Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Керемет қадірін білді" деп айта алмаймын": Мақпал Жүнісова "Дос-Мұқасан" ансамблінің әншісі марқұм Ақжол Мейірбековтің жаназасында сөз сөйледі

Күні кеше атақты әнші, аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблінің солисі Ақжол Мейірбековтің жаназасы мен жерлеу рәсімі Алматыда өтті. Ол 25 қараша күні 73 жасында өмірден озған еді. Өнер иесі жайлы қаралы хабар бірден әлеуметтік желіге тарағанда халық та, жақын достары да таңырқап қалған. Өйткені марқұм өзінің ауыр дерті туралы ешкімге айтпауды өтінген екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Ақжол Мейірбеков 1950 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Еңбек жолына тоқталсақ, ол алғашында 1978 жылы "Дос-Мұқасан" ансамблінің құрамына қабылданып, әйгілі ұжымда 1985 жылға дейін өнер көрсеткен.

  • 1979 жылдан Қазақконцерт өнер бірлестігінің құрамында қызмет еткен.
  • 1985–1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының "Арқас", "Сазген", "Адырна" ансамбльдерінде ән салды.
  • 1994–1996 жылдары "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болды.
  • 2001 жылы "Ақжол" ән-театрын құрды.
  • Арағы жылдар салып музыкант 2010 жылы қайтадан "Дос-Мұқасан" ұжымына оралып, осы күнге дейін ансамблдің солисі болды.

"Дос-Мұқасан" ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі "Той жыры" әнінің авторы, ақын Ұлықпан Сыдықов Ақжол Мейірбековтің жерлеу рәсімінен кейін марқұм туралы естелігін айтты. 

"Ақжол сонау 70 жылдардың басында Ташкенттен "Айгөлек" әнін айтып, бүкіл жұртты өзіне қаратып, жас күнінде келіп еді. 1978 жылдан бастап біздің "Дос-Мұқасан" ансамблінде ән салып, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Тек қазақ әндерін және ұлттық әндерді нақышына келтіріп, заман ырғағына келтіріп айтатын. Мінезі өте байыпты, рухани жан-дүниесі өте терең, жан-жақты, өте мейірбан еді. Алла жолын құрмет тұтқан, қажыға барған, қолынан таспих түспейтін. Сөйтіп жүріп кеудесін ұрмайтын, мен мұндаламайтын. Қарапайым, үлкенді де, кішіні де бір кісідей сыйлайтын, бір адамға қарап қабағын түйіп сөйлемейтін. Бүкіл мінезі мен болмысы өнермен ұштасқан керемет азамат еді. Тағдырдың жазуына шара жоқ. Осы қатты ауырып жүргеннің өзінде сездірмей, соңғы бір-екі аптада ғана амалсыздан білуге тура келді. "Артында бар оңалар" дейді, оны құрметтейтін біздер, яғни достары бар, туыстары қалды. Ол мәңгі жасай береді. Қазақ халқы өсіп-өркендейтін болса, мына аумалы-төкпелі қиын заманда ұлттық рухты асқақтату керек. Ұлттық әнін шырқау керек. Осы Ақжолдардан қалған дәстүрді жалғастыру керек", – дейді Ұлықпан Сыдықов.

Ақжол Мейірбековті соңғы сапарға шығарып салуға келген өнер майталмандарының арасында Мақпал Жүнісова да бар. Халық әртісі марқұммен өмірде ерекше сыйласып, тіпті құда болған екен.  

"Ақжол Мейірбеков ағамыз туралы мен көп нәрсе айта аламын. Өйткені ол кісі еңбегі сіңген, мына қазақ өнеріне, қазақ әніне деген еңбектері өте көп. Бұрын Кеңес одағының кезінде Мәскеу жақтағы конкурстарға қатысып, лауреат атағын да алған. Бірақ оның бәрі ұмытылып, бізде көп айтылмайды ғой. Бұл кісі тек өнерде жүрген жоқ, "Гүлдер" ансамблінің директоры ретінде қызмет жасады. Филармонияда еңбек етті. Жалпы, адам ретінде ол кісі туралы тіпті көп айтуға болады. Жеңгеміз өзбек ұлтынан болғаннан кейін бе, Ақжол ағаның мінезі өте жұмсақ еді. Қазақтың жігіттері сияқты емес, бір іші-бауырыңа кіріп сөйлеген сөзі де жұмсақ. Алдыңнан жүгіріп шығып, үлкен басын иіп, сәлем беріп кететін кездерді де талай көрдім. Үлкенмен үлкен, кішімен кіші болатын. Жалпы, өте дарынды, үлкен жүректі, ешқашан ешкімге жүгін салып көрмеген азамат. Өз еңбегімен, еңбекқорлығымен талай жерге өзін Ақжол Мейірбеков екенін дәлелдеді", – дейді Халық әртісі. 

