Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иван Дычко Канело – Кроуфорд кешінде жекпе-жек өткізеді

Фото: instagram.com/ivandychko

Аса ауыр салмақтағы қазақ боксшысы Иван Дычко (15-0, 14 КО) әлемдік деңгейдегі ауқымды бокс кешінде өнер көрсетпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

UFC басшысы Дана Уайт оның Канело – Кроуфорд турнирінің кардында шығатынын растады. Жекпе-жек 13 қыркүйекте Лас-Вегастағы 65 мың орындық Allegiant Stadium аренасында өтеді.

Фото: скрин moboxingnoproblem

35 жастағы Дычко – 2012 және 2016 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионатының жүлдегері, екі рет Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Ол кәсіби рингке шыққанына сегіз жыл болғанымен, алғаш рет осындай үлкен шоудың аясында жұдырықтасқалы отыр. Қазақстандық боксшы 10 раундтық айқаста америкалық Джермейн Франклинмен (23-2, 15 КО) кездеседі.

Франклин бұған дейін британиялық жұлдыздармен кездесу өткізген. 2022 жылы ол Диллиан Уайтпен толық 12 раунд жұдырықтасса, артынша екі мәрте Усиктен жеңіліп қалған Энтони Джошуамен айқасты. Екі кездесу де Лондонда басты бокс кешінің шымылдығын жапқан болатын.

Айта кетейік, кештің негізгі жекпе-жегі Сауль "Канело" Альварес пен Теренс Кроуфорд арасында өтеді. Бұл шоу Netflix арқылы көрсетіліп, Сауд Арабиясы мен Дана Уайттың бірлескен жобасы ретінде ұйымдастырылмақ.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 14:01
Талқылау