Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйлеріңіздің түрі анау": Әкімдіктен коттедж алған 8 баланың анасы аштық жариялады

Талдықорғанда 16 жыл пәтер кезегінде тұрып, жақында ғана әкімдіктен коттедж алған сегіз баланың анасы аштық жариялауға бел буыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz бағдарламасына сілтеме жасап. 

Айнагүл Тоқманбетова облыс әкімдігін 15 күн бұрын сапасыз баспана берді деп сынға алып отыр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев аштық жариялаймын деген көпбалалы ананы сабырға шақырып, мәселесін сабырмен қарауды ұсынды. Бірақ, ашуға булыққан ана сыбайластықпен күресетін департамент қызметкері мен прокурорлардың келуін талап етіп, біраз тұрды. Соңында, әкімдік ғимаратына кіріп, ашуының себебін түсіндірді. 

«Салып берген үйлеріңіздің түрі анау. Қазір қабырғасы бұзылып жатыр. Рахмет. Сапасы мүлдем жоқ. Қыста қалай болатын бір Құдай біледі», - дейді Айнагүл Тоқманбетова өзінің жағдайын әкімшілікке түсіндіріп.

Аштық жариялаған әйел баспанасының сырты көзге әдемі көрінгенімен, ішкі жобасы мүлдем нашар деп ашулы.

«Тоқсан шаршы метр деген тек аты болмаса, ас бөлмесі даңғарадай, ал жатын бөлмесі қуықтай», - дейді ол.

Үйдің сыртқы жамылғысы да түсіп жатқандығын естен шығармады. 
Сегіз баланың анасы жылыту маусымы басталса, оның үйі әлі де жылу жүйесіне қосылмағанына наразы. Бірақ бұл мәселені шенеуніктер бірден шешіп, көпбалалы ананың үйі ертең жылуға қосылады деп уәде берді.

«Үй бермесе, үй алмадық деп, үй берілсе өздеріңіз байқап отырғандай, тағы ренжиді. Ашуланып, өз мінезімізді көрсетсек үкімет бізге қарсы тұрмайды, біздің айтқанымызды істей салады деп ойлайды олар», - деді Талдырқорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.

Ал бұл коттеджден бас тартқысы келген Айнагүлге әкімдік басқа үй берілмейтінін кесіп айтты. Үйдегі ақаулықтардың бәрі жөнделеді, деді шенеуніктер. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 22 Қазан, 2019 12:16
Талқылау