"Қалтамыз көтермейді": Алматылық тұрғындар дәрі-дәрмек бағасының қымбаттап бара жатқанын айтады
Елімізде 2 жарым мыңға жуық дәрі-дәрмек бағасы еркін айналымға жіберілуі мүмкін. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген препараттардың шекті сомасы бекітілген бағадан асып кетсе, дәрілік заттарды жеткізуге, оны саудалауға тыйым салынады. Қазір Бәскелестікті қорғау агенттігі министрлікпен бірге бұл мәселені пысықтап жатырмыз дейді. Ал қарапайым халық, дәріханалардағы қазіргі бағаның өзі қалтамызды қағып барады деп жиі шағымданады. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрі-дәрмектің бағасы екі есе қымбаттап кетті деген алматылық тұрғындар басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса да, дәрігердің тағайындаған дәрілерін толық алмай, өз бетімізше ептеп емделіп жүрміз дейді. Дәріханадағы өскен бағаны көріп-ақ, қан қысымымыз көтеріліп шығады деген көпшілік, тағы қымбаттаса қалтамыз мүлдем көтермейді деген шағымын айтады.
Еліміздегі дәрілердің 88%-ы шетелден келеді, тек 12% өнім өзімізде өндіріледі. Енді бағасы еркін айналымға жіберілуі мүмкін 2 жарым мың препараттың құны қалай болатынын жауапты мекемелер кесіп айта алмайды.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі қазіргі қолданыстағы дәрілердің бағасы мемлекеттік реттеу механизмі арқылы жүргізілетіндіктен, бұл фармацевтика нарығының дамуын тежеп деп отыр дейді. Оған қоса, отандық өндірушілерге жаңа инновациялық дәрілерді енгізуге мүмкіндік бермейтінін айтады. Өйткені мемлекет бекіткен шекті мөлшерден қымбатқа түсетін дәрілерге сұраныс болса да, рұқсат болмаған соң дәріханаларға жеткізілмейді.
- Қазақстандықтар іші бос дәрі капсулаларына шағымданды: Компания өкілі жауап берді
- Қазақстанға парацетамолдың 700 мың қаптамасы жеткізілді
"Мемлекеттік реттеудің өз кемшіліктері бар. Нақтырақ айтсақ, бағаны қоюда ашықтық болмайды, дәрілік заттар тізбегі азаяды. Қазір қайта реттеуге үш кезең бойынша көшу талқыланып жатыр. Алдымен, рецептісіз дәрі-дәрмектер, гомеопатиялық, диеталық қоспалар, дәрумендер бойынша қарастырылады. Олардың барлығы да биржадан тыс және еркін сатылымда. Екінші кезеңде – рецепт бойынша дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер. Одан кейін мемлекеттік реттеуде қалатындарды қоспағанда, қалған препараттар", – дейді ҚР қаржы нарықтары және басқа салалар басқармасының бас кеңесшісі Светлана Карпова.
Ал әзірге медициналық тегін көмектің және әлеуметтік сақтандырудың шеңберінде онкологиялық науқастар, орфандық аурулар, коронавирус инфекцияларын емдеуге арналған дәрілер мемлекеттің реттеуінде қала берді.
Айта кету керек, бүгінде елімізде 7 жарым мыңға жуық дәрілік зат тіркелген. Қазір 7 мың 23 түрлі препараттың бағасы бекітіліпті. Ал тұрғындар дәрінің шекті бағасы туралы ақпаратты "DariKZ" мобильді қосымша арқылы біле алады. Алған дәрініңіз бекітілген бағадан қымбат болса, фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымдана аласыз.