Мақпал Жүнісованың айтуынша, Ақжол Мейірбеков өнер жолында талай жыл тынбай тер төккенімен, мемлекет әншінің қадірін біле қоймаса керек. Марқұм көзі тірісінде биліктен атақ сұрап, марапатқа қатты қызықпапты.

"Керемет қадірін білді" деп айта алмаймын. Бірақ ол кісі ешқашан "Маған неге атақ берілмей жатыр, мені неге марапаттамай жатыр?" деген әңгіме айтпайтын. Ол кісінің мәдениеті басқаша болатын. Қаншама еңбек етсе де, ол өзінің өнерін бұлдаған жоқ. Мен сол үшін ол кісіні құрметтедім. Менің білуім бойынша, ол кісінің алған атағы сол "Құрмет" ордені ғой деймін. "Еңбек сіңірген қайраткер" атағын алды. Бірақ баяғыда алып кеткен. Сол күйі қалды. "Құрмет" орденін бізде кім алмай жатыр? Оны енді өздеріңіз білесіздер. Менің өзім "Құрмет" орденін екі жыл бұрын ғана алдым", – дейді Мақпал Жүнісова. 

“Дос-Мұқасан” ансамблінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Ақжол Мейірбековтің ұзаққа созылған ауыр сырқаттан қайтыс болғаны айтылған. Өнердегі достарының сөзіне сенсек, марқұм өзінің дерті туралы өмірінің соңына дейін ешкімге айтпауды өтінген екен. 

"Өте қиын жағдай болды. Сырқаттанғанына екі жылдай болыпты, бірақ мен үшін қайтыс болғаны жайлы хабар ашық аспаннан жай түскендей болды. Өйткені ол қасында жүрген жігіттердің бәріне "Менің ауырып жүргенімді ешкімге білдірмеңіздер" деп айтыпты. Былай көрген кезде жүзі жарқын, соңғы уақытқа дейін сахнаға шығып жүр, концерт беріп жүр. Ол өзінің қиындығын ешкімге көрсетпей, сондай батырлық көрсетті. Мен бүкіл қазақ халқына көңіл айтқым келеді. Біздің қазақ эстрадасында Ақжолдың орны бөлек. Оның орнын басу қиын болады", – дейді "Дос-Мұқасан" ансамблінің бұрынғы мүшесі Мейірбек Молдабеков.

Марқұм Ақжол Мейірбековтің жерлеу рәсімінен кейінгі құран бағыштау асына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев арнайы келген. Ол президент Тоқаевтың марқұмның отбасына көңіл айту хатын оқып берді. 

"Ақжол Мейірбеков мәдениет мен руханият саласының алға басуына айрықша еңбек сіңірді. Ерекше әндерін халық сүйіп тыңдайтын өнер иесі, атақты "Дос-Мұқасан", "Гүлдер" ансамблінің өркендеуіне бар күш-қайратын жұмсады. Марқұмның имана саламат, жаны жәннатта болсын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 25 қараша, 2023 жыл", – деді Алматы қаласының әкімі.

Ақжол Мейірбеков көптеген шетелдер мен Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында гастрольдік сапарлармен болған. Ол "Дос-Мұқасан" ансамблінің құрамында жүріп, "Назқоңыр”, “Ахау бикем”, “Он алты қыз”, “Сұлу қыз”, “Құдаша”, “Ауылың сенің іргелі” халық композиторларының (Естай, Ақан сері, Мариям Жагорқызы, т.б.) әндері және қазіргі қазақ композиторларының әндерін орындады. 
Сондай-ақ Ақжол Мейірбеков 1972 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық "Алло, біз таланттарды іздейміз" атты ән байқауында халық әні "Айгөлек" әнімен гран-при жүлдесін ұтып алып, атағы аспандаған сәтті замандастары әлі жақсы біледі. Бұл жайында отбасылық дуэт – Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер айтты. 

"Біз Ақжол ағамен 40 жылдың көлемінде таныспыз. Ол кісі "Алло, біз таланттарды іздейміз" атты ән байқаудан кейін осы Алматыға "Айгөлек" атты халық әнін орындап келді. Содан бастан осы Ақжол ағамен бірге үлкен сахналарда, гастрольдерде бірге жүрдік. Өте ақжарқын адам еді. Соңғы бір жылдың көлемінде бұл кісінің кішкене сырқаттанып жүргенін еститінмін. Бірақ бұл кісі өте шыдамды, ерік-жігері өте мықты адам ғой. Бірақ сұм ажал бір ағамызды, қазақ эстрадасының бір жұлдызын алып кетті. Амал нешік, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанат Құдайбергенов. 

Айта кетейік, әнші Ақжол Мейірбековтің артында жары Шарипа ханым, балалары – Луиза, Сұлтан, Тимур және бірнеше немересі мен шөбересі қалды.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау