Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді

күйеуі өлтірген

Фото: Жақындарының жеке архиві

Атырауда ер адам жанжал кезінде 39 жастағы әйелін ұрып өлтірді деп күдікке ілінді. Салдарынан 2 кішкентай қыз анасыз қалды. Stan.kz тілшісі марқұм әйелдің бөлесімен тілдесіп, жағдайды анықтады. 

Желіде Майра Садуақас оның бөлесін күйеуі ұрып өлтіргенін айтып, әділдікті талап етті. Сөзінше, оқиға 19 тамыз кешке болған. 

Марқұм Ләззат Тасқынбаева күйеуі Тимурмен 14 жыл некеде болған. Ерлі-зайыптының 6 сынып және 2 сынып оқитын қыздары бар. Ер адам қыздарының көзінше әйелін соққыға жыққан көрінеді. Қазір қыздар интернатта екен. 

“Күйеуі Тимур жиі ішімдік ішіп, Ләззатты жүйелі түрде ұрып-соғатын. Ол шыдап үндемейтін, ешқашан шағымданбаған. Оны біз құрбыларынан енді естіп жатырмыз. Өте қызғаншақ болды. Тіпті Ләззат соңғы үш жылда жұмыс істей алмады, өмірін толықтай отбасына арнады. “Балаларымның әкесі” деп Тимурды қатты құрметтеді. Оған ұл туып беруді армандап кетті”, – деді марқұмның бөлесі Майра Садуақас.

Майра Садуақас күдіктінің лайық жаза алғанын және оқиғаның тыныш қалмауын сұрайды.

“Біз демократиялық, зайырлы елде тұрамыз. Бірақ неге әйелге өз үйінде де қауіпсіз емес? Неліктен "ұят" сөзі бізді әлі күнге дейін зорлық-зомбылық туралы үнсіз қалуға мәжбүр етеді? Неліктен әйелдің өмірі құнсыз? Енді Ләззаттың інісі шу шырғамай, посттарды алып тастауымды өтініп отыр. Мен оның отбасын құрметтеймін, олардың қайғысы мен күйзелісін түсінемін. Бірақ бұл істі тыныш қалдырмаймын. Осы постқа дейін полиция қылмыс туралы мойындамай, жоққа шығарды. Содан кейін растады. "Ұят" деп үндемеу – отбасын қорғау емес. Бұл – адам өлтіретін тыныштық”, – деді марқұмның жақыны.

Ол сондай-ақ істің Қылмыстық кодекстің 99-бабы яғни “Адам өлтіру” деп қозғалмағанына наразы.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға пікір білдірді.

“Бұл факті бойынша "Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кешенді тергеу амалдары басталды”, – деп мәлімдеді ПД.

Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағы "Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 12:16
Талқылау