Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қабырғасы қақырап, төбесі опырылған: Таразда миллиардқа салынып қайта қираған музейге тағы қаржы бөлінеді

Таразда сегіз жыл бұрын миллиардқа салынған "Көне Тараз" археологиялық саябағына тағы қаржы бөлінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KTK арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қоғам белсенділері ашылуынан жабылуы тез болған нысанның құрылысына жауаптылар жазасыз қалмауы керек деп отыр. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланған тұста ашылған "Көне Тараз" археологиялық музейіне сол маңдағы тарихи қалашықтан табылған төрт мыңға жуық жәдігер қойылуы тиіс болған. Алайда ғимарат аз уақытта жарамсыз деп танылған. Құрылысы сапасыз болғандықтан, мекемені "музей қорығы" қарамағына алудан бас тартқан.

2015 жылы ашылған музейде жарық пен жылу жоқ. Бірнеше бөлменің қабырғасы қақырап, төбесі опырылған. Жертөледегі құбыр жарылып, жартысын су жайлаған. Сау тамтығы қалмаған музейдің қабырғалары көгеріп, құбырлары жарылып, жертөлесін су басып кеткен. Сол себепті миллиондар жұмсалған нысанда бірде-бір көне жәдігер жоқ.

"Бірнеше ай өткеннен кейін музей ғимаратының құрылысы жарамсыз болып қалған. Біз ол жердегі қордағы жәдігерлерді алып тастап, қазір өзіміздің музейдің қорында сақтап қойдық" - деді "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы Ұлжалғас Шайысхан

Ал экс-мәжілісмен Мейрамбек Төлепберген қирап тұрған кешенді қайта жаңғырта салу жеткіліксіз дейді. Шарапаты тимеген нысанға немқұрайлы қараған жауаптылар жазалансын деп отыр.

"2015 жылдың алғашқы бір аптасы болмаса, қалған бірде бір күн жұмыс істемеген. Бұл мемлекеттің ақшасы. Бұл қазынаның қаржысы. Халықтың салығынан жиналған ақшаға осындай ту-талапайға салудың ешқандай реті жоқ. Халық игілігіне жұмсалмай отырған осы ғимараттың себеп-салдарын толық зерттеп, кінәлілерді толық жазалау керек деп есептеймін. Сегіз жыл бойы қозғалмаған құрылыс басқармасы бұл істі алдағы айда бір жақты етеміз деп бекініп отыр. Күрделі жөндеу жүргізуге нақты қанша қаржы қажеттігін есептеп жатыр екен" - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген. 

Жамбыл облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұржігіт Мұратов ғимаратты қалыпқа келтіру үшін бөлінетін қаржы бағасы алдағы уақытта белгіленетінін жеткізді. 

"Бұл ғимарат біздің құрылыс басқармасының теңгерімінде. Алдын ала бағасы шамамен 320 миллиондай болып тұр. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін нақты бағасы белгілі болады" - деді Жамбыл облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұржігіт Мұратов.

Басқарманың бас ауруына айналған мәселе биыл бітпейді. Бұны бөлім басшысының өзі кесіп айтты. Облыс бюджетінен қаражат бөлінсе, жөндеу жұмысы тек келесі жылы басталады.

Талқылау