердің өмірі бағалы емес екенін, еркек кез келген жағдайда Қазақстанда әйелді жауыздықпен өлтіріп қойып, сотта мойындамай үш жылды талап етуі біздің елде әйел құқығы еркек құқығымен тең деңгейде емес екенін тағы да бізге бір дәлелдеп берді", – дейді Айгерім Құсайынқызы.
Заңгердің айтуынша, дәл қазір Қазақстандағы феминистер Бишімбаевтың ісін жіті назарда ұстап, әр қадамын аңдап отыр. Егер әділ шешім шықпаса, белсенді қыз-келіншектер ел күтпеген әрекетке бармақ ниетте.
"Ол – қандықол қылмыскер. 99-бапты барлығымыз талап етуіміз керек. Тіпті феминист қыздар айтып жатыр, "егер Қуандық Бишімбаев 104-баппен үш жылға сотталатын болса, біз рұқсат етілмеген митингке шығамыз. Біз әділдікті талап етеміз. Қазақстан аздық етсе, біз Женеваға, Нью-Йоркке барамыз" деп бекініп, тәуекелге дайын отырған феминистер жетеді. Егер біздің құқықтық жүйе 99-баппен жазаға тартпайтын болса, онда өте қауіпті реакция болады және ол реакция заңның шеңберінде болмайды. Бірден соны айта аламын. Қуандық Бишімбаевтың ісінен біз қылмыстың барлық түрін көріп тұрмыз. Эмоционалды, физикалық, сексуалдық, бопсалау, қорқыту, қинап өлтіру, тіпті дәретханаға кірген кезде есікті бұзып ашу, оның барлығы Бишімбаевтың психологиялық жай-күйінің дұрыс емес екенін және қаншалықты қатыгез адам екенін көрсетеді. Меніңше, қатыгез адамға ХХІ ғасырда "қанға қан, жанға жан" деген заңмен өмір сүрмейміз. Барлығына заң, құқық үстемдік етеді. Шешу керек, біздің қоғам Бишімбаевтың ісін 99-баптан 104-бапқа ауыстыруына көнбеу керек", – дейді қазақстандық феминист.
Сонымен қатар заңгер бұл сұхбатында марқұм Салтанат Нүкенованы кінәлап, оған жағымсыз пікірлерді бағыттағандарға жауап берді.
"Мен мұндайды жығылған жұдырық немесе жәбірленушіні жазалау деп түсінемін. Салтанат өліп кетті, Салтанат өмірінің соңғы минутында не сезінгенін, қорыққанын, яғни оның эмоциясын біз білмейміз. Оны ешкім айта алмайды. Сол үшін де оның артынан қара күйе жағатындар, өзі кінәлі дейтіндер табылады және ол өте оңай әрекет. Бірақ біз Салтанатты кінәлай отырып, біз екінші жағынан Қуандық Бишімбаевты ақтап тұрғанымызды түсінуіміз керек. Біз жәбірленушіні қолдауға тырысуымыз керек. Өлген адамға одан сайын жығылғанға жұдырық көрсетпеу керек. Сондай-ақ бұл оқиға Қазақстандағы 10 миллион қыздың болашаққа күмәнмен қарауына, дабыл қағуына себеп болды. Яғни менің ертең Салтанаттың орнында болмайтыныма кім кепілдік береді? Мемлекет пе, заң ба, жолдасым ба, күйеуім бе, әкем бе? Кім? Ешкім! Сол үшін біз бұл жағдайды айтамыз, күресеміз", – деді белсенді.
Айта кетейік Бишімбаев соттың ашық түрде, БАҚ өкілдері және алқабилердің қатысуымен өтуін сұраған еді. Ал Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істің екінші күнінде судья экс-министрдің бұл өтінішін қанағаттандыру қажет деп санаған және аталған іс бойынша негізгі сот отырысы алқабилердің қатысуымен 27 наурызда өтеді деп жоспарланып отыр.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.