Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранмен шиеленістің артуына байланысты Израильде GPS бұғаттала бастады

Иранмен соғыс одан әрі шиеленіссе, Израильдің үлкен бөлігі зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтардың спутниктік навигациясын бұзу үшін GPS-ті бұғаттамақ ойы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі bbc.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: REUTERS

Иран дүйсенбі күні Сириядағы консулдығына жасалған шабуылға жауап беруге уәде берді. Атыс кезінде 13 адам қаза тапты, оның ішінде Ислам революциясы сақшылар корпусының ықпалды генералы Мохаммад Реза Захеди де бар. Бұл соққыны Израиль жасады деген болжам айтылғанымен, ел билігі бұл туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Израильдің қоғаныс күштері елдегі жауынгерлік бөлімдер мен бөлімшелердің барлық әскери қызметкеріне демалыс беруді тоқтатты. 

Бұдан бір күн бұрын елде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің резервшілері шақырылды.
Израиль билігі осы жұмада ирандықтардың шабуыл жасауы мүмкін деп санайды. Бұл дата Құдс күнімен (Иерусалимнің арабша атауы) және Рамазан айының соңғы жұмасына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл күні, әсіресе, Иранда Палестинаны қолдайтын және Израильге қарсы шерулер жиі өткізіледі.

4 сәуірде Израильдің орталығында GPS жүйесіне бұғаттау жұмыстары кезең-кезіңемен басталып кетті. Мұны Газа секторындағы ұрыс аймағынан алыс орналасқан Тель-Авив пен Иерусалимді қоса алғанда, ірі қалалардың тұрғындары да байқады. Геолокацияға тәуелді қолданбалар істен шықты.



Осылайша, Иерусалимде болуы керек BBC продюсерінің телефонында мекенжай Каирді көрсеткен. GPSJAM бақылау қызметі бүкіл Израильде кең таралған GPS жүйесіндегі ақауларды анықтайды.

Цахал өкілі, контр-адмирал Даниэл Хагари елде "спуфинг" желілік қауіпсіздік шарасы, яғни мекенжайды ауыстыру әрекеті жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мысалы, мұндай технология ресейлік Кремльдің төңірегінде жиі тәжірибеден өткізілген.

Израильде кейінгі алты айда Ливанмен солтүстік шекарасында ираншыл шииттердің қаруланған қозғалысы Хизболламен қиянкескі соғыс жүріп жатыр.

Times of Israel басылымының хабарлауынша, израильдіктер зымыран мен әуе шабуылдары туралы ескертулердің дұрыс істеуі үшін мобильді құрылғыларға мекенжайын қолмен орнатуға кеңес беріледі. Сонымен бірге Цахал израильдіктерді дүрбелеңге салынбай, сабыр сақтауға шақырды. 

"Генераторларды сатып алудың, азық-түлік жинаудың немесе банкоматтардан ақша алудың қажеті жоқ", – деп жазды Хагари X желісінде.

Еске салайық, таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесі қасиетті Рамазан айында Газаға "тез арада атысты тоқтатуды" талап ететін қарар қабылдағаны туралы жаздық. 25 наурызда қабылданған құжат кепілге алынғандарды босатуды және Газаға көмекті көбейтуді талап етеді. Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесінің 14-і қарарды қолдады, АҚШ дауыс беруден қалыс қалды.

Талқылау